11.02.2015, 6:11
Қараулар: 436
Жанғали НАБИУЛЛИН

Жанғали НАБИУЛЛИН

12


2015 жылдың оныншы шілдесінде танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллин өмірден озды.


Ж. Набиуллин 1936 жылдың 13 желтоқсанында Жаңақала (қазіргі Бөкей ордасы) ауданының ау­мағында өмірге келген. 1960 жылы Орал қала­сын­дағы А.  Пушкин атындағы педагогикалық инсти­туттың тарих-филология факультетін тәмамдаған Жанғали Набиуллин 1960-1996 жылдары әуелі Фурманов аудандық «Коммунист» газетінің, кейін Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында тілші және Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде әдеби кеңесші болып қызмет істеді. Қаламгер газет тілшісі ретінде жазған өз мақалаларында ана тілді мұнтаздай таза тұтыну, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы ұлттық сананы Отанымыздың ұлы мәртебелі тәуелсіздігін нығайтуға бағыттау, ата-ана алдындағы перзенттік парыз, жас ұрпақты қаршадайынан адал еңбекке баулу секілді ең көкейкесті тақырыптарды қаузады.

Ақынның алғашқы өлеңдері 1961 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта жарияланды. Ал ең таңдаулы өлеңдері 1977 жылы оқырманға жол тартқан «Қазақ совет поэзиясының антология­сына» енді. Оның «Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле, жүрегім», «Жырлайды жылдар», «Жетінші перне», «Жоғарғы кернеу» және де басқа  ұзын саны 14 кітабы жарық көрген. Өз өлеңдерінде ақын туған елге қалтқысыз қызмет, Отан алдындағы парыз, ұлттық мүддеге адалдық, асқақ азаматтыққа негізделген достық тақырыптарын ту етіп көтеріп, сонымен қатар табиғат және махаббат лирикасына да қалам тартты. Ж. Набиуллиннің өлең-жыры ақынның жүрегін тебірентіп, жан дүниесін толқытқан шабыттың жемісі болғандықтан, оқырман қауым тарапынан жылдар бойы шынайы ықылас-ілтипатпен қабылданып келеді. Демек, алдағы уақытта да Жанғали ақынның рухани мұрасы адамзат қоғамына ортақ ұлы гуманизм ұстанымдарына, елдік мұрат пен адами ізгілікке кіршіксіз қызмет ете бермек.

Ж. Набиуллин 1969 жылдан бері КСРО және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандары мен Орал қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бүкіл шығармашылық әлеуетін барша адамзат қоғамы мен туған елінің мұрат-мүддесіне арнаған Жанғали ақынның асқақ тұлғасы, жарқын бейне­сі біздің жадымызда үнемі сақталады.

Н. НОҒАЕВ, М. ҚҰЛШАР, С. СҮЛЕЙМЕН,

А. ӨТЕҒҰЛОВ, А. БАДАШЕВ, Б. МӘКЕН,

И. СТЕКСОВ, Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ, М. ТОҚЖАНОВ,

А. КӨЛГІНОВ, Н. РАХЫМЖАНОВ, Л. ХАЙРЕТДИНОВ, А. БАҚТЫГЕРЕЕВА, А. НӘРІКОВ,

Ж. САФУЛЛИН, Ғ. СЕЙТАҚ, Б. ҒҰБАЙДУЛЛИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар