5.05.2016, 11:24
Қараулар: 369
“Бірлік” жеңіске жетті

“Бірлік” жеңіске жетті

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан орталығында «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері арасында көктемгі спартакиада басталды. Спартакиадаға «Айбын», «Бірлік», «Динамо», «Қаржыгерлер», «Мәдениет», «Парасат», «Спорт», «Ынтымақ», Ж.Досмұхамедов және Қ.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп қызметкерлерінен құралған командалар қатысуда.

Елімізде дене тәрбиесі мен спортты дамыту алдыңғы қатарда тұрған мәселелердің бірі десек, 2 сәуір мен 14 мамыр аралығында мекеме қызметкерлерінің арасындағы көктемгі спартакиада волейбол, баскетбол, үстел теннисі, дойбы, қазақ күресі, асық ату, спорттық эстафета, қол күресі, шағын футбол, арқан тарту, жеңіл атлетика сынды 11 бұқаралық спорт түрлерінен оздырылмақшы.

Осыған орай аудандық «Дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешенінде» көктемгі спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі А.Шыныбеков қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Келесі құттықтау сөзді жарыстың бас төрешісі Б.Ихсанов сөйлеп, спартакиаданың өту кезеңдерімен таныстырып өтті.

Спартакиаданың алғашқы күнінде волейболдан жарыс оздырылып, бірлігі мықты «Бірлік» командасы жеңіс тұғырынан көрінсе, ІІ орынды «Динамо» командасы қанжығаларына байлады. Ал, жүлделі ІІІ орынды «Мәдениет» командасы місе тұтты.

Мекеме қызметкерлері арасында оздырылатын көктемгі спартакиада әр сенбі күні дене шынықтыру және спорт кешенінде әр түрлі спорт түрлерінен өтетін болады.

Үміт ЖӘҢГІРОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар