5.05.2016, 15:38
Қараулар: 400
Жаңақаладан Жапонияға дейін

Жаңақаладан Жапонияға дейін

???????????????????????????????Алыс Жаңақаладан 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған Латифолла Кереев жаяу әскер құрамында жауға қарсы небір алапат ұрыстарға қатысты.

Әсіресе, Берлин қаласын алуға дейінгі жорықтарда жан алып, жан беріскен шайқастардың болғандығы мәлім. Осы ұрыстар кезінде жауынгер Л.Кереев жарақаттарына орай Читада, Монғолиядағы әскери госпитальда емделеді.

Соғысты 1946 жылы Жапонияда аяқтаған жауынгер Латифолла Кереев елге мүгедек болып оралса да Жаңақаланың алтыншы ауылында есепші болып еңбек етті.

Жеңіс жауынгері Л.Кереевтің бұдан соңғы еңбек жолдары Жымпиты өңірінде жалғасын тауып, жемісті жылдарға ұласты. Латифолла ата зайыбы Тотыммен 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірсе (1 ұл, 1 қыз жастай шетінеген), осы ұрпақтарынан қарт жауынгер бүгінде 9 немере, 28 жиен, 10 шөберенің қызығына, бал күлкісіне бөленіп отыр.

Латифолла ата бүгінде кенже ұлы Өмірхан мен келіні Ғалияның аялы қамқорлығында бақуатты ғұмырын кешуде. Облыс, аудан басшылығы тарапынан қамқорлыққа бөленіп отырған қарт жауынгер Латифолла Кереевтің шаңырағында болғанымызда ол басшылық тарапына шексіз ризашылығын білдірген еді.

– Мен аудан әкімі Абат Шыныбековке аталық ақ алғысымды білдіремін. Барлық қолайлы жағдайы жасалған жайлы пәтермен қамтылдым. Дәрігерлер үйіме әлсін-әлі келіп, саулығымды тексеріп, ем-домын жасап отырады. Алаңсыз тірлік, жайлы өмір деген осы ғой, шырағым, — дейді Латифолла ата шынайы сезімде.

Ұлы Отан соғысының ардагері Латифолла Кереевтің небір қияметті майдан жолдарынан өткендігінің куәгеріндей өңірінде бірнеше мемлекеттік марапаттары жарқырайды.

М.Әлібекұлы,

Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар