12.11.2015, 11:17
Қараулар: 659
Аталы сөзден ажырап барамыз

Аталы сөзден ажырап барамыз

Қазақ сөз қадірін білетін ел едік. Аталы сөзге тоқтап, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, қабырғасы сөгіліп, көңілі құлазыған қауымға аталы сөзбен дем беріп, демеген халықпыз. Тіпті, дарға асылып, жазаға тартылған адамға да соңғы рет «датын» айтуға мұрша беріп, уәжін орындаған ұлтпыз.

Дарабоз Қадыр ақын:

Қазаққа сөз дарыған,

Қызыл шоқтай қарыған,

Бір сөз үшін семіріп,

Бір сөз үшін арыған,- депті.

Біздің алаш жұрты үшін сөз – оттан да, шоқтан ыстық,  жақсы сөзге жаны семіріп, қатты сөз жанын жегідей жеген көктүріктің ұрпағымыз.

Алайда көкейді мазалайтыны, қазір арамызда жастарға аталы сөз айтып, мақалдап, мәйектеп сөйлеп, бата беретін үлкендеріміз азайып барады.  Арбаның алдыңғы дөңгелегі қай жолмен жүрсе, соңғысы да сол соқпақпен өтеді. Үлкендерден салиқалы сөз естімей өсіп келетін жастар да солардың кебін киеді. Сөздің қадір-қасиеті жоғалу деген міне – осы. Кесек-кесек, түйдек-түйдек, көркем, дестелі, дуалы сөздердің орнына тіліміз құр қойыртпақ пен қара байырға айналып баратыны ащы да болса, шындық.  Қоғамды қазір сөзбен түзеу мүмкін болмай барады. Аталы сөз айтылмағасын, оны тыңдайтын да құлақ жоқтың қасы. Сөзге атүсті қарау – адамның тәрбиесіне, біліміне, парасаттылығына байланысты.

Шыны керек, қазақтың Қазбек, Әйтеке, Төле, Жиренше, Бала би, Мөңке, Малайсары, Досбол, Ескелді, Әлібек, Байбек сынды би-шешендерінен қалған маржандарды жастардың құлағына құйып жатқан адамды көрмейсің. Қазақтың жеті, үш сандарына қатысты сөздерін де айтып жүрген ардагер ағалар байқалмайды. Мәселен, «дүниеде не қатты, не жұмсақ, не тәтті?»  деген сауалды көшеде кездескен жастарға қойып көрдім. Жауабын білмеді. Дүниеде «әкенің жүрегі қатты, ананың алақаны жұмсақ, ананың сүті тәтті» деген қарапайым ғана жауапты ести алмадым. Сондай-ақ, «Елде кім қадірлі, үйде кім қадірлі? – Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі» немесе  «Дүниеде не қиын? – Арадан шыққан жау қиын, таусылмайтын дау қиын, шанышқылаған сөз қиын,  жазылмаған дерт қиын» секілді би-шешендерден қалған асыл сөздерді жастар біле бермейді. Елуді еңсерген ел ағаларының бата бере алмай, қиналып жатқан кездеріне де куә боп жүрміз. Кез-келген жерде бата бере білу де – тапқырлықтың, ақындықтың, аталы сөз айта білудің үлгісі. «Батамен ел көгерер» дейміз. Егер берер батамыз сыннан сүрініп жатса, көгергеніміз қанеки?

Аталы сөз баланың құлағына сіңісті боп өсуі керек. Тілі былдырлаған балдырғанның бақшадан бастап баба сөзі құлағына құйылуы тиіс.  Ата- әжелер қонаққа өз-өздері барып, өсек айтып, құмар ойнағанша, немерелерін қонаққа ертіп апарып, үлгі-өнеге тұнған әңгіме айтса құба-құп болар еді. Ел арасында шешендік сөздерді көбірек дәріптеп, жыраулардың жыр-маржандарын айта жүрсе, жастар үшін таптырмас тәрбие сағаты болары анық.

Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жылы тиіп, жүйкені босатады. Малайсарының «Естіге айтқан ақыл сөз шыңға тікке тумен тең, ессізге айтқан ақыл сөз құмға сіңген сумен тең» дегені бар. Алысқа бармай-ақ, өзміздің топырағымызда туған Сырым шешеннің дуалы сөздерін айта жүрейік. Соның өзі аталы сөзден ажырамауға бірден-бір сеп болары сөзсіз.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар