11.02.2016, 11:57
Қараулар: 284
Алаяқшылардан мұқият болыңыздар!

Алаяқшылардан мұқият болыңыздар!

Сырым ауданының аумағында соңғы 5 жылда алаяқтық қылмыстар жыл сайын тіркеліп келеді (2010 ж. – 2, 2011 ж. – 7, 2012 ж. – 1, 2013 ж. – 1, 2014 ж. – 3, 2015 ж. — 3). Соңғы 3 жылда алаяқтық қылмыстардың өсу тенденциясы орын алуда.

Соның ішінде, азаматтарға қарсы алаяқтық жасау жиі орын алып отырғандығы алаңдатуда. Нақты айтқанда, соңғы 5 жылда тіркелген 17 алаяқтық қылмыстардың 14-і азаматтарға қарсы жасалған.

Мысалы, 2014 жылғы 10 қаңтарда аз. «С» алаяқтық жасап, бөтен мүлікті сенімге қиянат жасау арқылы ұрлау мақсатында Сырым ауданы Жымпиты ауылына келіп, аудандық аурухананың алдынан Шолақаңқаты ауылдық округінің тұрғыны, бұрыннан танысы, аз. «А»-ны кездестіріп, тісін жөндеп беремін деп оның сеніміне кіріп, 30 000 теңге ақшасын сенімге қиянат жасау арқылы ұрлап, оқиға болған жерден бой тасалаған.

Бұл оқиға бойынша аудандық ішкі істер бөлімімен 16.07.2014 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 177 бабының 1 бөлімімен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу нәтижесі бойынша жәбірленушіге келген материалдық зиян толығымен өндіріліп, бітімгершілікке келуіне байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздермен қысқартылды.

Немесе, азаматша «С» өзінің туған кезінен мүгедек баласы «Е»-ні тәрбиелеуден бас тартып, баласы Көшім балалар психоневрологиялық әлеуметтік-медициналық орталыққа орнатылғанын және балаға арналған жәрдемақылар оған тиесілі емес екенін біле тұра, аудандық зейнет ақы төлеу орталығын ескертпей, баласына тиесілі мүгедектігіне байланысты төленетін жәрдемақыларды заңсыз 2012 жылдың қазан айынан бастап желтоқсан айына дейін алып келген. Осымен мүгедек баласына 105 569 теңге мөлшерінде зиян келтірген.

Аудан прокуратурасының араласуынан кейін «С» азаматшамен мүгедек баласының жәрдемақылары толығымен қайтарылып, оның конституциялық құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ, соңғы уақыттары азаматтар қарызға ақша немесе тауар беріп, ала алмағасын оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде аудандық ішкі істер бөліміне арызбен жүгіну көп кездесуде.

Дегенмен, азаматтардың ара­сындағы мұндай қарым-қатынастар азаматтық құқықтық қатынастарға жатады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9 бабына сәйкес азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк немесе аралық сот құқықтарды мойындату; құқық бұзылғанға дейiнгi болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе  оның  бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттерге тыйым салу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, төленетiн айыпты өндiртiп алу; мәмiленi жарамсыз деп тану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқық қатынастарын тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның заңдарға сәйкес келмейтiн құжатын жарамсыз немесе орындауға жатпайды деп тану; азаматтың немесе заңды тұлғаның құқыққа ие болуына немесе оны жүзеге асыруына кедергi жасағаны үшiн мемлекеттiк органнан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiртiп алу арқылы, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де әдiстермен жүзеге асырады.

Сондықтан, азаматтар алажақ сомаларын өндіру үшін сотқа тиісті талап-арызбен жүгінулері тиіс.

2013-2015 жылдары аудан аумағында алаяқтық жолмен мемлекет қаржысын жымқыру 3 фактілері тіркелді.

Мысалы, аудан прокуратурасымен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру бары­сында заңдылықтың сақталуына жүргізілген тексеру барысында «Сырым ауданының жұмыспен қамту орталығы» ММ-не 2015 жылдың ақпан-мамыр айларында «С» жеке кәсіпкері «Б» есімді адамды әлеуметтік жұмыс орындары арқылы жұмыс жасағандығы туралы жалған табельдер тапсырып, 42 217 теңгені жымқырғандығы анықталып, тексеру құжаттары процессуалдық шешім алу үшін аудандық ішкі істер бөліміне жолданды.

Аудандық ішкі істер бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша «С» жеке кәсіпкері жұмыспен қамту орталығына 42 217 теңгені толықтай өтеуіне байланысты қылмыстық іс қысқартылды.

Дәл осылай, 2013 жылы аудан прокуратурасымен алынған шаралар нәтижесінде алаяқтық жолмен мемлекеттік бюджеттің 700 мың теңгеден астам қаржысын жымқырған жеке кәсіпкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қаржы мемлекетке қайтарылды.

Алаяқшылардың жеке бастарына келетін болсақ, ауданда тіркелген алаяқтық қылмыстарын 35-45 жастағы, жұмыста жоқ азаматтар жасаған.

Алаяқтық қылмыстарға азаматтарды негізінен тұрақты табысы болмағандықтан, жеңіл жолмен ақша табуға қол жеткізу ықыластары итермелейді.

Алаяқшылар өздерінің қылмыстық әрекетін азаматтардың сеніміне кіріп жасайды. Сондықтан, азаматтар жеке бастарын куәландыратын құжаттарын, өздерінің меншігіндегі заттарды, соның ішінде құнды заттарын бейтаныс немесе сенім білдірмейтін адамдарға бермеуі қажет.

М.Изимов,

Сырым ауданының прокуроры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар