14.04.2016, 15:57
Қараулар: 239
Мүгедектердің құқықтарын қорғаудағы жаңалықтар

Мүгедектердің құқықтарын қорғаудағы жаңалықтар

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 3 желтоқсандағы №433-V Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес келесі толықтырулар «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына енгізілді:

  1. Жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы адамдарға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар заңнамаға сәйкес тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен емес көлемде төленеді (01.01.2016 ж. бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері — 22859 теңге).

Психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы адамдарға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар заңнамаға сәйкес тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің 30 пайызы көлемінде төленеді.

  1. Медициналық-әлеуметтік меке­мелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар толық көлемде төленеді.

Бұдан басқа «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына келесі толықтырулар енгізілді:

  1. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі алушының мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұрған кезеңіне тоқтатыла тұратын болады.
  2. Медициналық-әлеуметтік меке­мелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы адамдарға жасы бойынша зейнетақы төлемдері заңнамаға сәйкес есептелген мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес көлемде төленетін болады (01.01.2016 ж. бастап ең төмен зейнетақы мөлшері — 25824 теңге).
  3. Медициналық-әлеуметтік меке­мелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы адамдарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері заңнамаға сәйкес тағайындалған мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес көлемде төленетін болады.

Жасы бойынша зейнетақы төлемдерінің, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің және жәрдемақылардың тағайындалған мөлшерінің  70  пайызы медицина­лық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) жеке банктік шотына аударылатын болады.

Медициналық-әлеуметтік меке­мелердің (ұйымдардың) көрсетілген қаражатты пайдалану тәртібін орталық атқарушы орган айқындайды.

Алушы медициналық-әлеуметтік мекемелерден (ұйымдардан) шыққан жағдайда, шыққан айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап жасы бойынша зейнетақы төлемі, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу толық көлемде қайта басталады.

Жоғарыда аталған өзгерістер мен толықтырулар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

С.Төлегенов,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар