5.05.2016, 15:35
Қараулар: 477
Мұқадес есімі ел есінде

Мұқадес есімі ел есінде

03.05.05.16Абдолла да, Қадыр да, Мұқадес те  қазақ әдебиетінің бағына туғандай. Осы алыптарды туған Сырым елінің топырағы неткен қасиетті, неткен киелі?! Сырым өңірі өзінен өрбіген тұлғаларымен мақтанады, құрметтейді. Сол құрметтен ғой, Жосалыда Абдолланың кеудемүсіні орнатылғаны, Жымпитыда Қадыр ақынның ескерткіші қойылғаны. Асылдардың аттарына деген құрмет қой, сары даланың адырында аламан салынып, аттың шапқаны, бауырында балуанның күрескені. «Тойы көбейген ауданда тағы да той!» деп тамсанды ақын Ақұштап кеше Жымпитыға келгенде. Иә, өткен аптада Сырым ауданында тағы той өтті. Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Мұқадес Есламғалиевтің 70 жылдығы туған ауданында аталып өтілді. Осы шара үшін Жымпитыға жазушының жары Мұхсина Есламғалиева мен перзенттері және қаламгерлерден, мәдениет саласының өкілдерінен құралған бірқатар құрметті қонақтар келді.

Шара қатысушылары алдымен аудан орталығындағы Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Меймандар осы жерде Сырым еліне келгендегі әсерлерімен бөлісті. Әдебиеттегі адамдардың тілі бөлек қой. Олар Сырым мен Қадыр жайлы, Мұқадес жайлы, Жымпиты жайлы тебіреніп сөйледі. Біздің ел де қалысқан жоқ. Қадыр Мырза Әлінің атындағы орта мектептің оқушылары Қадыр өлеңдерін оқыды.

Осы күні С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайындағы жазушы Мұқадес Есламғалиевке арналған бұрыш музей келушілеріне таныстырылды. Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Кемел ойлы, көркем сөзді жазушы» атты библиографиялық көрмені оқырмандар назарына ұсынды.

Түске жақын аудандық мәдениет үйінде «Тарих тамырынан нәр алған жазушы» атты жазушыны еске алу кеші өтті. Кеште «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғамдық-саяси «Ара» сатиралық журналының бас редакторы, белгілі сықақшы Көпен Әмірбек, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ақын Айтқали Нәріков, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, Қазақстан Жазушылары одағының басқарма төрағасының орынбасары, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан, журналист Мира Шүйінішәлиева сөз сөйледі. Олар қаламгердің өмірдегі өңі, шығармашылық тұлғасы жайлы бейнесі бөлек әңгімелер айтты.Мұқадес Есламғалиев 1984-1990 жылдары республикалық телеарнада «Тамаша» ойын-сауық хабарының бас редакторы болып қызмет етті. Еске алу кешінде жергілікті әртістер «Тамашаның» репертуарындағы «Сыйлық» интермедиясын сахналады. 1991 жылы Жосалы ауылының көркемөнерпаздарынан құралған «Назқоңыр» вокалды-инструментальді ансамблі Алматы қаласының ірі сахнасында өнер көрсетті.  Бұған да Мұқадес Есламғалиев ара болған еді. Кеште ансамблдің негізін қалаушы, экс-солист Бауыржан Раянов, әнші, сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Жаскелең Ғайсағалиев және А. Жұмағалиев атындағы жалпы білім беретін Жосалы орта мектебінің хор ұжымы «Назқоңыр» вокалды-инструментальді ансамблінің бүгінгі құрамымен әндер орындады.

Облыс орталығындағы «Қазақстан-Орал» телеарнасы Сырым ауданы әкімдігінің ұсынысымен «Өтелген парыз» атты жазушы Мұқадес Есламғалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы фильм дайындаған болатын. Фильмнің осы тұсаукесері осы кеште болды.

– Мен өте қуаныштымын. Туған елінің бұл ықыласын, бұл құрметін Мұқадес көрсе, қайтеді екен? Менің өзім қатты тебіреніп тұрмын. Мұқадес тірілермен тірі екен. Оның аты ұмытылмайды, еткен еңбегі елеусіз қалмайды. Мұқадестің тұлғасы ұрпақтармен бірге жаңғыра береді деп сенемін. Жазушысын, перзентін жоқтап жатырған Ақжайық өңіріне, Сырым еліне шексіз разымын. Рахмет, Мұқадестің елі! – деді шараның соңында сөз алған жазушының жары Мұхсина Есламғалиева.

Кештің қорытынды сөзін аудан әкімі Абат Шыныбеков сөйледі. Аудан басшысы өзінің сөзінде Мұқадес Есламғалиевтің есімін дәріптеудегі үлкен үлесті туған топырағы Сырым ауданының алуға дайын екендігін айтты. Кейін аудан әкімі Абат Шыныбеков жазушының жары Мұхсина Есламғалиеваның ел құрметінің белгісі ретінде иығына камзол жапты, немересі Нұрисламға тай мінгізді. Шараның арнайы шақыртулы меймандарына да естелік сыйлықтар табыс етілді.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар