14.04.2016, 15:47
Қараулар: 319
 » 
Бірыңғай мектеп формасы оқушылардың жинақы киінуін міндеттейді

Бірыңғай мектеп формасы оқушылардың жинақы киінуін міндеттейді

ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі бұйрықты 9 наурызда жариялады. Аталған талаптардың 2.13-тармағында мектеп формасына қандай да бір дінге қатыстылықты айқындайтын киім элементтерін қосуға жол берілмейтіндігі белгіленген.

 Осыдан кейін, қоғам арасында түрлі пікірлер айтыла бастады. Бірі зайырлы мемлекеттің заң талаптарына бағынуды дұрыс деп шешсе, келесі бір топ өз (сыңаржақ) пікірлерін алға тартып, келіспейтіндіктерін білдіруде. Қоғамның қызу талқысына түскен осы мәселенің аражігін ажыратып, оңтайлы шешімін табу мақсатында белгілі дін мамандарың пікірлеріне жүгінгенді жөн санадық.

Балғабек МЫРЗАЕВ, теология ғылымының докторы: Мектеп киіміне қойылатын талаптар шектеу емес

Үстіміздегі жылғы наурыз айында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарды бекіткенін хабарлаған болатын.

Онда мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтындығы туралы орынды талап көрініс тапқан.

Өкінішке орай, жекелеген азаматтарымыз осы бұйрық діндарлардың құқығын шектеп жатыр деп қоғам арасында түсініспеушіліктің туындауына себеп болуда.

Менің ойымша бұлай даурығудың жөні жоқ. Бұйрықта мектеп формасының түсін, пішінін таңдау орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес және ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі деп көрсетілген. Бұл оқушылардың, оның ішінде қыз балалардың біркелкі киінуіне мүмкіндік береді.

Талаптар қыз баланың діни сипаттағы орамал тағуына мектептің ішінде ғана рұқсат бермейді. Ал, орта білім беру мекемелерінен тыс жерлерде оқушылардың киім кию үлгісіне ешкім шектеу қоймайды.

Сондықтан, Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты талаптарына түсіністікпен қарауымыз керек. Осы тұрғыда айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары азаматтарға барынша кең құқықтар берумен қатар, бір мезгілде олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап беретінін ескеруіміз керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағаты және ата-аналар тарапынан мектеп формасына қатысты туындаған сауалдарға байланысты өз ұстанымын анық білдірді. Діни басқарма мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қоятын талаптарына түсіністікпен қарауға және бұл мәселені ушықтырмауға шақырды. Өйткені, бұл талап тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім екенін жария етті.

Мен еліміздің барлық діндарларын халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзін басшылыққа алып, мемлекет заңдарына құрметпен қарап, балаларының жақсы білім алуын қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуге шақырамын.

Кеңшілік ТЫШХАН, философия ғылымының кандидаты, дінтанушы: Ортақ түсіністікке келу ел руханияты үшін ауадай қажет

Қазіргі күні елімізде діннің қоғамдағы орны мен ролінің күннен-күнге өсе түсуінен зайырлылық пен діни қағидаттардың аражігін анықтау шегінде бірқатар мәселелер туындауда. Бұл заңдылық, себебі мемлекет пен діни құндылықтардың атқаратын қызметі мен қояр талабы әртүрлі.

Осы мәселелердің бірі мектеп қабырғасында ортақ үлгідегі киім киюге қатысты талаптардан туындап отыр. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген жаңа талаптарда діни үлгідегі киімге жол берілмейтіндігі нақты көрсетілді. Осы шешімге байланысты азаматтардың пікірі екіге жарылғандай болды. Бір тарап мұны конституцияға қайшы талап ретінде танытуға тырысса, екінші тарап мұны орынды талап деген пікірді ұстанып отыр.

