18.11.2021, 12:12
Қараулар: 30
ДӘРІГЕРГЕ АРНАЛЫП ТАҚТА АШЫЛДЫ

ДӘРІГЕРГЕ АРНАЛЫП ТАҚТА АШЫЛДЫ

Сырым аудандық орталық аурухана қабырғасына «Жымпиты ауданының Құрметті азаматы», «КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі», жергілікті алғашқы хирург-дәрігер Ғаділше Махметовке арналған ескерткіш тақта қойылды. Тақтаның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Төлеген Төреғалиев:

– Жымпиты қалашығының  іргетасы 1890 жылы қаланған болса, сол қалашықпен бірге Жымпиты уезінде алғаш рет  аудандық аурухана да салынған болатын. Аудандық аурухана 1894 жылы облыстағы алғашқылардың бірі болып бой көтерсе, 1890 жылдан бастап жұмысын бастаған. Биыл аудандық ауруханаға 131 жыл толып отыр.  Мұнда Дәулетшах Көсепқалиев  Мәскеуден мединститут бітіріп, осы жерде еңбек етті. Ғаділше Махметов 1954 жылы 24 жасында  Алматы медицина университетін бітіріп келіп, 1998 жылға дейін 45 жыл осы ауруханада хирург, бас дәрігер болып  қызмет етті. Ағамыз саналы ғұмырын медицина саласына сарп етіп, аудандық аурухананың аяғынан тік тұруға үлесін қосты. Өзінің қарапайымдылығымен талай адамның өміріне арашашы бола білді. Шараның мақсаты – елі үшін елеулі еңбек еткен ағаларды өскелең ұрпаққа таныту,-дей келе, аудан басшысы шараға қатысқан Ғаділше Махметұлының ұрпақтарына, әріптестеріне, қонақтарға алғыс білдіріп, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтады.

Денсаулық сақтау саласының үздігі, ардагер Бақтығали Ахметов  Сырым елінде ұлағатқа толы шара өтіп жатқанын, Ғаділше Махметовтың медицина саласына қосқан үлесі зор екенін, онымен әріптес болғанын, Ғадекең осы елде жақсы көргені сонша, зейнетке шыққанша кетпей, еңбек еткенін айтты.

Ғаділше Махметовтың шәкірті, хирург-дәрігер, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Асхат Дүйсенғалиев  жас ұрпақ білсін деген ниетпен дәрігердің өмірбаянымен таныстырды, қызмет еткен кезінде аурухананы толайым табыстарға жеткізгені туралы айтты. Тақтаны қоюға демеуші болған кәсіпкерлер Ғанимат Нұрмұханов, Ерболат Атакаевқа, қолдау білдірген аудан әкімдігіне, аудандық мәслихатқа, қоғамдық кеңеске, аудандық ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді. Игілікті іске аудандық аурухана ұжымы да  үлес қосқанын айтып өтті. Асхат Ғабделғазезұлының айтуынша, елдің көз алдында  Ғаділше Махметұлының  сексенге келген бейнесі қалды, ал, ұрпақтары оның алпыс жастағы бейнесінің тақтаға салынуын қалаған.

Ғ.Махметовтың Миржан Махметов немересі сөз сөйлеп, атасына арналып ашылған тақта үшін ұрпақтары атынан алғыс білдірді.

Тақтаны ашу рәсімі Бейбіт Ғаділшеұлы мен Бақтығали Ахметовке ұсынылды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА