9.02.2015, 6:05
Қараулар: 301
Велоәуесқойлар көбеюде

Велоәуесқойлар көбеюде

12


«Жайық Пресс» медиахолдингінің дизайнері Арман Дауылбаев жұмысқа әрдайым велосипедпен келеді. Ол «шайтанарбаны» екі жылдан бері көлік ретінде пайдаланып жүр. Арман ағамыз: «Велосипед — әрі тез, әрі шығынсыз, әрі қоршаған ортаға зиянсыз, денсаулыққа да пайдасы зор. Жазда күннің ыстығы болмаса, жүріп-тұруға ыңғайлы» — дейді.


Велосипед тебу – бұлшықетті жаттықтырып, ағзаның төзімділігін арттырады, жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын жақсартады. Зерттеулер көрсеткендей, велосипедпен әуестенетіндердің орта жасы басқалармен салыстырғанда 5 жасқа ұзақ болады. 2008-2013 жылдардағы Оңтүстік Кәріс Республикасының президенті Ли Мен Бак 10 миллион халқы бар Сеул қаласында велосипедті жиі пайдаланады екен. Бұл іс-әрекеті арқылы ол көпшілікті велосипед тебуге жетелеп, салауатты өмір салтын ұстанып, қоршаған ортаны қорғауға шақырады.

 Орал қаласында да екі дөңгелекті көлікті пайдаланушылар аз емес. Олардың бірі велосипедті жүріп-тұру көлігі ретінде, ал енді бірі жәй әшейін серуендеу үшін қолданады. Соңғы уақытта велосипед құмар қауымның артып келе жатқандығын байқаймыз. Бұған кешқұрым қаламыздың орталық көшелерінде велосипедті жалға беру қызметінің жолға қойылуы дәлел бола алады.

Данияр КАБДЫРЕШОВ, велосипедтерді жалға беруші:

— Велосипед – әрі көлік, әрі демалудың тәсілі. Біз тұрғындардың велосипедпен бой жазып серуен­деуін қамтамасыз ету мақсатымен велосипедтерді жалға беру қызметін аштық. Бұл іспен «Революция» аялдамасында 2 жылдан бері айналысып келеміз. Жалға берілетін 15 велосипедіміз бар. Жұмысымыз жаман емес, әсіресе, кешкі уақытта саудамыз қыза түседі. Бір күнде кем дегенде 10 мың теңге табыс табамыз. Велосипед­терді сағатына 500 теңге, бір күнге 3000 теңге көлемінде жалға береміз.

Зарина ЗАРИФОВА, Орал қаласының тұрғыны:

— Соңғы екi-үш жылда біздің қаламызда көңiлдi әрi пайдалы жерлер саны көбейе түстi. Жаз мезгілінде балалар мен жастарға «хит» болған велосипедті жалға беру қызметінің пайдасы мол. Ол денсаулықты жақсартып, демалыс сәттерін отбасыңмен немесе достарыңмен көңiлдi өткізуге оң ықпалын тигiзедi. Сондықтан велосипедті жалға беру қызметі артып, пайдаланушылар саны көбейсе екен деймін.

Динара КАДИМОВА, Орал қаласының тұрғыны, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті:

— Бүгінгі таңда Орал қаласында «Велосипедтерді жалға беру» қызметін орталық көшелердің әр қиылысынан көруге болады. Менің ойымша, велосипедті жалға беру – өте ыңғайлы, әрі тиімді идея. Велосипед тебу, әсіресе, жастар үшін пайдалы. Себебі екі дөңгелекті көлікті жүргізу арқылы тек денені шынықтырып қана қоймай, әдетке айналған телефон мен басқа гаджеттерден ой сергітуге болады. Сондықтан мен де велосипедті жалға алу қызметін жиі пайдаланамын. Велосипед тепкен соң көңілім көтеріліп, санам сергіп, тұла бойым ширай түскенін сезінемін.

 Дайындаған Аида АРМАНҚЫЗЫ,

Алматыдағы С. Демирел атындағы университеттің студенті

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар