26.04.2016, 16:01
Қараулар: 442
Жазушы жайлы көрмеде…

Жазушы жайлы көрмеде…

4.26.04.16Жымпитының таныс адамдарынан бастап, әсем табиғаты мен елімізге танымал тарихи тұлғаларын көркем әдебиеттің төл туындыларына айналдыра білген жазушы Мұқадес Есламғалиев. Тарихпен тамырласып, халықпен үндескен жазушы Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мұқадес Есламғалиұлы Есламғалиев биыл  70 жаста.

Сырым елінің Жосалы топырағынан түлеп ұшқан тағы бір хас таланттың әдебиет әлеміндегі орнын айтып жеткізу мүмкін емес. Кез келген жазушының әдебиет әлеміндегі таңдап алатын өз тақырыбы мен шығармашылығы болады. Алайда, олардың барлығы бірдей тарих тақырыбына бара бермейді. Ол үшін үлкен жігер, айрықша білім мен туған жерге деген шексіз махаббат керек шығар. Осындай ізгі қасиеттердің бәрі бір басынан табылған жерлес ағамыз жазушы Мұқадес Есламғалиұы десек, ,артық айтқандық емес.  Өзіміздің Орал педагогикалық институтының түлегі, алғашқы еңбек жолында Оралдағы радио-телевидение комитетінде бастағаны белгілі. Кейінгі атқарған еңбек жолдарының бәрінде қазақ әдебиетіне өлшеусіз еңбек қалдырып кеткен жан. Ақынның Алматыдағы үйіне арнайы барған Орал облыстық — тарихи өлкетану музейінің қызметкерлері жазушының тұтынған заттарын алып келген болатын. Олардың бәрі қазіргі таңда музей қорына тіркеліп, бүгінде жазушыға арналған арнайы көрме Оралдағы Қадыр орталығында дайын тұр. Ал,  жазушының туған жері болғандықтан, Сырым музейі де іздестіріп жүріп арнайы шағын көрме жабдықтады. Қажетті көптеген фото деректермен бөліскен жазушының інісі Бауыржан ағамыз бен оның ұлы Жасқанатқа үлкен алғысымызды білдіреміз. Атамыз Есләмғалидің кіндігінен үш ұл бір қыз тарапты. Олар Сағидоқас, Мұқадес, Еркін және Әдемі. Сағидоқас атамыздан Бауыржан, Бауыржаннан Жасқанат, Әдемі апамыздан ауданымызға танымал білім саласының басшысы болған  Рақымжан Хамза ағамыз. Мұқадес ағамыздың өзінен Арай, Анар атты қос қыздары бар. Бұл біз білетін бір атаның ұрпақтары.   Бізге келген қонақтарға үлкен мақтанышпен көрсететін жазушы ағамыздың жалғыз құнды дүниесі бар. Оны да үш-төрт жыл бұрын Бауыржан ағай өз қолымен әкеліп тапсырған болатын. Ол құнды дүние жазушының қара былғары сөмкесі. Сонымен қатар көптеген отбасылық және әр түрлі шараларда түсірілген  фото суреттер мен құжаттар көшірмелері қойылған. Бүгінгі таңда музей жұмысының алатын орны жоғары болғандықтан жазушыға тиесілі кез келген дерекпен, заттай жәдігермен бөлісемін дейтін жандар болса, есігіміз әрдайым ашық. Тарихтың тума талантты тұлғаларын әдебиет әлемі арқылы қалың қазаққа әкелген жазушының өзі де тарихқа   айналған тұлға.   Сырым елінің тарих көшінде алар орны бір төбе. Оларды биік ететін дарынды ұлдарымыз. Ал, осындай дарабоз ұлдарымызбен мақтана да оларды мақтай да аларымыз хақ. Артында өлмес әдеби мұрасы барда, іздер ұрпағы барда, жоқтаушы халқы барда жазушының ғұмыры мәңгілік болмақ.

                      А.Ойшыбаева,                      Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі