12.11.2015, 11:22
Қараулар: 310
Қайырбектің құтты қадамы

Қайырбектің құтты қадамы

2.12.11.15Тәуекел деген бір сенім бар. Бірақ, ол екінің біріне бұйыра бермейтін нәрсе. Біздің кейіпкеріміз Қайырбек Мырзағалиев нар тәуекелдің жігіті екен. Жасы 40-тың қырқасына иек артып, нағыз қамал бұзар тұсында тұр.

«Социалистік Еңбек Ерлері» көп шыққан айтулы «Правда» совхозының ізіндегі Тоғанас ауылының түлегі Қайырбек көргенін көкейге түйген, жаңалыққа жаны құштар, ерінбейтін еңбекқор жас екен. Жонынан жел ғана жүгіріп өткен жапан түзден жер алып, қора салып, үй тұрғызып, мал өсіруге белін бекем буған жігіт 2007 жылы осы ойын туған ағасы Жанарбек біраз ұрысса да алған бетінен қайтпай, 3500 гектар жерге иелік еткен. Қалаға көшкен отбасынан қарақонысты түлетуге тәуекел еттім деді.. Деді де сөзінде тұрды. Бас айналасы 8 жылда, 0-ден бастаған шаруасы кісі қызығарлықтай екен. 400 басқа жеткен Қамбар ата түлігі, 100 бастан астам мүйізді ірі қара өсіруде. Жылқыларын да, ірі қарасын да асылдандырумен айналысуда екен. Қайда кәсібінің шебері бар десе, басқа мемлекет болса да іздеп барып, көруі үйренуден жалықпайды екен. Қос бірдей мал қорасы үйге бергісіз мұнтаздай таза, әрі әдемі салынған. Малшылар үйі іші-сырты еуро үлгідегі қала үйлерінен кем емес. Заманауи күн батареяларымен жарықтандырылған үйге таңқалмасқа шара жоқ. Малды баққасын баптау, емдеу, белгі салу жұмыстарын асқан ізденіспен, ыждағатты, ықыласты жасайтынның куәсі болдық. Елді мекен айналасын абаттандыруға көңіл бөлуіне қалай қуанбассың. Биыл егілген 500 түп тал бой көтере бастаған, енді 2500 түп тағы егемін деп құлшынып отыр қожалық басшысы. 7 скірдке бөлініп үйілген 3500 рулон екпе шөп екі қыс қатар келсе де, алаңсыз болары анық. «Құлан» бағдарламасымен қарымды несие алып, қарқынды істерге ұйытқы болып отырған Қайырбек Жанарбек ағасы екеуі мал мен егін шаруашылығын тең ұстап, 10 адамға жұмыс орнын ашып, еңбек ақыларына да риза етіп ұстап отыр.

4  «МТЗ-80», 2 «Т-4», 1 «ДТ-75», 3 комбайн, 1 Камаз техникасымен 1000 гектар жерге арпа, қара бидай егіп, өсіріп, малдың жем-шөбін өз күштерімен уақытында дайындап алуға қол жеткізуде.

Болашақта бақша егу де жоспарларында бар екен. Отырған елді мекен қарапайым қыстақ емес, үлгілі көзтартар көрікті фазендаға айналдыру қожалық иесінің арманы екен. Іске сәт, ой-арманың ақиқатқа айналсын, Қайырбек!

 

М.Қажиахметов,

Тоғанас ауылы

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар