9.02.2015, 6:04
Қараулар: 340
Отты жылдар естелігі

Отты жылдар естелігі


9

Бүгінде тоқсанның төріндегі әжеміз Бибатша Төрешова сонау 1941-1945 жылдардың қасіретін бір сәтке естен шығарған емес. Әжеміздің бал дәурені соғыспен тұспа-тұс келді. Сол кездегі елдің ауыр тұрмысы мен қилы тағдырын өз көзімен көрді.


Бибатша Аралыққызы 1921 жылы 21 маусымда Қа­рақоға ауылдық кеңе­сі, «Жаңажол» колхозында дүниеге келген. 1938 жылы Киров мектебін 4 класты латын әліпбиімен оқып бітірген. Тарихымыздағы ақтаң­дақ, 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау шараларына байланысты ағасы Бибатша апамызды Ресей федерациясы Дергачев ауданы «Ленин жолы» колхозына алып кетуге мәжбүр болған. 1939 жылы ағасы Хұсайын мен жеңгесі Раушан Байжен ауылына алып келеді.

Әжеміз кітапханада еңбек ете жүріп, Иманғали Әмірғалиев есім­ді жігітке тұрмысқа шығады.

— 18 жасымда Иманғали есім­ді жігітке тұрмысқа шықтым. Иман­ғали оқушыларға білім беріп, ұстаз болып жұмыс жасады. Қазақ халқының басынан қилы-қилы замандар өтті. Тағдыр тәлкегі аз азапқа салмады. Қуғын-сүргінді, ашаршылықты басынан өткізіп, енді-енді бой түзей бастағанда, талайдың отбасын ойран еткен Ұлы Отан соғысы басталды. Бәрі өткеннің үлесінде. Олардың салып кеткен зобалаң іздері санамызда сайрап тұр. Жеке бір тұлғаның, жеке отбасының немесе жеке бір әулеттің жүріп өткен жолы, тағдыры кейінгі кезде жиі жазылып жүр. Оны дәріптеп, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – әрбір азаматтың борышы, — дейді Би­батша Төрешова.

Содан жан жолдасы Иманғали ағамыз 1941 жылы тамыз айында соғысқа аттанады. Ол кезде Фурманов ауданының әскери комиссариатынан бірде-біреуі әскер қа­тарына алынбаған болатын. Се­бебі сол кезде жалпақталдық жа­сырын жастар ұйымы құрылып, соларды тергеу жұмыстары жүр­гізіліп жатқан болатын. Бірақ та Иманғали ағамыз білімді, мектепте ұстаздық қызмет атқарғандық­тан, қосымша әскери білім алуға оқуға жіберіледі. Әжеміз оның қай жерде білім алғанын есіне түсіре алмады. Сонымен қатар білімді, оқыған Иманғали ағамыз әскери училищеде ұстаз болып қызмет атқарыпты. Содан 1942 жылы ұрыс даласына қатысып, үй ішімен хат арқылы хабарласып тұрды. Сол хатта: «Бибатша! Амандықтарыңды сенің 28.12.42 жылы жазған хатыңнан естіп, осы хатты амандық білдіру мақсатында жазып отырмын. Күндікке денім сау, қалім жақсы. Болатты жақсы тәрбиеле» — деп жазылыпты. Болат деп отырғаны үлкен ұлы. Әскери білім алған Иманғали капитан шеніне дейін жоғарылайды. Сталинград шайқасына қатысады. 1943 жылы «қара қағаз» келеді. Иманғали ағамыз соғысқа аттан­ғанда 4 айлық Болат есімді ұлымен қалған Бибатша апай ел қатарлы күн көріп, қамыс шауып, отын жинап, жүннен байпақ басып, тас соғып, тылда еңбек етті. 1954 жылы Иманғалидың ағасы Омарғалимен әмеңгерлік жолмен тұрмыс құр­ған. Бибатша апай бізге өмірде көрген қиындығына мойымай, сол қиындықтарға төтеп берген қазақ әйелінің жарқын үлгісі болып көрінеді. Елеусін, Тұрсынай, Амангелді, Болат, Қайрат, Мұрат, Серік, Жұмагелді, Қайыргелді, Алтынай атты ұл қыздарын тәрбиелеп өсірді. Құдай көпсінбесін, Бибатша апай осы ұл-қыздарынан 40 немере, 27 шөбере көріп отыр және қазір Айару атты шөпшегі бар. Мәуелі бәйтеректей тамыры тереңге жайыла берсін дейміз.

Балалық шағынан бастап еңбек еткен Бибатша апамыз — өзінің жаңқиярлық еңбегімен, парасат­ты ғұмырымен елге танымал ар­дақты жан. Данагөй әже болып, ұрпақтарының тілеуін тілеп, солар­дың тек қуанышын көре берсем екен деп тілейді. Кейінгі ұрпақ өкілдеріне өзінің ақылын айтып, батасын беріп, тәрбие ісіне араласудан жалықпайды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

Жалпақтал ауылы,

Қазталов ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар