5.05.2016, 15:49
Қараулар: 622
«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ТҰҒЫРЫ – ҚУАТТЫ АРМИЯ!

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ТҰҒЫРЫ – ҚУАТТЫ АРМИЯ!

02.05.05.16Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған қасиетті кең байтақ жерімізді қорғау бұл біздің ең бірінші басты парызымыз. Ешбір мемлекеттің әскері сырттан келіп біздің Отанымызды, жерімізді, халқымызды қорғап бермейді. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ұланғайыр Қазақтың жерін қорғап, сақтап бүгінгі ұрпаққа аманат еткен ата-бабамыздың асыл мұрасын, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру – біздің басты борышымыз.      

Ұлы даланы мекен еткен  аталарымыздың асыл арманы – азаттық болатын.

Бүгінде арайлап атқан азаттықтың ақ таңы  — бүгінгі ұрпақтың басына қонған бақ деп білу керек.

Қазақстанның геосаяси жағдайы үлкен өзгерiстерге (шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың, экстремизмнің өршуi, жаңадан ядролық мемлекеттердің пайда болуы, т.б.) ұшырауда.

Әлемдегі осындай тұрақсыздықтар еліміздің Қарулы Күштерін жаңа заман талабына сәйкес әскери техникалармен және қару жарақтармен жабдықтауға және әскерімізді кәсіби сарбаздар мен сардарлармен толықтыру бүгінгі күн мәселесіндегі негізгі бағыт.

«Мәңгілік ел» тұғыры – қуатты армия! Бұл – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 2016 оқу жылындағы ұраны. Мемлекетіміздің мәртебесін арттырып, жасампаз халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімін нығайтуда, сонымен бірге ел экономикасының серпінді дамуын қамтамасыз етуде құрыштай шыныққан әскеріміздің алатын орны ерекше.

1992 жылы 7 мамыр күні тәуелсіз еліміздің төл армиясы құрылғаны баршаңызға аян. Сол күннен бастап 7 мамыр  еліміздің күнтізбесіне «Отан қорғаушылар күні!» деп мәңгілікке жазылды.

Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішінде біздің еліміздің армиясы бүгінде ең үздік Қарулы Күштердің үштігіне еніп отыр. Бұл –мақтанарлық жайт.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 36 бабында айтылғандай «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары Заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет ақтарады» делінген.

 Жастарымызды отансүйгіштікке, елін қорғайтын ер азамат етіп тәрбиелеу, сол балаға кішкене кезінен осы қасиеттерді санасына құю, бірінші кезекте ата-ананың басты міндеті және парызы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз ата-бабамыздан қалған. Тәрбие бесіктен басталады демекші, ұл-қыздарымызды тәрбиелеудегі бар ауыртпалықты білім ордаларына ысырып тастамай, бірінші кезекте өзіміз дұрыс тәрбие берейік, ағайын.

Біздің ауданымыздан жыл сайын жүздеген бала өзінің Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына аттандырылуда. Осы жастарымыз еліміздің тыныштығын, тұтастығын қорғауда өз үлестерін қосып абыроймен өз отбасыларына аман-есен оралып жатыр. Осындай ер жүрек, Отан сүйгіш жастарымыз  көбейе берсін.

Армия – кез келген мемлекеттің көркі, ажары, қорғаны. Олай болса, еліміздің туы әрдайым биік болып, көк байрағымыз желбірей берсін! Аспанымыз ашық, еліміздің іргесі тыныш болсын! Жігіттеріміз намысты болсын!

Баршаңызды Қарулы Күштер күнімен шын жүректен құттықтаймын.

*     *     *

ЕРЛІКТЕРІҢІЗ ЕСІМІЗДЕ САҚТАЛАДЫ

9 мамыр  санамызға жеңілуді білмейтін елдің жырға айналған мерекесі ретінде, Отаны үшін жанын қиған батырларға құрмет көрсетіп, ерліктерін ұлықтайтын күн болып сіңген. 1941-1945 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам, соның ішінде 1,5 миллион Қазақстандық қатысты. Бұл сол кездегі Республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы болатын.

Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 2 артиллериялық, 4 минометтік, 3 авиациялық полк, 14 жеке батальондар шайқасты.

Ондаған мың отандастарымыз қайсар ерліктері мен ерен еңбектері үшін марапатталса, жалпы одақ бойынша 11600 адам, Қазақстаннан бес жүзден астам адам Кеңес Одағының батыры атанды, төртеуі бұл атаққа екі рет ие болды. Оның 103-і қазақ ұлтының өкілдері болатын. 142 адам «Даңқ» орденінің толық жинағының иегері  атанды.

Сол жылдары ауданымыздан 4200-ден астам азамат ел қорғауға аттанған. Солардың қаншасы майдан даласынан оралмады. Соғыс  ауыртпалығын жастай тартқан балалар  да қазіргі күні алдыңғы ата буынға айналып кетті.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аудан әкімі Абат Шыныбеков мырзаның жетекшілігімен «Отты жылдар жаңғырығы» атты тарихи анықтамалық кітап оқырманға жол тартты. Бұл біздің ауданнан аттанған, екінші Дүние жүзілік соғыстың көзін көрген куәгерлер, бүгінде арамызда жоқ ардагерлер және от ортасынан оралмаған боздақтардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында жазылған тарихи кітап болды.

Кезінде миллиондап саналған, кешегі сұрапыл соғысты көрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жылдан жылға саусақпен санарлықтай болып азайып бара жатқаны  бәріміздің қабырғамызды қайыстырады.

Сұрапыл қан майданда Сіздердің, кіндік қанымыз тамған киелі туған жеріміз үшін төгілген қандарыңыз баршамызға бейбіт күн сыйлады. Отанын қорғауда аянбас хас батыр бабалардың  ерлігі – кейінгі ұрпаққа өнеге.

Бейбіт өмірді қамтамасыз еткендеріңіз үшін Сіздерге, сұрапыл соғыстан қайтпай қалған әкелеріміз бен аталарымызға, олардың жан қиярлық күресі мен жеңісі үшін зор алғысымызды білдіреміз.

Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері!

Сіздердің ерліктеріңіз біздің мәңгі есімізде сақталады.

Сіздерді көктемнің шуақты күнінде келіп отырған Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 71 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге отбасылық амандық, зор денсаулық, немере, шөберелеріңіздің алдында ақылшы болып жүре беріңіздер. Баршаңызға бақытты да баянды тірлік және елімізге тыныштық пен құт-береке тілеймін!

 М.СӘрсенҒалиев,

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар