18.11.2021, 14:57
Қараулар: 19
«ЕЛГЕ, ЖОСАЛЫҒА СӘЛЕМ АЙТ!»

«ЕЛГЕ, ЖОСАЛЫҒА СӘЛЕМ АЙТ!»

     Біздің жақта Бауыржан Құрманқұлов деген ақынның туғандығын ең әуелі кездейсоқ «Жас жүректер жырлайды!» атты Сырым өңіріндегі ақындар туралы шағын антологияның ішінен оқып қалғанымыз бар. Кейін Ақтөбедегі «Ақтөбе» облыстық қоғамдық – саяси газетінің бас редакторы, белгілі қаламгер Бауыржан Бабажанұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан ақын ағамыздың сол қалада тұратынын білдік.

     Қарашаның 15 – 16 күндері Ақтөбе қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өтіп, соған қатысуға бардық. Сахнаға шығуға дайындалып жатқан бетіміз. Кенет гримм бөлмесіне «Бауыржан інім, барсың ба?» — деп арқырап бір азамат кіріп келді. Жаңағы, Бауыржан Құрманқұлов ағамыз екен.
Ағамыз алдымен ел – жұрттың амандығын сұрады, туған жерге көптен бері аяғы тимегенін айтты. Дегенмен, Сырым өңіріндегі жаңалық, оқиғаны сұрап, біліп отырады екен. Кеудесінде сағыныштың бозінгені сарнап.
   Айтыстың уайымы алқымдап тұрғасын, ұзақ әңгіме соға алмай, ағамызбен кең жайлауда бір кездесеміз деп тарқастық.
— Елге, Жосалыға сәлем айт! Мынау газетіңе деген көмегім. Біздің ауылдағы жанұялардың төрінде «Сырым елі» газеті тұрсын. – деп қолымызға 60 000 теңгесін ұстатты ақын аға. Міне, бұйырса жосалылық 40 отбасының ортасына аудандық басылым баратын болды.
   Иә, Бауыржан Құрманқұлов 1954 жылы Жосалы жағында, Қырыққұдық елді мекенінде туған. 1970 жылы А. Жұмағалиев атындағы мектепті аяқтаған. Орталық баспалардан әр жылдары «Кеш емес әлі», «Хат», «Бір өкініш, бір үміт!», «Кешір мені!», «Беу, дүние – ай!» атты кітаптары жарық көрген. Ұзақ жыл ішкі істер органдарында, журналистика саласында қызмет етті.
   Қазіргі күні ҚР Жазушылар Одағының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары.
Қаламгерді еліне алдырып, Өлеңтінің жағасында отырып өлеңін тыңдау да керек еді…
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
газет редакторы