26.04.2016, 15:42
Қараулар: 393
Елі атын мақтан тұтқан

Елі атын мақтан тұтқан

Жас  ұрпақ үшін өз топырағынан шыққан азаматтардың өнегелі өмірі әрқашан  үлгі. Сондай мақтан тұтарлық азаматтардан Қоңыр топырағы да кенде емес. Бұл жерден ақын да, ғалым да, жазушы да, суретші де шыққан. Солардың бірі – «Алаш» сыйлығының иегері, жерлес жазушымыз М.Есламғалиев. Жазушының  шығармашылығын насихаттау мақсатында 70 жылдығына орай «Сырым аудандық ЖББ А.Жұмағалиев атындағы Жосалы ОМБК» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Елі атын мақтан тұтқан» атты онкүндік өтті.

Бұл іс-шараның аясында әрбір сыныпта жазушы шығармашылығына арналған сынып сағаттары,жоғарғы сыныптарда «Туған жердің сыр шерткен өткенінен…» атты шығармалар байқауы өткізілді және мектеп ұжымының ұйымдастырумен ақынның інісі, қазіргі таңда мектепте бейнелеу өнерінің мұғалімі Б.Есламғалиевпен кездесу болып, жақсы аға туралы інінің шын жүректен шыққан сағынышқа толы естеліктеріне куә болдық.

Сонымен бірге Есламгалиевтар-дың жанұялық архивінен алынған жазушының кітаптары мен  фотосуреттерінен кітапханашының ұйымдастырумен көрме ашылып, жазушы туралы тың деректермен қанықтық.

Иә, жазушы ағаның балалық шағы осы топырақта өтіпті.

Есламғалиұлы Мұқадес (1946–2004) 18 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жосалы ауылында  дүниеге келген.

1967 жылы Орал педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген. 1976 жылы Орал облыстық радио-телевидение комитетінде аға редактор, 1979 жылдан бастап республикалық «Жалын» баспасында аға редактор, 1983–1984 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 1984–1990 жылдары республикалық телеарнада «Тамаша» ойын-сауық хабарының бас редакторы, 1990–1993 жылдары «Денсаулық» журналында Бас редактордың орынбасары, 1993–1995 жылдары «Жазушы» баспасында жетекші редактор, 1998 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеген.

Тұңғыш әңгімесі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде 1966 жылы жарияланды. «Аққу сазы» (1977), «Екінші тыныс» (1982), «Қайырлы таң» (1984), «Екі басқа дүние» (1986), «Пробный камень» (1990, орыс тілінде) атты повестері мен әңгімелері, «Толқын мен ағын» романы (1992), «Өз жүрегіңе үңіл»(1996) атты роман, повесть және әңгімелер кітабы, «Тұман ішіндегі көш» (2000) романы, пьесасы мен әңгімелер жинағы; 2003 жылы «Әйтеке би» атты тарихи философиялық дилогиясы, тарихи зерттеулері топтастырылған «Сан қилы сауал» (1995), «Әйтеке би» (ғұмырнама, 1998); «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» (2000) атты кітаптары жарық көрді.

Қоғам үшін көптеген қызметтер атқарған жерлесіміздің өмір жолына көз жібере отырып, оның кітаптарын парақтап оқыған кезде, шығармаларының ішінен өзімізге таныс жер атаулары,тіпті кейбір кейіпкерлері сонау соғыстан кейінгі жылдары өмір сүрген  адамдардың аттарымен  өзгертілмей алынып, колхоз жұмысына белсене кіріскен кешегі еңбекқор әкелеріңіз бен аналарымыз туралы жазылғанына куә болдық, әсіресе «Көкжиектің ар жағында» атты әңгімесінде соғыстан соңғы ауыр  жылдарда ел жағдайын көтеруге белсене атсалысқан өз әкесінің бейнесінде алынған Нұржұма атты кейіпкер оқырманын өзіне еріксіз баурап, ел жайын жер жағдайын білетін шежіре қарттарды елестетеді.

Иә, әрбір шығармасы көкірек көзі ояу,ұрпағы үшін туған жердің өткенінен сыр шертіп тұрғандай.  Ендеше, «Өткеніңді білгенің – өскенің, өткеніңді білмесең – өшкенің» деген даналық сөзде айтылғандай, жазушы шығармаларын оқи отырып, ел мен жер тарихына қаныға түсейік.

      Н.Қабешова,

А.Жұмағалиев атындағы ОМБК КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

А.Есенаманова,

Кітапханашы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар