28.04.2021, 17:34
Қараулар: 218
БҮЛІНГЕН КӨЛІК, ҮЗІЛГЕН ТАҒДЫРҒА КІМ ЖАУАПТЫ?

БҮЛІНГЕН КӨЛІК, ҮЗІЛГЕН ТАҒДЫРҒА КІМ ЖАУАПТЫ?

Былтырғы жылы «Сырым елі» газетінде «Апандай ойықтар апатқа себеп болмай ма?» — деген мақала басылды. Оған Самара – Шымкент тас жолының шұрық – тесік болып жатуы себеп болған. Сынға «Қазақавтожол» ҰК АҚ БҚО филиалы жауап беріп, көлік құралының қозғалысына кедергі, жолаушылардың өміріне қауіп төндірген ойықтар бітелген еді.

Көктемде қауыз ашқан гүл секілді, қар кетіп, жер қарайғалы асфальттағы ойықтар тағы да «қылаң берді». Әсіресе, Бұлан, Жамбыл, Қызылағаш ауылдарының тұсындағы жолдың жағдайы нашар. Қанша сақтансаң да, жай жүріп қанша баптансаң да, бәрібір «яма ұстап» аласың.

Сырым аудандық мәслихатының хатшысы, депутат Шынар Дүйсенғалиева осы мәселе жөнінде «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры А. Кәрімбаевқа депутаттық сауал жолдаған:

  • Республикалық маңызы бар Самара – Шымкент тас жолының 330 – 526 шақырымы Сырым ауданы аумағымен өтеді. Аталмыш жол 2018 – 2019 жылдары ағымдағы жөндеуден өткен. Қазіргі уақытта жол бұзылып, көптеген шұңқырлар пайда болуда. Терең шұңқырлар өз кезегінде жол көлік оқиғаларының болуына әкеліп соғады. Осы жағдайларды болдырмау мақсатында Сырым ауданы аумағындағы тас жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді сұраймын. – деп жазыпты мәслихат хатшысы.

Наурыз айында Сырым аудандық полиция бөлімі де Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімінің мамандарымен ойық – шұңқырларды түгендеп, акт жасап, «ҚазАвтоЖолға» жөндеу жөнінде ұсыныс берген. Олар да көлік апаты болып, адам зардап шегеді – ау жанталасқан.

«ҚазАвтожол» депутаттар мен полицейлердің хатын оқып, «Не деп жауап берсек екен?» — деп отырғанда, ақыры қайғылы оқиға орын алды.

Сәуір айының 10 күні сағат 14:00 – 15:00  шамасында Самара – Шымкент тас жолының 351 – ші шақырымында жол – көлік апаты орын алды. MAN жүк көлігін басқарған Қырғызстан Республикасының 1979 жылғы азаматы Қызылағаш елді мекенінен 4 шақырымдай ұзай бергенде апандай ойыққа тап болады. Өзін және көлігін сақтау үшін дереу тежегішті басып, жылдамдықты азайтады. Оның ізін алып, жүйткіп келе жатқан Lada Granta алдындағы көліктің шұғыл жылдамдық азайтқанына даяр болмайды. Ызғып келіп, МАN – ға «кіріп кетеді». (Оқиға орынынан сурет бар) Granta – ның артқы орындығында болған 1962 жылы туған жолаушы осы апаттан қаза тапты. Айтқандай, апандай ойық апатқа себеп болды. Өкініштісі, адам өлді.

Біз осы осы тергеумен айналысып жатқан Сырым аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысы, полиция майоры Дархан Хайруллинмен сөйлестік:

  • Оқиға орынын зерделедік. Тас жолдың ені – 7 метр шамасында. Жолдың ортасы ойылған. Ойық – өте жалпақ, ұзындығы 5 метр, ені 4,40 м. Тереңдігі – 12 см. Полиция бөлімі жолды қалпына келтіру туралы акт – ұсыныс жолдады. Жөндеп үлгермесе де, қауіпті шұңқыр бар екендігі жайлы жол белгісін орнатуы керек еді. Ескерту белгі апат болып, адам өлгеннен кейін орнатылды. Жолға жауапты мамандар неге ертерек неге қимылдамады? – деп налиды аға анықтаушы.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы, 3 бөлімі бойынша іс қозғалып, мүрдеге сот – медициналық, ал автокөлікке сот – автотехникалық сараптама тағайындалды.

Айттық қой, былтыр осы мәселе індеп көрдік деп. Біз білсек, Самара – Шымкент тас жолының Сырым ауданы аумағындағы бөлігін Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімі өз теңгеріміне алған жоқ. Себебі, оны күтіп – ұстау әлі бір – екі жыл бұрын жол жөндеген мердігердің мойынында. Кепіл уақыты әлі біткен жоқ. «ҚазАвтожол» мердігерге, мердігер тапсырыс берушіге сілтеп, уақыт ұта бере ме? Бүлінген көлік, үзілген тағдырға кім жауапты?

 

Б. ШЕРІМ

Суретті Whats App әлеуметтік желіcінен келді.