3.11.2021, 16:40
Қараулар: 70
 » 
«ЖАРҚЫРА, ЖАЙНА ЖОСАЛЫ!»

«ЖАРҚЫРА, ЖАЙНА ЖОСАЛЫ!»

 

Осындай тақырыппен Жосалы ауылдық округінің орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығының құрметіне облыстық ақындар айтысы өтті.

«Ауылға ақындар келе жатыр!» — деген сүйінші хабарды алған жұрт, белгілі ақын, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ҚР Жазушылар Одағының БҚО филиалы төрағасы, қазақ айтысының қайқы қылышы — Бауыржан Халиолла бастаған жыр жауынгерлерін кіреберістен әнмен, дәммен күтіп алды.    Меймандар түске дейін А. Жұмағалиев атындағы орта мектепке барып, ақынның кеудетұғырына гүл шоғын қойып, ауыл тарихына арналған музеймен танысты.

Айтыстың салтанатты ашылуы шарасында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.

— Жосалыдағы жыр мерекесі — айтыстың биігі мен елдің бірлігін танытқан шара. Сырым елінің сөз өнеріне деген аңсар — ықыласы, қадір — құрметі ерекше. Жосалыдағы өлең тойын әрі қарай жалғастырамыз. Тәуелсіздік тойына орай Жымпитыда Батыс Қазақстан облысы ақындарының қорытынды айтысы өтеді. Бұл Сырым ауданы үшін жылдың ірі мәдени оқиғасы болмақ. — деді Төлеген Төреғалиев.       Бауыржан Халиолла айтысқа деген қолдауы үшін Жосалы ауылдық округінің әкімі Батырғали Иманқұловқа алғыс хат тапсырды.

Сөзсайысқа өңірге белгілі Талғат Мықи, Айнабек Бисенғалиев, Жарқынбек Шынтаев, Естеміс Мұхамбетов, Мақсат Тұяқ секілді айтыскерлер және VII «Алтын домбыраның» иегері, Жайықтың Жансаясы — Жансая Мусина мен айтыс шоуының шебері, атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров қатысты. Осы айтыста Ж. Ерман атындағы айтыс мектебінің шәкірті Қоңдыкер Елеуовтың үлкен аламандағы тұсауы кесілді.

Қоғам қайраткері, Батыс Қазақстан облысы мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Айдар Батырханов айтыстың құрметті қонағы болды.

Шара ауыл азаматтарының демеушілігімен өтті.

Ақындар айтыста не айтты? Қандай мәселелерге тоқталды? Шалқарбай ақын аудан әкіміне не деді? Жансая Жосалыдан кімді жақсы таниды? Талғат Мықи Мақсат Тұяққа не үшін ренжіді? Ол үшін «Сырым елі» қоғамдық — саяси газетінің осы аптадағы санын оқыңыздар! Айтыс туралы толық мақала сол санда.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ;

Суреттерді түсірген: Айжан АМАНГЕЛДИНА