9.02.2015, 6:09
Қараулар: 274
Көпбейінді аурухана іске қосылмақ

Көпбейінді аурухана іске қосылмақ

17


Сейсенбі күні Қазақстан – Орал телеарнасында өңіріміздің денсаулық сақтау саласына қатысты баспасөз конференциясы өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев қатысты.


Аталмыш басқарма бас­шы­сының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда облыстағы 630 667 тұрғынға медициналық көмек көрсету 426 денсаулық сақтау нысаны арқылы жүзеге асы­­рылуда. Ондай нысандардың қатарында 35 аурухана, 6 емха­на, 2 санаторий бар. Кейінгі уа­қыт­та облысымыз бойынша медици­налық-демографиялық, эпи­демио­логиялық жағдайлардың тұрақ­тануы байқалған. Бұл өз кезегінде жалпы өлім көрсеткішінің азаюына оң әсерін тигізіп, соңғы 10 жылда тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 4 жылға артып, 71,14 жасты құраған. Елі­міздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарла­масын және «Ақпараттық Қазақ­стан — 2020» бағдарламасын жү­­зеге асыру аясында Зеленов ау­дандық орталық ауруханасының базасында облыстық клиникалық ауруханамен онлайн режиміндегі байланысты қамтамасыз ететін медициналық ақпараттық жүйе (МАЖ) орнатылған. Ол сала мамандарына қаралуға деген кезекті төмендетуге, қағаз түріндегі құжат айналымының азаюына септігін тигізеді. Болашақта өңірдегі бар­лық медицина ұйымдарына аталмыш жүйені енгізу жоспарланған. Сондай-ақ пациенттерден түсе­­тін арыз-шағымдарды қарау ба­­ғытында Call-орталығының жұмы­сы күшейтілмек. Мәселен, №1 қа­лалық емхана базасында Call-ор­талығы құрылып, бүгінде 200-ден астам шағым қаралып, қанағат­тандырылған.

Қазіргі кезде облыстың денсау­лық сақтау жүйесінде 1 555 дәрі­гер бар екен. Дәрігерлермен қа­тар 6 000-ға жуық орта медицина қызметкері еңбек етуде. Дәрі­герлерге қажеттілік 92 маманды құрайды. Алдағы уақытта қалалық көпбейінді аурухана іске қосылған кезде бұл көрсеткіш 100-ге жетпек. Аталған мәселені шешу үшін Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы Қазақтың Ұлт­тық медицина университеті және Ақ­төбе қаласындағы М. Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын бітірген жас мамандарды алдын ала бөлу бойынша облысымызға 80 маман шақырылған. Осылайша қажетті мамандарды тарту жұмыстары жүргізіле бермек. Өңір дәрігерлерін медицинаның түрлі салалары бойынша Литва, АҚШ, Ресей, Финляндия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания секілді шет мемлекеттердегі тәжірибеден өт­кізу жалғасуда. Ал жоспар бо­йынша қалалық көпбейінді ау­рухананы іске қосу, медицина ұйымдарын медициналық ақпа­раттық жүйеге көшіру, өзге де бірқатар келелі істер жыл соңына дейін атқарылар негізгі жұмыстар­дың қатарында.

Шара соңында облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов пен ме­дициналық және фармацевти­калық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев журналистердің сауалдарына жауап берді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар