11.02.2016, 12:21
Қараулар: 374
Сырымдағы шырайлы істер

Сырымдағы шырайлы істер

6.11.02.16Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында «Жібек жолы» автокешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.  Аудан орталығының үстімен өтетін Самара-Шымкент күре жолы бүгінгі күні аудан кәсіпкерлерін сервистік қызметті құнттауға құлшындыруда.  Жымпитылық кәсіпкер Ғанимат Нұрмұхановтың алып автокешенді салудағы негізгі сенім факторы да халықаралық маңыздағы жолдың тиімділігінен туып отыр.

Автокешеннің құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Бұйырса, осы жылдың аяғында аяқталады деп жоспарланған. Құрылысының құны 260 миллион теңгеге шамаласатын бұл нысанда кафе, жеңіл және жүк көліктерін жуу, жөндеу орындары, супермаркет, 48 орындық қонақ үй, сауна, автотұрақ жұмыс істейтін болады. Күні бүгін кейбір ғимараттардың құрылыстары бітіп тұр. Кешеннің жалпы аумағы – 1, 684 га.

Кешеннің жобасын облыс басшысына нысанның иесі Ғанимат Нұрмұханов таныстырды. Самара-Шымкент күре жолының көлік және жолаушылар ағынының жиілігін пайдалану  –  Сырым ауданының кәсіпкерлік саласында баса айтылып жүрген мәселелердің бірі. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жолаушыларға қызмет ететін жаңа сервистік кешеннің осы тұрғыдағы тиімділігін құптады.

«Жібек жолы» ШҚ жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов облыс әкімімен болған мәжілісінде Өлеңті көлдетіп суару жүйесіне қатысты мәселелерді де айтты. Бұл жүйенің басты бөлігі мен 7 бірдей бөгетінің қақпасы қайта жөндеуді қажет етеді. Осы арқылы шабындық алқаптардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Облыс басшысы аудан әкімі Абат Шыныбековке республикалық комиссияға Өлеңті көлдетіп суару жүйесін қалпына келтіруге байланысты  тиісті ұсыныстарды беруді тапсырды.

*     *     *

Осы күні Жымпитыдағы дене шынықтыру- сауықтыру кешенінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың жергілікті спортшылармен кездесуі болды.

Кездесуде сөз сөйлеген ауданның ардагер спортшысы Ғилаж Қаналиев спорт деген дүниенің бірліктің, татулықтың насихатшысы екендігін айтты. Жас чемпиондар атынан сөз алған самбодан Азия чемпионы ГауҺар Серікова өз сөзінде Сырым ауданы әлі де спорт саласында жаңалықтар жасауға дайын деп сендірді.

 Сырым ауданы халқының 26 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Кейінгі жылдары аудан халқының спорттық шараларға қатысу деңгейі де екі есеге өскен. «Тұрғындардың арасында салауатты өмір салтының қалыптасу үрдісін арттыратын бір себеп – спорт нысандары қатарының артуы. Былтырғы жылы пайдалануға берілген Сырым ауданындағы көпфункциялы спорт кешені де  бұқаралық спортты өркендету үшін жасалған ірі қадамдардың қатарына жатады. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің сөзінде Елбасының спортпен тұрақты шұғылданушы халықтың қатарын көбейту тапсырмасын орындауда батысқазақстандықтардың нақты үлесі бар деді.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне «ГАЗель» автокөлігінің кілтін тапсырды. Кейін спорт кешенінің жұмысымен танысты.

*      *      *

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі көрмемен танысты. Бұл көрмеде Аралтөбе ауылдық округіндегі арнайы киімдер мен аяқ киімдер тігіп, ат әбзелдерін дайындайтын «Әсем» ательесінің өнімдері, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының жанындағы қолөнер үйірмесі мен робототехника үйірмесінің туындылары көрсетілді.

Сырым ауданындағы ауылдық округ әкімдері облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жерге тағзым» акциясының аясында атқарылатын нақты жұмыстарының жоспарларын таныстырды. Байқағанымыз, әрбір округ өзіндік ұмтылысын қалыптастырған, өзіндік басым бағдарын белгілеп алған. Таныстарған жұмыстары да көрер көзге керемет-ақ. Бірінде спорт алаңы салынбақ, бір округте саябақ қалпына келтірілмек, ал енді кейбір округтер жылыжайды қолға алса, кейбірі мал бордақылайтын алаң салуды жоспарлауда. Бәрі де инвесторлардың, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен, әрине. Түсінсек, айналамыздағы ауылдарға еліне елеңдеген, ауылына алаңдаған азаматтар арқылы түлейтін, жаңаратын дәурен келе жатырған сыңайлы.

Ауылдық округ әкімдерімен бөлек мәжіліс жасаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру, жергілікті мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы жөнінен халықты түсінікте ұстау жөнінде тапсырмалар берді.

*      *      *

Аудандық мәдениет үйінде Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың халық алдында есеп беру жиналысы өтті. Қорытынды есеп беру жиналысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімдігінің өкілдері және басқармалар мен кәсіпорын басшылары, аудан тұрғындары қатысты. Жиналыстың ресми бөлімі басталғанша, қатысушылар назарына Сырым ауданының 2015 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі бейнефильм көрсетілді.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі Абат Шыныбеков Сырым ауданы бойынша 2015 жылы атқарылған жұмыстар мен міндеттер туралы баяндама жасады. Оқырмандардың ойына ыңғайлы болуы үшін, біздер тек негізгі көрсеткіштерге тоқталайық.

Бүгінгі күннің тәртібіне салық базасын кеңейтудегі мүмкіншіліктерді пайдаланып, мүлікті жария ету мәселесі өткір қойылып жүр. Сырым ауданында 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталған мүлікті жария ету жұмыстары барысында 27 мүлік 136, 9 млн. теңгеге жария етілді.

Жымпиты ауылын сумен қамту үшін қосымша 2 су ұңғымасы, Қарағанды, Алғабас ауылдарына 2 ұңғыма қазылды. Жымпитыдағы ауылішілік жолдарды жөндеу көптен бері көкейден кетпей жүрген шаруа еді. Осы жұмыстар былтыр жасалып, ауыл ішіндегі көшелерге 2, 5 шақырым асфальт төселді. Бұдан бөлек, Жымпиты-Қаратөбе автожолының 25 шақырымы, Бұлдырты ауылының кірме жолына 8 шақырым қатқыл табанды асфальт салынды.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы бір жаңалық – 13 бірдей селолық тұтыну кооперативтерінің құрылуы. Бұл кооперативтер жеке тұрғындардың 1550 бас ірі қара малдарын біріктіріп, селекциялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Селолық тұтыну кооперативтеріне берілген субсидиялар негізінен ауылдық елді мекендердің, кооператив мүшелерінің қажеттіліктеріне, қалған қаржы көктемде мал бағымын ұйымдастыруға жұмсалатын көрінеді.

Сырым  ауданында 6 шаруа қожалығы мал басын асыл­дандырумен айналысады. Бұл қожалықтардың иелігінде 1493 асыл тұқымды мал басы бар. Аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың біразы өздерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту және салу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Былтырғы жылы Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 80 жыл толуына орай Сырым ауданында ақынның ескерткіші тұрғызылды, алаң салынды. Жауынгер-ақын Абдолла Жұмағалиевтің 100 жылдығына орай ақынның жыр жинағы қайта басылды. Ақын атындағы мектептің алдына мүсіні қойылды. Осы жылы Сырым ауданы «Шерлі шежіре аманаты» атты халықаралық форумның делегаттарын қабылдады. Өткен жылдың өзі осындай жаңалықтарға толы.

Биыл аудан орталығында жолаушыларға арналған көп салалы автокешен, 2 асхана, 2 супермаркет, 2 газ құю бекеті, Шідерті, Аңқаты өзендерінің бойынан жолаушыларға арналған кемпингтер салыну жоспарлануда.

Бүгінгі күні аудан халқының 92 пайызы көгілдір отынмен қамтылды.

Сырым ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 игі іс» атты акция бастау алды. «Туған жерге тағзым» акциясының шеңберіндегі мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту ісі де әрі қарай жалғасатын болады.

Аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін жарыссөзге жазылған Бұлдырты ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев сөз алды. Бұл азамат облыс әкімі Н.Ноғаевтың қатысуымен өткен аудан әкімінің былтырғы есептік жиынында Бұлдырты ауылының кіреберісіндегі 12 шақырымдық жолды жөндеу мәселесін көтерген болатын. Жоғарыда айтылғандай, жұмыс қозғалды. Бұлдыртының кірме жолына 8 шақырым қатқыл табанды асфальт төселді. Жолдың қалған бөлігі биыл жөнделіп бітеді. Қален ақсақал осы үшін облыс басшысына және аудан әкіміне алғыс айтты, есептік баяндамаға оң баға берді.

Есептік жиында тұрғындар тарапынан жергілікті маңызы бар деген  мәселелер айтылды. Оның бірі – Жетікөл ауылдық округіндегі Сырым орта мектебін жөндеу мәселесі. Осы округтің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жасқайрат Кенжебаевтың мектеп жайындағы мәселесіне облыс әкімі жауап берді. Сырым орта мектебі 2016 жылы жөнделмейді, 2017 жылдың жұмыс жоспарына енеді. Енеді деген, жөнделеді деген сөз емес, бірақ. «Уақытында көреміз!» деген сөз бұл.

Талдыбұлақ ауылдық округі ардагерлері кеңесінің төрағасы Сабыр Оразов Ақсай-Жымпиты бағытындағы ауданаралық жолды жөндеу жайын айтты. Облыс әкімінің айтуынша, бұл шаруа да таяу арада шешілмейді. Себебі, облыста бұл жолдан гөрі маңызды жолдар бар. Сондықтан ауданның Ақсай бетіндегі ағайынға шұрқ-тесік жолмен әлі біраз жүре тұруға тура келеді. «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Серіков «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының талаптарына қатысты өз ұсынысын айтты. Белсенді оқырман Есен Баймұханбетов аудандағы кітапханаға жаңа ғимараттың керек екендігін алға тартты. Дегенмен, кітапхана үшін дайын тұрған ғимарат жоқ ауданда. Жиын барысында еңбек және тыл ардагері, Сырым ауданының құрметті азаматы Отарбай Сарғозыұлы көтерген қой терісін өңдеуге қатысты мәселені төралқа мүшелері халықпен бірге талқылады. Бірақ, нақты ұсыныс естімедік.

Аудан әкімінің есептік кездесуінде сөз алып, жұрттың жағдайын айтқан қай-қай азаматтың да ниетін қоғамға, елге деген жанашырлық қой деп түсіндік. Әйтеуір барлығы да ауданның әкімі Абат Шыныбековтың әкім ретіндегі қызметіне, азамат ретіндегі қасиетіне разы.  Әйтпесе, ауылдың ақсақалы Сүйінғали Дауыловтың «Жұмысты осылай жасау керек қой!» деп, орынынан тұрып құрмет көрсетуі тегіннен бе? Аудан басшысының жұмысын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та оңынан бағалады.

«2015 жыл – еліміз үшін ерекше жыл болды, осы жылы елде елеулі қоғамдық-саяси шаралар көптеп өтті. Елбасының Жолдауында көрсетілген межелер, мемлекет басшысының берген тапсырмалары, әкімдердің жұмыс жоспарлары, барлығы да  халықтың әл-ауқатын көтеруді, елдің экономикасының дамуын, әр саладағы мемлекеттік қолдаулардың артуын, сол бағдарламалар арқылы елдің оң дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бағытта елде біраз істер атқарылды. Соның бірегейі біздің облысымызда, бірқатары Сырым ауданында да жасалды. Бүгінгі жиынның бас баяндамашысы да сөз сөйлеп, пікір білдірген азаматтар да елде, ауданда оң өзгерістердің бар екенін айтуда.  Жаңа жоспарларды естідік. Осы жақсылықтар өзінің жарасымды жалғасын тапсын!

Адам баласы біржақты көзқараста болмауы керек. Біткен жеріміз осы деп базынаға баса беруге де болмайды. Сол сияқты, толдым, жетілдім, болдым деп айтуға да болмайды. Не нәрсенің де байыбын түсініп, үйрену керек. Таразының басын тең ұстаған дұрыс! Бізге керегі ұстамдылық, ірілік! Елге амандық тілеймін! Бір-бірімізбен «Сіз», «Біз» десіп, жолығуға жазғай! – деді облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде.

Бауыржан Ширмединұлы,

“Сырым елі”

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар