26.04.2016, 15:45
Қараулар: 530
Тарих тамырынан нәр алған

Тарих тамырынан нәр алған

5.26.04.16Ақжайық атырабынан шыққан жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Мұқадес Есламғалиұлының дүниеге келгеніне биыл 70 жыл толып отыр.

 Мұқадес Есламғалиұлы 1946 жылы 18 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Жосалы ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Бұлдырты орта мектебін, 1967 жылы Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1967-79 жылдары Орал облыстық радио және телевидение комитетінде жұмыс істеді.

1979 жылы жазушы Оралдан Алматыға қоныс аударып, Алматыдағы бірқатар шығармашылық ұжымдарда лауазымды қызметтер атқарды.

Тұңғыш әңгімесі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде 1966 жылы жарияланды. Алғашқы әңгімелер жинағы «Аққу сазы» деген атпен 1977 жылы жарық көрді.

Жазушы «Екінші тыныс» (1982), «Қайырлы таң» (1984), «Екі басқа дүние» (1986), «Толқын мен ағын» (1992), «Өз жүрегіңе үңіл» (1996), «Тұман  ішіндегі көш» (2000) атты көркем прозалық кітаптар жазған. Сондай-ақ, тарихи зерттеулері топтастырылған «Сан қилы сауал» (1995), «Әбілхайыр хан», «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» (2000) атты кітаптары мен «Әйтеке би» тарихи-философиялық дилогиясы (2001) жарық көрді. Аталған кітаптарға енген туындылардың некен-саяғы тарихи тақырыптарға арналса, негізгісі өзіміз өмір сүріп отырған ортадағы оқиғаларды арқау етті.

«Төле би», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ақ бата», «Тамаша», «Жаһанша Досмұхамедов» атты жинақтарды құрастырды. В.Распутин, В.Шукшин, т.б. шетел жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Жазықсыз төгілген жас» атты пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында және облыстық театрларда қойылды.

Жазушы небәрі 57 жыл өмір сүрген қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінде айшықты із қалдырды. Қалың оқырманға құнды әдеби дүниелерін ұсынған, қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар қарымды қаламгердің туындылары қарапайым оқырмандардың көңілінен орын ала білді.

Жазушының туындылары әдебиетшілер қауымы тарапынан «шығармалары азат оймен, сергек санамен, ұлан-ғайыр ізденіспен, ұлттық өремен, елдік ұстаныммен, ащы шындықпен, тарихи деректемелермен сәйкестендіріліп жазылған»  деп жоғары бағаланды.

2001 жылы «Тұман ішіндегі көш» романы үшін қаламгерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

Ғұмыр бойы қазақтың сөз жауһарын терген, қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырған қазақтың көрнекті жазушысы, өлкеміздің мақтанышы М.Есламғалиұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, көркем туындыларын оқыту, есімін дәріптеу мақсатында аудандық кітапхана жүйесіне қарасты барлық кітапханада жоспар бойынша түрлі бағыттағы мәдени-көпшілік шаралар өткізілді.

Атап айтсақ, аудандық кітапхана, Алғабас және Аралтөбе ауылдық кітапханалары  «Мұқадес – мол  мұра  иесі» тақырыбымен бір мезгілде оқу сағатын ұйымдастырды. Кеш барысында «Әйтеке би», «Тұман ішіндегі көш», «Екінші тыныс» шығармалары оқылды.

Алғабас ауылдық модельді кітапханасында  жасөспірімдер арасында «Асқақ рухты өр тұлға» атты оқырмандар конференциясы, аудандық балалар кітапханасы  мен Аралтөбе, Бұлан, Жамбыл ауылдық кітапханаларында «Ұлты мақтаған ұлы тұлға» әдеби кеш оздырылса,  Жаңаөңір, Өлеңті, Правда ауылдық кітапханаларында «Тарих тамырынан нәр алған жазушы» кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге шолу жасалды.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп,  ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, өз жақсымызды құрметтейік.

Талантты   жазушы Мұқадес Есламғалиевтің өмір жолы мен шығармашылық тарихы өскелең ұрпақтың жадында сақталады. Оның мәнді мұрасы халқына қызмет ете береді, жазушыға арналған ауқымды шаралар жалғасын табады деп сенеміз.

Сырым аудандық ОКЖ-нің

кітапханаларды дамыту бөлімі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар