26.04.2016, 16:08
Қараулар: 229
Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғай білейік

Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғай білейік

Сырым ауданының прокуратурасымен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау және жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау фактілерін анықтау, олардың алдын алу және болдырмау бағытында жұмыстар атқарылуда.

Ауданда соңғы 4 жылда жасөспірімдерге қатысты зорлау және жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау қылмыстары жыл сайын тіркеліп отыр (2012 ж. – 1, 2014 – 2, 2015 ж. — 1), соның ішінде 3 (2012 ж. -1, 2014 ж. -1, 2015 ж. -1) зорлау және 1 (2014 ж. – 1) он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау.

Аталған санаттағы қылмыстарды ескерту және алдын алу қазіргі таңда құқық бұзушылық профилактика жүйесінін алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының (бұдан әрі — Заң) 6 бабының 2 тармағына сәйкес балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк органдар қызметiнiң басым саласы болып табылады және баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны, оған зиян келтiргенi үшiн лауазымды тұлғалардың, азаматтардың жауаптылығына негізделген.

Заңның  10 бабына сәйкес әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.

Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.

Дегенмен, аудан аумағында орын алып отырған кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау және жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау қылмыстарының жиі орын алуы құқық қорғау, білім беру ұйымдары және ата-аналар тарапынан бұл мәселеге аса назар аударуды қажет етеді.

Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Осы санаттағы қылмыстарды жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Егер Сіздерге жанұядағы және балаларға қарсы болып жатырған зорлық-зомбылық фактілері туралы, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға душар болған балалар және балалары бар қолайсыз отбасылар жөнінде мәліметтер белгілі болса,  немқұрайлы қарамай, келесі сенім телефондары арқылы хабарласыңыз. Сырым ауданының прокуратурасы: 31-1-56; Сырым аудандық ішкі істер бөлімі: 31-1-37, 102; Сырым аудандық білім беру бөлімінің қорғаншылық, қамқоршылық органы: 31-3-20.

М.Изимов,

Сырым ауданының прокуроры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар