11.02.2016, 12:10
Қараулар: 312
 » 
Ананың жамағатқа айтары бар

Ананың жамағатқа айтары бар

9.11.02.16Жұма намазының алдында әдеттегідей бас имам Бақытжан Сабыралиев уағыз айтып болған соң,  Жымпиты ауылының тұрғыны, Орал қалалық сотымен діни бағыттағы баппен шартты түрде сотты болған Марат Садықовтың анасы Клара Сармұханова мешітке келді. Намазға жиылған жамағатқа айтар аналық сөзі бар екен.

 

Намаз оқимын деп жүріп, тура бағыттан тайып, адасып, жалғыз ұлы опық жеген ана өзінің кебін басқа аналар да кимесе екен, қайғырмаса екен, жастар адаспаса екен деген ниетпен сөз сөйлеп, көзіне жас алды:

– Құрметті, балаларым, бауырларым! Осыдан төрт ай бұрын балам Марат қателесіп,  қамауда отырды. Ана үшін баланың қайғысынан қиын не бар? Қатты қиналдым. Басымды тауға да, тасқа да ұрдым. Жеме-жемге келгенде ешкімнен көмек сұрамадым. Ертемен Алладан кешірім сұрап: «Баламның бір қателігін кешіре гөр! Жалғыз ұлымды аман-есен алып қала гөр!» – деп екі алақанымды жайып, жалбарынудан басқа амалым қалмады. Ол жалғыз ғана ұлым, екі кішкентай немерем бар. Балам басқа елге мені тастап кетіп қалса, күнім не болмақ?-деп көз жасымды көлдеттім. Қиналғанымды ешкімге білдіртпей жылап аламын. Бақытыма орай, балам ол жаққа кетпей, қайтарылды. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген бар. Қуанышымда шек болмады. Балам қателігін мойындады, кешірім сұрады. Қазір отбасымен, қыздарымен қауышты. Келінімнің де көңілі жадыраңқы. Анаға осыдан артық қандай бақыт керек?  Ұлым маған: «Анашым, мен үшін кешірім сұраңыз, халықтан» деген болатын. Барлығыңыздан ұлымның атынан кешірім сұраймын. Балаларым! Тура жолдан адаспаңдар! Бәріңнің де мен сияқты аналарың бар. Ата-аналарыңды ренжітпеңдер, олардың жүрегіне жара, көңіліне қаяу түсірмеңдер! Сендерге ешкім намаз оқымаңдар деп айтпайды. Намаз оқыңдар, ол біздің мұсылмандық парызымыз. Біз бейбіт, бақытты, тұрақты мемлекетте жайлы өмір сүріп жатырмыз. Туған елдің қадірін біліп, бағалай біліңдер. «Баланың қадірін балалы болғанда білерсің» деген. Аналарыңызды, балаларыңызды жылатпаңдар, – деді Клара апай.

Ауданның мешіттің бас имамы Бақытжан Сабыралиев: «Ешқайсысымыздың ата-аналарымыз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылмасын! Намаз оқимыз деп адасып, әке-шешені жылатпайық! Құлшылығымызды ата-аналарымыз мақтанатындай дәрежеде оқиық!» – деді.

Шынар Молданиязова