14.04.2016, 16:09
Қараулар: 350
Жыр сайысының дүлдүлі

Жыр сайысының дүлдүлі

Аудандық мәдениет үйінде мәдени-демалыс жұмысының  ұйымдастырушысы Г.Зейнуллина мен дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі М.Мамықовтың ұйымдастыруымен «Айтыстың алғашқы қарлығашы» атанған ақын, ауданымыздың «Құрметті азаматшасы» Жаңыл Жұрмағамбетованың «Жыр сайысының жүйрігі» атты ақынды еске алу кеші өтті.

 

Кешке Жаңыл Жұрмағамбетованың туыстары, яғни, інісі Наурызбай Жұрмағамбетов  және ақынның қыздары Меңдігүл, Бибігүл, Күлән Есенғалиевалар қатысты. Кешті Бұлан орта мектебінің ұстазы Серік Зиятов жүргізіп, көрермендерге ақын жөнінде ұтқыр сөз, орымды ойын ақын шығармашылығымен ұштастыра отырып, тамаша жүргізді. Кеш барысында айтыс өнерінің саңлақтары сөз сөйледі. Яғни, Зәкәрия Молдағалиев айтыс ата-бабамыздан келе жатырған өнер дей келе, сол кездегі жас ақындардың көпшілігі Жаңыл апамызбен бірге жүретіндігін, айтыста кеңшардың жәйімен қатар басына баспана ала алмай жүрген жандарға пайдасы тиіп жататындығын айтып, өзінің арнау өлеңін оқыды. Ал, Есен Баймұхамбетов кезіндегі айтыстың алғашқы буындары Жаңыл мен Асқар Сұлтанов еді деп естелік әңгімелерімен бөліссе, ақын Махмет Қажиахметов менің айтысқа келуіме себепші болған осы Жаңыл апам еді деп естелігін айтып, сөз соңында өзінің арнау өлеңін оқыды. Кезінде Жаңыл Жұрмағамбетовамен жұмыстас сіңлісі болған Маржан Ғаббасова өзінің естеліктерінен әзіл-шумақтарын оқып берді. Осы кеште Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп оқушылары да ақынның өлеңдерін оқыса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары эстрадалық әндерін көрерменге шалқыта орындап берді. Сонымен бірге М.Мамықов, М.Мұқанов, А.Алдамжаров және С.Әубәкіровтер халық әндерінен ән-шеру жасап, көрермендердің ықыласына бөленді. Ақынның еске алу кешін одан әрі жергілікті айтыс ақындары өлеңтілік Бауыржан Ширмединұлы, бұлдыртылық ақындар Қуаныш Қапанов пен Жанат Сайғожиевалар сөз қағыстырып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Шара соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов сөз сөйлеп, ақынның туыстары мен кеш қонақтарына естелік сыйлықтарын табыс етті.

Нұрлан Төлеуішов

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар