26.04.2016, 15:54
Қараулар: 395
«Менің бағамды халық қана береді» дейтін еді Мұқадес

«Менің бағамды халық қана береді» дейтін еді Мұқадес

2.26.04.16Мұхсина Есламғалиева:

Мұқадес Есламғалиев – қазақ әдебиетіндегі әспеті бөлек тұлға. Мұқадесті Мұқадес еткен – өзі. Ел де солай ойлайды. Бір-біріне ұқсай бермейтін кейіпкерлердің тұтас галереясын жасаған жазушы ғой деп тамсанады кейбір қаламгерлер Мұқадеске. Әйтеуір, әдебиеттегі әріптестері Мұқадес Есламғалиевті осал деп айтпайды. Бұл кісі – өмірде де осал болмаған кісі. Былтыр жазда Сырым ауданының орталығы Жымпиты кентіне Алматы қаласынан жазушының жары Мұхсина апамыз келген еді. Апамыздан біз өмірдегі Мұқадес жайлы сұрадық.

– Мұхсина апа! Елге қош келдіңіз! Қалыңыз қалай? Жақсысыз ба? Қазір сол Алматы қаласындасыз ба?

– Рахмет айналайын! Қалымыз жақсы ғой.  Иә, Алматы қаласындамыз. Әуелде Мұқадес ағаларың Орал қаласындағы үш бөлмелі пәтерді Алматыдағы пәтерге айырбастаған еді. Бүгінгі күні жиенім екеуіміз М.Ғабдуллин көшесіндегі Мұқадестің құтты қонысы болған сол үйде, сол пәтерде тұрып жатырмыз. Жаздың басында Сырым елінде елдің ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына  орай үлкен деңгейдегі шаралар өтті ғой. Ақынға ескерткіш тұрғызылды, бәйге ұйымдастырылды, қонақасы берілді. Соған қатысуға келген едім негізі. Өзім Жамбыл ауылының қызымын. Бірер айдай болды, ағайынның амандығын біліп, елде жүрмін.

– Тағдыр сізді Мұқадес ағамызбен қалай табыстырды?

– Мұқадестің Орал облыстық радио-телевидение комитетінде аға редактор болып жүрген кезі. Мен – Орал қаласындағы педогогикалық училищенің студентімін. Таныстық. Таныстығымыз махаббатқа ұласты. Мұқадес — көрік десе көркі бар, сондай сауатты, сөзі мен ісі тұйнақтай, қараған адамды жұтындыратын жігіттің сойы еді. Ол мені осынысымен ғашық қылды. 1969 жылы шаңырақ көтердік. Екі қызымыз бар.

– Ол кісі өмірде нені бағалады? Неге мән берді? Жазушы жанұясында қандай адам болды?

– Оның өмірде ең қатты бағалаған құндылығы – уақыт. Уақытқа аса ұқыпты қарайтын. Мұқадестің мұқияттылығынан мін табу қиын. Ол ерте тұратын. Таңғы 6-да тұрып, дене шынықтыру жаттығуларын жасайтын. Бұл әдетінен айныған кезі болмады. Кешігу дегенді жақтырмаушы еді.

Көбі ақын-жазушыларды, жалпы өнер адамдарын қиялға, сезімге берілгіш келеді деп айтады. Мұқадес алып-ұшпа сезімнің адамы емес еді. Бәрін байсалды қабылдайтын. Байсалды болды, бірақ тым ізетті еді. Үлкенге иіле кетуге, кішіге «Айналайын!» деп айтуға әзір тұратын – ды. Тура сөйлейтін, тіке адам болды.

Мұқадестің бір ұнататын ісі болса, ол – жаяу жүру. Күніне мейлінше көбірек жаяу жүруге тырысатын. Кешкілік жұмыстан келеді де, ауқаттанғаннан кейін бірден серуенге кететін. Мен өзім ойлаймын, серуендеп жүріп ой жинақтайтын шығар деп. Себебі, серуеннен келе салысымен жазуға отырады. Жазу түн ортасына дейін бітпейді. Күрделі шығармаларға, көлемді материалдарға келгенде, ұйқы жайына қалады. Жазуға барынша адал болды ол.

– Жанұяларыңызға Алматы қаласы қалай әсер етті?

– Алматыға біздер 1979 жылы көшіп бардық. Алып қала. Туыс деген жоқ, таныс деген ол кезде аз. Осындай кездерде Мұқадес екеуіміз үшін бір-бірімізден артық жанашыр адам жоқ еді. Соны түсіндік. Бірімізді біріміз барынша қолдауға тырыстық.

Алматы қаласында Мұқадеске көптеген қызметтерге ұсыныс түсті. Оның ішінде, лауазымды қызметтер де бар. Ол осы қызметтердің біріне кіріскісі келді. Мен болсам: «Алматыға жазушы боламын деп келдің. Болатын болсаң, жазушы бол! Шығармашылығың үшін жұмыс жаса. Олай етпейді екенсің, кеңседегі қызмет Оралда да бар. Елге қайтайық!» деп мінез көрсеткендей болдым. Ол ойланды. Алматы қаласында Мұқадес шығармашылығын біраз деңгейге көтерді. Оның қаламы жүрді. Кітаптарының шығуы жиіледі. Араларға жылдар салып шығатын болды. Әрбір кітабы әдебиетке бір жаңалық алып келіп жатты. Ол тарихи ақиқаттарды дәлелдеуге, зерттеп, зерделеп жазуға өте шебер еді. Өмір көріністерін шынайы сөйлеткен психологиялық салмағы бар әңгімелері қандай Мұқадестің? Оның «Қара телефон» деген әңгімесі бар. Бұл әңгімеде жарынан айырылған ер азаматтың өмірі айтылған. Перзенттері өсіп-өніп, өз алдына адам болып кетеді. Кейіпкер жанының жұбанышын, жалғыздығының емін үйіндегі қара телефоннан іздейді. «Мұқадес әулие ме?» деп ойлаймын кейде. Бұл әңгімеден мен өзімді көрдім. Шығарманың прототипі мен болып көріндім. Қалай болжаған деп таңғалдым. Сосын барып түсіндім. Мұқадестің шығармаларының мықтылығы сол, оқырманына өзін іштей сезіндіреді екен.

– Ол кісі киімге, имиджге көңіл бөлетін бе еді?

– Оның басты қасиеті  тазалық болды. Жағасы мен жеңі үнемі мұнтаздай болып жүруші еді. Имидж дегенде, киген киімінде аса бір өзгешелік болды деп айта алмаймын. Бірақ, таза киінуі, өзін-өзі ортада ұстауы жұрттың құрмет сезімін оятатын еді.

– Белгілі жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиевтің өмірінің соңғы кезеңдері қалай өтті?

– Мұқадес тарихты түгендегенді жақсы көрді. Ол іспен сүйіп айналысты. Оның осы қабілетіне сенген шығар, Мұқадеске өзіміздің өңірден Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясын шығару жұмыстарына жетекшілік етуге ұсыныс түсті. Мұқадес бұл жұмысқа аса ыждағаттылықпен қарады. Кейінірек ауырыңқырап жүргенін сездім. Дәрігерге көрініп, емделуі керек екендігін айтқанымда, ол жаңағы энциклопедияны бітірген күні емделемін деп сөз берді. Сөзінде тұрды да. Емделуге тырысты. Бірақ, ауру алып тынды.

Мұқадес мақтауды ұнатпады. Бетіне мақтағандарды әсте жақтырмайтын. «Мені мақтай бермеңдер! Менің бағамды халық қана береді» дейтін ол айналасындағыларға.

– Иә, апа! Мұқаңның шын бағасын халқы берді. Халық Мұқадесті қаламының қанаты бар қаламгер деп есептейді. Мұқадеспен мақтанады. Әңгімеңізге рахмет! Аман болыңыз!

Әңгімелескен:

Бауыржан Ширмединұлы