Қазір бұл пікірді ушықтыра берудің еш қажеті жоқ. Мұны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да нақты атап өтті. ҚМДБ-ның ұстанымы бойынша елімізде зайырлы сипаттағы жалпы орта білім алудың міндеттілігіне байланысты аталған талапқа азаматтардың түсіністікпен және сабырмен қарауы керектігі айтылған.

Расында, бұл мәселеге сыңаржақ көзқарас ұстанудың қажеті жоқ. Еліміздің әрбір азаматы діни сенім бостандығына барынша құрметпен қарайтын мемлекет талаптарына түсіністікпен қарауы тиіс.

Бұл талап мектеп қабырғасындағы оқушылардың тәрбиесіне, киіміне ерекше мән беру қажеттілігінен туындап отыр. Парасатты ұрпақ білім мен рухани тәрбиенің тоғысуынан туындайтындығынан ескерер болсақ, мектеп қабырғасындағы қыздарымыз үшін ортақ киім формаларын қалыптастыру ұлт болашағы үшін қажет.

Еліміздің саналы азаматтары осындай қайшылықты мәселелерді желеу еткісі келетін кейбір мүдделі топтардың өздерін арандатуына жол бермеуі керек. Қазақ халқында «Мұсылмандық әсте–әсте» деген қағида бар. Сондықтан руханияттың дамуында асығыстық пен күйгелектік танытпай, ортақ түсіністікке келу еліміздің тұрақтылығы үшін ауадай қажет деп білеміз.

Мен өз тарапымнан әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасылар мен әртүрлі көзқарастағы ортадан шыққан мектеп балаларына ортақ үлгідегі киім кию талабына қоюды құптарлық іс деп есептеймін.

Ершат ОҢҒАРОВ, философия және мәдени антропология ғылымдарының Ph.D докторы, исламтанушы:

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты шығарған бұйрығынан кейін қоғамда әртүрлі пікірлер айтылуда. Бұл мәселе жөнінде еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген азаматтар ҚМДБ-на хабарласып, өз алаңдаушылықтарын білдіріп, сұрақтарын жаудырып жатыр. ҚМДБ осы жағдайларды ескере келе, мынадай мәселелерге басымдық бере отырып, өз ұстанымын жариялады.

Біріншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді.

Біз діндар азаматтарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз, өйткені бұл қадам орта мектептердегі киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім болып табылады.

Екіншіден, жалпы орта мектеп оқушыларына қатысты ортақ киім формасы туралы жаңадан шығарылған бұйрықты бұра түсіндіріп, қолдан дау жасап, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Елімізде берік орныққан тұрақтылық пен тыныштыққа қызғанышпен қарайтын белгісіз топтар осы бір сәтті пайдаланып, ақпараттық құралдар мен түрлі әлеуметтік желілер арқылы ел арасына бүлік салуға тырысуда. Сондықтан, әрбір іске сабырмен, байыппен қарау керек.

Үшіншіден, ҚМДБ заң бойынша діни бірлестік болып есептеледі. Ал діни бірлестіктер мемлекеттік мекемелердің саясатына араласа алмайды. Бұл – заң талабы. Діни басқарма қоғамнан бөлек өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан мемлекеттің шығарған әрбір заңына дін қызметкерлері қашанда құрметпен қарайды.

Төртіншіден, ҚР Білім және ғылым министрлігі шығарған бұйрықта мектеп формасының үлгісін қоғамдық кеңестер, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі бірлесе қарап, өз ұсыныстарын айтуларына болатындығы көрсетілген. Яғни, қыздарының ұзын етек-жеңі бар, мектептің талаптарына сай киім киюін қалайтын ата-аналарға өз ұсыныстарын айтуларына мүмкіндік қарастырылған. Мен осы орайда жергілікті мектептерде киім үлгісін қабылдауда мұсылман жамағатының да тілегі ескерусіз қалмайды деп сенемін.

Алла Тағала баршамызды өзінің разылығына жететін, сүйікті құлдарынан болуды нәсіп етсін! Әмин!