11.02.2015, 6:12
Қараулар: 473
«Жеңіс тарихы» фильмінің тұсаукесері

«Жеңіс тарихы» фильмінің тұсаукесері

7


Сәрсенбі күні облыстық А. Островский атындағы орыс драма театрында Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы түсірген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс тарихы» деректі фильмдер топтамасының  тұсаукесері өтті.  Тарихи шараға облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, белгілі кинорежиссер Талғат Теменов, облыстық мәслихаттың депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.


«Аман қалу бақыты», «10 жыл өткен соң», «Кездесу қуанышы»  деп аталатын ша­ғын бөлімдерден тұратын де­ректі фильм көзі тірі соғыс ардагерлерінің өнегелі әңгі­месімен, тарихи есте­лікте­рі­мен құнды. Ал жылдар өткен сайын олардың қатары си­реп, азайып бара жатқаны  көңілге мұң ұяла­тады.  Әсіре­се, «Он жыл өткен соң» бө­лімінде кеудесін оққа то­сып, Отан қорғаған аталары­мыз­­дың қатарының тым сиреп қалғаны көңілді құла­зы­та тү­седі. Жылдар жыл­­жып, уа­қыт сыр­ғып өтіп, олардың қа­та­ры азай­ған сайын ке­йін­гі ұрпақтың жеңіс­ті алып кел­ген аға ұрпаққа деген шексіз құрметі байқа­ла­ды. Соғыс де­генді тек кинодан көріп, оқу­лықтан оқып өсіп келе жат­қан кейінгі буын ардагер ата­лардың әңгімесін көзде­ріне жас алып, жү­ректері­мен тыңдайды. Кездесу біт­кен соң да олардың жа­ны­нан кетпей, орден-медальдарын сипап, су­рет­ке түсіп жатқа­­ны көрерменге әсер етпей қой­майды. Ең бастысы – бұл кадр­ларда  оқушылар да, ар­­дагер аталар да рольде ой­нап тұрған жоқ. Бәрі тосын­нан түсі­ріл­ген, шынайы. Де­ректі фильм­дегі картиналар желісі шынайы­лығымен кө­рер­менге ой салады. Бүгінде­рі жастары 90-ға жеткен қа­риялар  қайнаған қатал ұрыстың ортасынан аман-есен ке­ліп, бейбіт күнді елмен бірге көріп жатқанына шүкіршілік айтады. Олар «біз батыр емеспіз, дәм-тұзымыз таусылма­ған соң аман қалдық» дейді жай ғана. Соғыс кезінде өмір­дегі ең жақын адамдарымен кездескен, аз уақытқа үй­ге келіп қайтқан сәттегі бастан кешкен сезімдерін айтқанда ке­йінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қан­дай қымбат екенін түсіне­ді. Әр кейіпкер сол бір ұмы­тылмас, қи­мас шақтарды те­бі­рене әңгіме­лей­ді. Жалпы, «Же­ңіс тарихы» деректі фильм­дер топтамасы көрер­менге ой салып, тебірентеді. Уақыт­­тың, тыныштықтың, қазіргі бей­біт өмір­дің өзі бақыт еке­нін ұғын­дырады. Фильм ке­йіп­кер­лерінің қатарында Қа­дыр Ғайсин, Мұхтар Әжі­ғұлов, Алевтина Митрохина, Мәжит Жаданов тағы басқа ба­тысқазақстандық Ұлы Отан соғы­сының  ардагерлері  бар.

Әр бөлімнен соң сахнаға көтерілген ардагер қариялар деректі фильмді түсірген Мұ­рат Жә­кі­баев бастаған шы­ғар­машылық ұжым­ға шексіз алғысын білдірді. Деректі фильм туралы өз ой-пікі­рін ортаға салған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  Мұрат Жәкі­баев пен оның шығармашы­лық тобы­ның ізгілікті іс жа­сағанын атап өтті.

– Ұлы Отан соғысы туралы  фи­льмдерді толқымай, те­біренбей  қарау мүмкін емес.  Біз – бізге  бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпақтың алдында мәңгі қарыздармыз. Күні кеше ға­на көзбен көріп, әңгіме­сін тың­­даған майдангерле­ріміз­дің көбі бүгінде ортамызда жоқ. Сондықтан оларды әр кез са­ғынышпен еске аламыз. Оқ пен оттың ортасынан аман келіп, ұр­пақ тәрбиесіне үлес қосқан ардагерлерді  ұлық­тап, оларға құрмет көрсету – бү­гінгі ұрпақтың борышы, – деді Нұрлан Асқарұлы өз сөзінде.

«Өзім де майдангердің ба­ласымын», – деп сөз бастаған танымал режиссер Талғат Те­менов шынайы ынта-ықы­лас­пен түсірілген фильмнің сәт­ті шыққан туынды еке­нін айтты. Ерекше толқу үстін­де жүр­­ген Орал қалалық мәсли­ха­тының депутаты, іскер азамат Мұрат Жәкібаев: «Аға ұр­­пақты аялап, құрмет көрсе­ту – біздің өмір бойғы парызымыз» – деді  өз  сөзінде.

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА

Суреттерді  түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар