5.05.2016, 15:47
Қараулар: 327
Соғыста хабарсыз кеткен

Соғыста хабарсыз кеткен

Ұлы Отан соғысы басталған жылдары әр өңірден талай-талай азаматтар аттанғандығы белгілі. Сондай жандардың бірі Дінмұханбет (Дәлекеш) Бейсенғалиұлы болатын. Ол 1919-шы жылы дүниеге келген. Бұл жөнінде  Берік Жалмұханбетұлы Бейсенғалиевтің айтуынша Дін­мұханбет Бейсенғалиұлы елде жүрген кезінде домбырашы болған дейді. Сол кездерде көптеген байқауларда топ жарған көрінеді. Соның бір айғағы Алматыда өткен кезекті бір байқауға қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталған. 1938-ші жылы әскер қатарына шақырылып,  ол әскерге Көздіқара ауылынан аттанған. Туысы Б.Бейсенғалиев «Ол кісі әскери борышын қай елде, қай жерде өтегендігі бізге белгісіз. Бір анығы атты әскерде командир отряды болған» дейді. 1941-жылы әскери борышын өтеп болып, елге оралар кезінде Ұлы Отан соғысының оты тұтанып, сол жылдан бастап, Украина жерінде, майданның алғы шебінде ұрысқа араласқан. Бір үйден Бейсенғали, екі ұлы Жалмұханбет пен Дінмұханбет үшеуі қатысқан қан майданнан Дінмұханбет хабар-ошарсыз кеткен. «Дінмұханбеттің әкесі менің атам Бейсенғали атақты шебер адам болған. Әскер қатарында жүрген ұлы Дінмұханбетке өз қолымен топсалы домбыра жасап берген», – дейді Б.Бейсенғалиев. Сол ұлынан 1941-ші жылдың күз айында жазған соңғы хатында өзінің кезекті шабуылға шығатынын айтып, «Домбыраммен қоштасып, Днепрдің суына тастадым» деген хат алған. Содан кейін ешқандай хат-хабар болмаған.

Соғыстан кейін әкем Жалмұханбет бауырын іздеп, талай жерге іздеу салғанымен, ешқандай хабар болмапты. Ғаламтор беттерінен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған  кітаптардың беттерінен де іздеп қарап шықтым. Әлі күнге дейін атамыз Дінмұханбеттен ешқандай хабар болмады дейді, — дейді Берік әңгімесінде.

Нұрлан Төлеуішов,

 Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар