26.04.2016, 15:50
Қараулар: 270
Аға туралы толғаныс

Аға туралы толғаныс

Жосалы жері артында із қалдырған айтулы біртуар азаматтарға бай өлке екендігіне күмән туғызбайтын қасиетті өңір екендігі даусыз.

Биылғы жылы көзі тірі болса, 70 жасын дүрілдетіп той өткізуге  болатын атпал азаматымыз Мұқадес Есламғалиұлы жөнінде көзін көре қалған ауылдасы, інісі ретінде азырақ есте қалған сәттерін қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

Мұқадестің менен бірер жас үлкендігі, естиярлығы бар.Кезінде ауыл баласына тән күні бойғы ойындардың түр-түрін ұйымдастырып, көшбасшылықты өз қолында ұстап, жасырынбақ, қашпа доп, асық, ләңгі, футбол сияқты ойындарды бірге ойнайтынбыз.

Ағамыздың тағы бір қасиеті әңгімешілдігі болатын.

Халық ертегілері, батырлар жыры, тарихи дастандарды өзі оқып қана қоймай, зердесіне тоқып, бізге әсерлі етіп айтып бергенде, біздер де сол оқиғалардың ішінде жүргендей, бар ынтамызбен тыңдайтынбыз.

Ауылдың  қарадомалақ балаларының тағы бір бағалайтын қасиеттерінің бірі – батылдық,  ептілік және әділдік. Ауылға келген қонақ балаларды  түрлі сынақтардан өткізуді жақсы ұйымдастыратын.

Келген баланың аты-жөнін сұрап, әңгімеге тартып, күшін байқау мақсатында  кезекпен күрестіретін.

Қонағымыз ірілеу болып, бізді жеңіп кетсе, өзі күресетін.

Өзі жұқалтаң болғанына қарамастан-ақ сары өңі күреңітіп, қалайда қарсыласын алып ұратын.

Ол күрескенде шағын ғана денесінде ширыққан бір қайрат бар екенін сезетінбіз. Өзі оқыған кітаптардағы кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін өмірде жүзеге асыруға тырысатын. Ағамыз өзі оқыған кітаптарын бізге баяндау арқылы ауыл балаларының кітап оқуға құмарлығын оятты деп айтсақ, артық емес еді. Әрине, өмір арнасы әрбірімізді әр жағаға алып кетіп, түрлі өмір, тағдыр тезінен өткізді.

Ауылдан жеті жылдық мектепті бітіріп, әрі қарай Бұлдырты орта мектебінде оқуын жалғастырып, кейіннен  Орал педагогикалық институтын  тәмамдап, еңбек жолы өрби берді.

1996 жыл… Алматыдан туған жеріне ағамыз Мұқадес атбасын тіреді. Бұл кезде ағамыздың шығармашылықпен елге танылған шағы болатын. Қасында елге танымал журналист С.Сүндет және жыршы, термеші, әнші Р.Сағадат деген өнер иелерінің қостауымен елуге толар шағында елге келіп, туған жердің топырағынан қуат алып, тағы да бірқатар белестерді бағындырды.

Бірнеше жылдық ізденістің желісі болған «Әйтеке би»  романын бөлектеп, ерекшелеп айтқым келеді.

Шығармада есімдері аңызға айналған тарихи тұлғалардың көрегендігі, даналығы, шешендігі шынайы суреттелген. Ағамыздың ой толғауы, сөз шеберлігі сол кейіпкерлермен бірге өмір кешіп, солардың ортасында жүргендей әсер қалдырады.

Әйтеке би арқылы билердің сол тарихи қиын кезеңдердегі ел бірлігі жөніндегі сіңірген еңбектерін әдеби көркем тілмен жеткізе білді.

Басқасын былай қойғанда бір ғана Әйтеке бабамызды тірілтіп, ортамызға әкелгені болашақ ұрпағымыз үшін үлкен ғибрат екені құрметпен бағалауға тұрарлық іс дегім келеді.

Ақ Жайық өңірі, Сырым ауданы –  ағамыздың туған жері, ұшқан ұясы.Елі барда ер есімі естен шықпайды.Жазушы ағамыздың атын мәңгі есте қалдыру үшін облысымыздың білім ордаларының бірінде атын беру мәселесі күн тәртібінен түспейді деп есептеймін. Осы  ұсынысымыз орындалса, аруақ алдында, ауылдастарының жас ұрпақтары үшін жүзіміз жарқын болары анық.

Асан Жүсіпов

Жосалы ауылдық округі, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы,

зейнеткер-ұстаз