30.04.2021, 12:46
Қараулар: 166
 » 
АТА КӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ

АТА КӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ

Аралтөбе ауылдық округіне қарасты Қызылағаш  ауылы Ерғалиевтер  отбасының құтты мекеніне айналған.

Өйткені, әңгімеміздің кейіпкері Уалихан Жайсаңұлының кіндік қаны тамған  ата қонысы да осы жер.  Уалиханның әке-шешесі, марқұмдар Жайсаң мен Қансұлу  осы өңірде ірі қара малын бағып, мал шаруашылығын  дамытуда  маңдай  терлері әбден сіңген жандар.

«Мал баққанға бітеді»   деген дана сөзді бұрынғының адамдары бекерге  айтпаса керек.  Міне, осы сөздің айқын дәлеліндей болып әке таяғын қолына ұстап,  мал шаруашылығы саласында  білек сыбана еңбек етіп жүрген  Уалихан  Ерғалиевтің есімі бүгінде  қалың жұртшылыққа  әбден таныс.

Шалғай ауылдардағы ағайындардың  заман ағымына  сай еңселері көтеріліп,   еңбекке  деген талпыныстары  көпшілікке  айқын сезілуде.

Кейіпкеріміз Уалихан Ерғалиев те 1980 жылыКеңес армиясы қатарындағы азаматтық борышын өтеп, туған жерге оралысымен, әке таяғын қолға алды.

–   Осы өңірде туып-өстік. Әке-шешем кәнігі еңбек адамдары болған соң, өзім де орта мектепті  бітірісімен, білекті түріп, жұмысқа араласып кеттім. Сонау 77-ші жылдары әкеме көмекші болып мал баққаным,  сосын трактор рөліне отырып, еңбек еткен сәттерім әлі күнге  дейін көз алдымда.

Марқұм әкем мал шаруашылығындағы құтты таяғын  маған берген 80-ші жылдардан бермен осы салада еңбек етіп келемін.

«Еңкейгеннің еңсесін  еңбек көтереді» дегендей, 1998 жылы заман ағымына  сай «Жайсаң» шаруа қожалығын құрдым. Қожалық алғаш еңсесін көтерген жылы 1000 гектарлық жер  болса, оның 500 гектарына дәнді  дақыл егуді қолға алдық. Нәтиже жаман болмады. Тіпті, 2000-2008 жылдары егістіктің әр гектарынан 20 центнерден өнім алып, бағымдағы малға жем қорын молынан дайындадық.

Ал, артылған дәнді дақылды «Желаев» астық қабылдау кәсіпорнына тапсырған  жылдарымыз да осы аралықтарда болды.

Жасыратындығы жоқ, ілкі шаруа  қожалығын  қолға алған кезеңде еншімізде бір-бірден  комбайн, дөңгелекті, шынжыр табанды тракторлар, 20-ға жуық қой, жеке тұрғындардан  сатып алған санаулы ғана ірі қара болды,- деп, Уалихан  ағынан жарыла әңгіме тиегін ағытты.

Иә, еңбек етіп, өзіндік мақсат биігінен  шығып отырған Уалихан Ерғалиев жетекшілік ететін  «Жайсаң» шаруа қожалығының шаруасы болса, бүгінде көңіл тояттарлықтай деңгейде.

Әке таяғын  қолына ұстап, әкенің  тәлім-тәрбиесін көріп өскен шаруагер азамат Уалихан қожалықтың еншісінде  200 ірі қара, 150 жылқы, 850 қой,  500 ешкіні бағымда ұстап, иеліктегі 9000 гектар алқаптың да игілігін көруде.

Ең бастысы, қожалықтағы жайылымдық  та, егістік те тиімділікпен пайдаланылуда.

Мысалы, қожалықта  егістік алқапта 300 гектарға күздік бидай себілсе, 200 гектарға жаздық бидай себілуге жер жыртылып, әзірленіп қойылған. Ал көктемгі  егістік үшін қажетті 25 тонна тұқым қорының  мәселесі де ертелі шешілген.

Сондай-ақ, малдың қоңдылығын, өсімділігін  арттыру мақсатында 160 гектарға еркекшөп (житняк) сияқты көп жылдық шөпті өсіру жағы қожалықта жақсы   қолға алынған.

Қожалықтың жетекшісі Уалихан Ерғалиевке шаңырақтағы ұлы Қайрат үлкен қолғанат, мықты көмекші деп айтуға толық негіз бар. Қайрат жоғары білімді, қос дипломы бар, яғни, экономист, заңгерлік  мамандықтың иесі болды. Міне, осындай қос мамандықтың  иесі Қайрат  Уалиханұлы  қожалықтың  күнделікті  есеп-қисабын  жүргізу, алдағы жоспарларын жүзеге  асыруда өзіндік тәжірибесі мен шеберлігі бар екендігін әңгіме арасында аңғартты.

Мемлекеттің  тарапынан бөлінетін  демеуқаржы (субсидия) игілігін көріп отырған  қожалықта  5 бас герефорд тұқымдас  бұқа бағымда болса, жеке тұрғындардың сиырларына тұқымды асылдандыру мақсатында ангус бұқасы қосылған.  Сондай-ақ, қаракөл, еділбай қойлары, гиссар қошқары, орынборлық  ешкілер де мал басының  асылдандырылуы бағытындағы оңды бастамалар. Бұйырмыс болса, алдағы айлардың еншісінде герефорд тұқымдас қашарлар мен ақтөбелік мұғалжар тұқымдас жылқыларды алуға келісімдер жасалып, қожалықтың шырайын келтірмекші.

Немесе, қожалықтың жұмысындағы басты рөлді атқарушы   техникалар жөнінде топталсақ, есептегі 1 «К-700», 1 «ДТ-75» тракторлар мен 1 комбайн, 7 дөңгелекті тракторлар мен 1 жүк тиегіш,  1 шөп  тайлағыш техника, басқалай да  техникалық  жабдықтардың  болуының өзі «дала майданындағы»  қомақты күш болмақ.

Ал, осы санаттағы техникалардың арасындағы 4 су жаңа техникалар  сапта болса, олардың екеуі «Қазагроқаржы» АҚ-ы арқылы  лизингтік әдіспен алынса, «1221» маркілі «Беларусь» тракторы мен жүк тиегіш техникасы (14 млн-17 млн теңгелік) қолма-қол ақша төлеу арқылы алынғандығы да қожалықтың бүгінгі тірлігін, аяқ алысының ширақтығын көрсетіп отырғандай.

Айтпақшы, қожалықта шаруаның дөңгелене жүріп кетуі ұжымдағы бірлікке, ұйымшылдыққа  тікелей байланысты екендігіне куә болдық.

Мәселен,  биылғы жылдың  қысы ұзап кетіп, кейбір жерлерде жемшөптен қысылыс болса, мұнда керісінше, шөпті өзгелерге көмекке беру жағы үрдіске айналды.

Яғни, қыстақ науқанына 5000 бума шөп (рулон) әзірленіп, артылғанын жеке тұрғындарға  4000 теңгеден саттыққа шығару, көршілес аудандарға тасымалдау жағы ұйымдастырылды.

Қожалықтағы  жақсы үрдіске айналған көңілге  қонымды  жағдайдың бастысы еңбек адамдарын әлеуметтік, тұрмыстық жағынан көтермелей білу болмақ.  Ал, бұл тұрғыда  науқанды  жұмыс  кезіндегі еңбек адамдарының  айлық  жалақысын 100-200 мың теңге  деңгейінде ұстау, ынталандыру  мақсатында қысқы соғымға мал беру жағы дәстүрге енгізілген.

Немесе қожалықта 20 жыл бойына малшылықты кәсіп еткен Қадірбек Айтқалиевтің  отбасына  қожалық есебінен пәтер сатып алынып, игілігіне берілді. Ең бастысы ауылда босаған үйлерді белгіленген бағасына орай сатып алып, қожалыққа мүше болуға ынта білдірушілерге беру жағы күн тәртібінен түспек емес.

Иә, «Жайсаң» шаруа қожалығындағы әкелі-балалы Уалихан мен Қайрат  Ерғалиевтердің атқарылған істерімен қатар келешектері ойға алған мақсат, жоспарлары да баршылық.

Мысалы, Ерғалиевтердің айтуларынша, малды бордақылап, етке тапсыруда үлкен пайдаға қол жеткізуге болатындығы тәжірибе жүзінде дәлелденген. Яғни, ешкінің 3 жасар аталығын піштіріп,  4 ай  бордақыда тұрған соң, ақтаулық ағайындар әрқайсысын 40 мың  теңгеден  сөз айтпастан алып кетсе, бордақыдағы тоқтылар 50 мың, қойлар 70-80 мың теңгеден саттықта  лезде өтіп кетті. Сондай-ақ, 5 ай семіртілген 120 бас баспақтар да ет комбинатына қоңдылықта тапсырылды.

Міне, көңілге қонымды  осындай пайдалы кәсіппен  шұғылдануға да болатындығына көз жеткізген  әкелі-балалы Уалихан мен Қайрат келешекте 150 бас ірі қара, 500 бас қой, 300 бас ешкі  семіртілуге  тұратын аумағы кең құрылыс алаңын салуды жоспарға енгізді.  Сондай-ақ, қожалықтағы  егістік алқапты да өсіру ойдағы шаруа болмақ.

  • Қожалықтағы 850 қой, 500 ешкінің негізгі тұрақты мекені «Қоржыной» елді мекені болса, ірі қара жазда «Аңқаты» өзені бойында бағылып, қыста ірі қара мен жылқы Қызылағашта бағымда болады.

Қазір «Қоржыной» елді мекеніне баса  көңіл бөлініп, негізгі жұмыстарды тыңғылықты аяқтауды межелеп отырмыз.  Мәселен, осы мекендегі үйге орнатылған күн көзінен қуат алатын электр қондырғысының күші тек қана тоңазытқыш, теледидарға ғана жетеді де, мал суғаратын екі құдыққа,  басқа да құрылғыларды қолдануда әлсіздік көрсетуде. Сондықтан егістік  бригадасы  мен елді мекен арасындағы 15 шақырымдық электр желісін тарту үшін қажетті бағандар, сымдарды толықтай қамтып, негізгі жұмысты қолға алдық. Әрине, бұл жұмысты атқаруға да 3 млн теңгедей қаражат жұмсауға тура келді. Сондай-ақ, «Қоржыной» мекеніндегі  тұрғын үйге  күрделі жөндеу жүргізу, монша салу да жоспарда тұрған басты жұмыстардың бірі,- дейді кейіпкеріміз.

Иә, қожалықта  асыл тұқымды бұқа, айғыр мал басының сапалы өсіміне басты негіз болса, «электронды бақташы», цифрлы заманға сай GPS трекер қондырғысын қондыру да қолға алынбақшы.

Айтқандайын, Ерғалиевтердің Қызылағаш ауылындағы тұрғын үйінің ауласында гүлдің небір  түрлері мен көкөністер, өрік, шие,  алма ағашы өсіп тұрса,  таяуда «Менің аулам –  менің бағым» жобасы аясында «Қоржыной»  елді мекеніне 30 түп жеміс көшеттерін отырғызуды да қолға алғалы отырғандығын басты кейіпкеріміз айтқан еді.

«Жайсаң» шаруа қожалығының  жетекшісі У.Ерғалиевтің халық үшін жасап отырған жарқын істеріне де қанықтық.

Мәселен, ауыл тұрғындарының жол қатынасында қиындыққа душар болмауы үшін Самара-Шымкент тас жолына дейінгі аралықтағы 9 шақырымдық жолды тазартып, күтімдікте ұстау, Аралтөбе, Қызылағаш ауылы  тұрғындарының  бағымдағы  малдарына көңілге  қонымды бағамен саттыққа  жем шығару жағы Уалиханның қанына әбден сіңген асыл қасиеттерінің бірі.

Қожалықтың  еңбек тынысымен  танысуға барған сапар барысында Қайрат ініміз  90 жылдық тарихы бар аудандық «Сырым елі» газетіне ауылдан 10 тұрғынды өз қаражаты есебінен  жаздыртуға  уәдесін беріп, көңілімізді  марқайтып тастады.

 

Мүсірбек АЙТАШЕВ