26.04.2016, 16:09
Қараулар: 424
Әйел-аналар семинарда бас қосты

Әйел-аналар семинарда бас қосты

Отбасы, ана мен бала күн тәртібінен түспейтін тақырып. Отан отбасынан басталатындықтан да шығар. Бұлдырты ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ағиба Төлегенова саналы ғұмырын ұстаздықпен өткізіп, бүгінде нәзік жандылардардың басын біріктіріп, отбасы құндылығын арттыруға үлес қосып жүрген жан.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай және «Мерейлі отбасы» фестивалі аясында Бұлдырты ауылында  әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ауылдық кеңестің төрайымы Ағиба Төлегенованың ұйымдастыруымен «Отбасындағы әйел және қоғам» атты семинар өтті. Семинарға аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімі жанындағы аудандық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі  кеңесінің мүшесі Шынар Дүйсенғалиева, аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК-ның саябақтарының меңгерушісі Ақкүміс Мұрадимова, аудандық аурухана акушеры Дария Мүтиева, ауылдық округ әкімі Ерлан Мақашев, кеңестің мүшелері, әйел-аналар қатысты.

Шараны ауылдық округ әкімі Е.Мақашев ашып, А.Төлегенова «Отбасындағы әйел және қоғам» атты баяндама жасады. Ағиба Семғалиқызы кеңестің жұмысымен таныстырып, тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген егіз балалары бар отбасылар мен жасы 28-32 жас аралығындағы бес-алты баланы өмірге әкелген аналарды марапаттады. Бұлдырты ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Ә.Мақашева ауыл тұрғындарының, соның ішіндегі ана мен баланың басты байлығы жөнінде баяндады.

Аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімі жанындағы аудандық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі  кеңесінің мүшесі Шынар Дүйсенғалиева Бұлдырты ауылдық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі кеңестің жұмысына оң баға берді.

Әйел-аналардың алқалы мәжілісі Бұлдырты ауылдық мәдениет үйіндегі «Отбасы – алтын діңгек» атты отбасылық сайыспен ұштасты. Жексенбаевтар, Сауырғалиевтер, Хайруллиндер отбасы өздерін әнмен, өлеңмен, слайдпен таныстырып, өнерлерін көрсетті, салт-дәстүрлерге қатысты сауалдарға жауап беріп, тағамдар дайындап, қолөнер бұйымдарын жасады, балалар сурет салды. «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында көрініс қойып, азаттықтың ақ таңына жетудегі шежірені бейнеледі.

Сайыс соңында отбасылар түрлі аталымдармен марапатталды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар