11.02.2016, 11:54
Қараулар: 372
Ағаның жарқын бейнесі

Ағаның жарқын бейнесі

11.11.02.16Әлі есімде, алпысыншы жылдар…

Жымпиты елді мекені. Аула футболының қызып тұрған шағы болатын. Бір топ бала келесі көшенің командасымен сайысқа түсу үшін ақ тер-көк тер болып, алаңсыз теңбіл допты қуалап, әзірленіп жүрміз.

«Әй, Құспан! Допты олай теппейді, былай тебеді» деп, шалбарының балағын түріп алған жігіт ағасы бәрімізді алдап өтіп, қақпаға допты дәл теуіп енгізді. Біз аң-таң…

Біз күнде ойнап жүргенде, бұлай ересек адамдардың қызығушылық танытқанын көрмеппіз. Одан кейін допқа қалай ие болуды, беталды құла тебе бермей, серіктесіңе дәл доп беріп, оны қақпаға енгізуге жағдай туғызу жөнінде бірнеше тәсілдер көрсетті.

Соның арқасында болуы керек,  аула командалары арасындағы  турнирлерде жүлделі орындарға ие бола бастадық.

Бұл азамат – біздің капитанымыз. Құспанның немере ағасы  Нөкен ағай еді. Өмірдің өзі қызық қой. Нөкен ағайымызбен жолымыз 1979 жылдың сәуір айында тағы да тоғысты.

Жымпиты аудандық білім  беру бөлімінің ұйғаруымен Қособа орта мектебіне директорлыққа тағайындалдым.

Сол кездегі аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі Ғайнолла Ағеділов мектеп ұжымына мені апарып таныстырды. Ұжымда  бұрынғы ұстаздарым С.Сахатова, Б.Сұлтанғалиев, курстасым Қ.Өтегенова, интернатта бірге тәрбиеленген замандастарым Ғ.Бегалиев, Д.Сұлтанғалиева, аға ұстаздар Н.Оразов, Ч.Ғабдуллин, Ю.Райымов,  С.Өтешов, Ғ.Тайшиев сынды азаматтар бар екен.

Мектеп ұжымы мені жылы қабылдады. Ғайнақаң енді совхоз басшыларымен таныстыруды жөн көріп, совхоз кеңсесіне бет бұрдық. Біз кіргеннен кейін Нөкен ағай  хатшысы арқылы партия хатшысы Б.Көптілеуовты, ауылдық кеңес төрағасы Т.Балмағанбетовты, кәсіп­одақ  жетекшісі  С.Ахметқалиевты шақыртыпты. Ғайнақаң бұрын аудандық хатшы болған азамат. Ол кісі рет-ретімен, жөн-жөнімен жайлап жағдайды баяндап жатты.

– Ғайнолла! Тұра-тұр, бұл баланы маған таныстырудың қажеті жоқ, – деді.

Ғайнолла ағамыз тіксініп  қалды.

Сәл үнсіздік орнады…

– Мен бұл жігітті білемін. Кезінде бір аулада доп қуып,  футбол да ойнағанбыз. Жас келсе, іске!  деген, анау құрылысы басталып, тоқтап тұрған жаңа мектептің жұмысын жандандырып, соны аяқтап, халық игілігіне жарату екеуміздің, яғни екі директордың ең маңызды басты міндеті, – деді.

– Асанжан, жүрексінбе! Мен де директорлық жұмысты отыз бір жасымда бастағанмын. Біз елдің еңсесін  көтеріп, мәдениетін арттыру үшін, жаңа орыннан жаңа совхоз орталығын салып жатырмыз.

Сол жерге адамдарды тұрақтандыру үшін ең бірінші мектеп ғимараты бой көтеру керек,  ал совхоз кеңсесі соңынан салынады, – деген болатын.

Нөкен ағамыздың ойға алған істері, көптеген армандары бар еді.

Өйткені ағамыз сол жердің топырағы мен суынан жаралған ел абыройы мен халқының қамы үшін жанын беруге әзір азаматтардың бірі еді. Кеңшар басшысы ретінде күн сайынғы лездемеде ең бірінші мектептің бүкіл жағдайын реттеу жөнінде ақыл-кеңесін аямайтын.

Нөкен ағамыз өте қарапайым, көпшіл азамат, мінезге шапшаң, күнделікті қарбалас тіршілікте туындап жататын көптеген тұрмыстық мәселелерді тез, үйлесімді шешіп отыратын. Мектептегі сабақ процесінің үзіліссіз болуына жағдай туғызатын.

Бірде қатты аязда аяқ астынан мектептің жылу жүйесі істен шықты. Бұл оқиға бір жақсысы жылдың басы қысқы каникулға дәл келген болатын. Ағаның қолдауымен совхоз мамандары мен мектеп ұжымы уақытпен санаспай іске жұмыла кірісіп, жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтап, оқушылар қысқы демалыстан келгенде, сабақты үзіліссіз жалғастырып кетті.

Кеңшар басшысының қамқорлығын көріп, сезініп, бірге қоян-қолтық  жұмыс жасап жүргенін көрген мектеп ұжымы да, совхоздың шаруашылық және мәдени шараларының бел ортасында түсіністікпен жұмыс істедік.

Айтқандай, бәріміз асыға күткен бүкіл жұртшылықтың қолдауымен жаңа мектеп құрылысы 1982 жылдың желтоқсан айының аяғында аяқталды. 1983 жылдың қаңтар айының алғашқы күндері қазақ халқының дарабоз ақыны  Қадыр Мырза Әлінің  қатысуымен  тұсауы қиылған жаңа да кең типтік жобадағы  сәулетті ғимарат қолданылуға беріліп, білім ордасындағы қызықты да қиындығы мол жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру жұмысы әрі қарай өз жалғасын тапты.

Қособа еліндегі басшылық қызметімнің өрге басып, ұжыммен бірлесіп қызмет атқаруымда ағаның қамқорлығын көргенімді жасы кіші әріптес ретінде, бүгінде сағынышпен еске ала отырып, ел азаматының мерейжасын еске алу қарсаңында ол кісінің жарқын бейнесінің ел есінде мәңгі сақталатынына сенімдімін.

Қособа халқының еліне еңбегі сіңген білімді де білікті азаматын ұмытпай, келер ұрпаққа үлгі болу үшін қозғап жатқан бастамаларын,  мектепке Н.Молдашевтің есімін және ауданымыздың құрметті азаматы атағын беру туралы ұсыныстарын шын жүректен қолдайтынымды білдіремін.

Асан Жүсіпов,

Жосалы ауылдық округі қоғамдық келісім

кеңесінің төрағасы,

зейнеткер ұстаз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар