26.04.2016, 16:06
Қараулар: 312
Өзгеріссіз қалған талаптар мен жаңалықтар

Өзгеріссіз қалған талаптар мен жаңалықтар

Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімі жақындаған сайын түлектердің де жүректері лүпілдеп, дайындықтарын күшейте түсентіндігі баршаға аян. Түлектердің сұранысы бойынша біз үстіміздегі жылы ҰБТ ұйымдастырып өткізудегі өзгерістерге тоқталуды жөн көрдік.

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) – орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына түсу емтихандарымен біріктірілетін, жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау нысандарының бірі. Тестілеу мақсаты – жоғары сапалы білім мен жоғары білімге қол жеткізуде әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін оқытудағы жетістіктердің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру. Тестілеудің міндеттері:

-бірыңғай өлшеу материал­дарының көмегімен білім беру сапасын басқару және мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

-білім беру сапасын бағалауда әділдік пен нақтылықты көтеру;

-білім грантына қол жеткізу үшін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету.

Сырым ауданы бойынша 13 орта мектептен барлығы  189  түлек бітіреді, сонын ішінде 156 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысуға өтініш беріп отыр.

ҰБТ-ға дайындық  жұмысы оқу жылының  қыркүйек айында басталып кетті. Жыл бойы мектеп әкімшілігі, пән мұғалімдері мен класс жетекшілері оқушыларды ҰБТ-ға дайындау, орта мектеп курсы бойынша білім мазмұнын қайталату, тестілеулер өткізу, оқушылардың психологиялық дайындығы сияқты жұмыстарды жүргізуде.

Биылғы ҰБТ қалай өтеді? Өзгерістер қандай?

ҰБТ-ға ерікті негізде мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жалпы білім беретін мектептердің бітірушілері үшін, міндетті түрде «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміткерлер, ағымдағы жылғы оқушылардың ғылыми жарыстары мен жалпы білім беретін пәндер бойынша республика-лық олимпиадалардың жүлдегерлері және биыл ЖОО-ға түскісі келетін мектеп бітірушілердің барлығы міндетті түрде ҰБТ-ға қатысуға тиіс.

Пәндер бойынша өзгерістер жоқ. Бұрынғыдай математика, оқыту тілі (қазақ мектептерін бітірушілер қазақ тілі, орыс мектептерін бітірушілер орыс тілі), Қазақстан тарихы және таңдау пәні. Әрбір пән бойынша тапсырмалар саны-25. ҰБТ-ның нәтижелері 125 балдық жүйе бойынша және жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін бес балдық жүйе бойынша бағаланады. Білім грантын тағайындау конкурсына ҰБТ нәтижесі бойынша 50 және одан артық балл жинаған («Жалпы медицина» мамандығы үшін 55 балл),  бейіндік пәннен — 7 балл (әрбір шығармашылық емтиханнан 10 балл), ал қалған пәндерден 4 балдан кем жинамаған талапкерлер қатыса алады. Бір пәннен 4 балдан кем жинаған жағдайда, талапкер білім грантын тағайындау конкурсына жіберілмейді. Тестілеу уақыты-3,5 астрономиялық сағат, яғни 210 минөт. Биылғы басты өзгеріс – конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін шектік балдың өзгеруінде. Биыл еліміздің ұлттық университеттерге түсу   үшін шектік балл-70. Олардың қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті, Гумилев атындағы Еуразия университеті, Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық педагогикалық университеті, Қазақтың ұлттық аграрлық университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақтың ұлттық техникалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті кіреді. Басқа ЖОО-ларға 50 балл.

Өткізу мерзіміне келетін болсақ, өтініш қабылдау жылдағыдай 10 наурыз – 25 сәуір. 2016 жылы тестілеу өткізу уақыты  1-15 маусым аралығын-да жүргізіледі. Шығармашылық емтихандар 7 шілдеге дейін аяқталады. Конкурстық комиссияның жұмысы 1-10 тамыз аралығында жүргізіледі. Білім беру грантының иегерлері бұқаралық ақпарат құралдарында («Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда») жарияланады.

Биыл да тест тапсыруға кірер алдында талапкерлерді  металл іздегіш арқылы тексеріп өткізеді. Оған қоса ҰБТ өтіп жатқан кезде ұялы байланысты  тұншықтыру қондырғылары пайдаланылады. ҰБТ-ны өткізуге қатысты талап қатаң. Әр аудиторияда ҚР БҒМ  өкілі міндетті түрде болады. Оларға тәртіп бұзушыны өз шешімімен аудиториядан шығарып жіберуге өкілеттілік берілген. Осының барлығы бақылауды күшейту үшін және әрбір оқушының өзінің әділ бағасын алуына жағдай жасау үшін қажет.

Апелляцияға өтініштерді беру уақы-ты тестілеу нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 14.00-ге дейін.

Ереже бойынша ҰБТ кезінде  талапкер  (сөйлессе, бір орыннан екінші орынға ауысып отырса, емтихан материалда-рын басқа бітірушімен ауыстырса, көшіріп жазса, шпаргалкаларды,  оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиеттерді, калькуляторды,  фотоаппаратты,  мобильді  байланыс  құралдарын  (пейджер, ұялы телефондар, планшетниктер, iPad, iPod, iPhone, SmartPhone, ноутбуктарды, плейерлерді) аудиторияға кіргізіп  және пайдаланса  және т.б. аудиториядан шығарылып, министрлік өкілі акт жасап, талапкердің тест нәтижесі жойылады. Сонымен  қатар, тестілеуге берілген уақыт аяқталған кезде бітіруші емтихан  материалдарын тапсырудан бас тартқан жағдайда, осы фактіні тіркеу туралы акті жасайды.

 Осы өзгерістермен біз мектеп басшылары мен педагогтарды, ата-аналарды, оқушыларды, сонымен қатар жалпы жұртшылықты хабардар етуді жөн санадық. Себебі, әр мектеп түлегі, олардың ата-анасы мен ұстаздары ҰБТ-ға дайындықты саналы түрде жүзеге асырып, қалған аз уақытты ұтымды пайдаланып, психологиялық тұрғыдан дайын болуға ұмтылуы тиіс деп есептейміз.

Барша түлектерге сәттілік тілейміз!

Шынғыс Ақшиев,

 770 ҰБТӨП, №52 филиал жетекшісі