14.04.2016, 16:39
Қараулар: 314
Орынды ұсынбалар айтылды

Орынды ұсынбалар айтылды

БҚО кәсіпкерлері палатасының Сырым ауданындағы филиалының мәжіліс залында тауарларды сертификатпен қамтамасыз ету және өнімдердің сертификат сәйкестігіне мемлекеттік органдармен жүргізілетін тексерулер жөнінде жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Абат Шыныбеков, аудан прокуроры Мейірхан Ізімов қатысты.

 

Тауарларды сертификаттау мәселесі және сертификат сәйкестігіне жүргізілетін тексерулердің тәртібі жөніндегі хабарламасында БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің тұтынушыларды қорғау бөлімінің басшысы Эльмира Қиматова сертификат сәйкестігіне қойылатын талаптың өңірімізде көп ескерілмейтіндігін айтып отыр. Облыста тауар сертификаты сәйкес емес деген айыппен 16 материал сотқа жолданып, 15 факті негізді деп танылды. Департаменттің тарапынан осы кезге дейін тек азық-түлік өнімдеріне ғана тексерулер жүргізіліп келсе, бүгін бұл жұмыстың аясы кеңіген. Осы күні қандай өнімді болсын тексеріске ұсыну тұтынушылардың құзіретіне тиді. Сырым ауданындағы сертификат мәселесі бойынша жүргізілген тексерулердің нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Қарлығаш Мұхамбеталиева хабарлама жасады.

Сертификат сәйкестігі деген мәселе аудандағы кәсіпкерлерді де тығырыққа тіреп отыр. Себебі, Қазақстанның ірі қалаларындағы орталық базарлар да,  өзіміздің облыс орталығындағы көтерме сауда орындары да ұсынған тауарлары үшін сертификат бермейді. Аудан әкімі Абат Шыныбеков облыстағы департамент өкілдеріне тексеру жұмыстарын көтерме сауда орындарынан бастау керектігі жөнінде ұсынысын айтты. Бұл ұсынысты қуаттап аудандағы жеке кәсіп иелері Нұрсұлу Мұқанова, Айсұлу Ихсанова сөз сөйледі.

БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті өкілдері айтылған ұсыныстар бойынша тиісті қорытынды шығарамыз деп уәделерін беріп отыр.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар