7.07.2016, 12:13
Қараулар: 427
Жеке сот орындаушысы қызметі

Жеке сот орындаушысы қызметі

???????????????????????????????Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнiндегi «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 27 қадамында жеке сот орындаушыларының институтын одан әрі дамыту және сот орындаушыларының мемлекеттік қызметі туралы айтыған. Бүгінде кеңінен қанат жайған жеке сот орындаушысына қатысты сауалдарды аудандық Әділет басқармасының басшысы Нұрлы Қайыржановаға қойған болатынбыз.

 

– Нұрлы Қайыржанқызы, жеке сот орындаушысы кім және қалай бола алады?

–  Жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және Республикалық палатаға кірген Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысы бола алады.

Қазақстан Республикасының  заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, өзіне жеке сот орындаушысы өкілеттіктері берілгенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған болса, бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған,  заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар, мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын және мерзімдік өндіріп алу бойынша кемінде үш ай берешегі бар адамды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын, наркологиялық және психиатриялық ұйымдарда есепте тұрған; жеке сот орындаушысының лицензиясынан айрылған адам жеке сот орындаушысы болуға құқығы жоқ.

Жеке сот орындаушысының тағылымдамадан өту тәртібін  жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталары  айқындайды.

Жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін өзінің атынан және өзінің жауаптылығымен атқарады. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасына салық салу Қазақстан Республикасының   салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

–  Оларға лицензия қалай беріледі?

–  Жеке сот орындаушысының лицензиясы атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану жөніндегі қызметпен айналысу құқығына берілген рұқсат болып табылады және оны уәкілетті орган тағылымдама мен аттестаттаудан өткеннен кейін  береді. Уәкілетті орган Жеке сот орындаушылары лицензияларының мемлекеттік тізілімін жүргізеді.

Жеке сот орындаушысы лицензиясын алуға қажетті құжаттардың тізбесі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалады. Жеке сот орындаушысының лицензиясын беру мерзімі мен тәртібі Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.

Лицензия беру үшін алым алынады, оның мөлшері мен төлеу тәртібі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалады.

Жеке сот орындаушысы лицензиясы мерзімі шектелмей берілетін бас лицензия болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

Сонымен қатар  судьялар, өз міндеттерін орындау кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшін судья лауазымынан босатылған судьяларды қоспағанда, судья болып жұмыс істеген адамдар, судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, теріс себептермен жұмыстан босатылған адамдарды қоспағанда, кемінде екі жыл атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органда және оның аумақтық органдарында жұмыс істеген адамдар, құқық қорғау немесе арнаулы органдарда жұмыс істеген адамдар, прокурор, тергеуші лауазымында немесе жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын не қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ететін лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі болған кезде тағылымдамадан және аттестаттаудан өтпей жеке сот орындаушысы лицензиясын алуға құқылы.

–  Жеке сот орындаушысы қызметі қалай жүзеге асады?

–  Жеке сот орындаушыларының қызметі адам мен азаматтың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.

Жеке сот орындаушыларының қызметі кәсіпкерлік қызметке жатпайды. Жеке сот орындаушысы  мемлекеттен өндіріп алу, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, табиғи монополиялар субъектілерінен немесе тауарлар және көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілерден өндіріп алу, өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу, мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы, мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда,     атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы Заңда көзделген барлық атқарушылық құжаттарды қабылдайды.

–  Жеке сот орындаушысының  басқа қызметпен айналысуына бола ма? Оның әрекеттерінің заңдылыған кім қадағалайды?

– Жеке сот орындаушысының ғылыми, оқытушылық немесе шығармашылық қызметтен тыс ақылы қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқығы жоқ.

 Оның атқарушылық әрекеттерінің заңдылығын және оның іс қағаздарын жүргізу қағидаларын сақтауын бақылауды уәкілетті орган, оның аумақтық органдары, Республикалық палата және жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталары жүзеге асырады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді. Жеке сот орындаушысына қатысты барлық сұрақтар бойынша Батыс Қазақстан облысының жеке сот орындаушылар Өңірлік алқасына, Орал қаласы, Чагано-Набережная №84 мекен-жайына, 24-00-35, 24-20-90 телефондарына немесе Батыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің 30-25-90 хабарласуға болады.

Сұхбаттасқан: Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар