28.04.2021, 17:24
Қараулар: 171
 » 
Бақытжан ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ: «Шынайы мұсылман құлшылыққа да, тіршілікке де үлгереді.»  

Бақытжан ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ: «Шынайы мұсылман құлшылыққа да, тіршілікке де үлгереді.»  

 Былтырғы жылы Рамазан айы бойына аудандық газетте мұсылманның бес парызы жайлы ақпарат бергенбіз. Биыл имамдармен, ұстаздармен, ғалымдармен мұсылмандықты құрайтын негізгі қасиеттер турасында сұхбаттаспақпыз. Ауданымыздың бас имамы болып, Сырым елінде діннің өркендеуіне үлес қосып, сан шәкірт шығарған ұстаз, бүгінде Орал қаласындағы облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан Құралбайұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Әңгіме уақыттың қадір – қасиеті жайлы өрбіді.

 

Мұсылман баласы үшін Қасиетті Рамазан айы басталды. Бұл ай біреулер үшін – құлшылық қылып, сауатын арттырып, қайырымдылық жасап, иманын тіктейтін уақыт. Ал, біреулер үшін – күні бойы ұйқы, қонақтық, дәмді дастархан. Оразада уақытты қалай өткізу керек?

Ассалаумағалейкүм, құрметті оқырмандар! Осы Рамазан айына біздерді аман – есен жеткізген сансыз мадақтар мен шексіз шүкіршіліктер болсын! Оның сүйікті елшісі пайғамбарымыз Мұхамедке (салаллаһу алейһи уассалам) Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Осы оразаны төрт көзіміз түгіл, аман – есен әрі тақуалық тағатпен ұстап шығуды Алла бізге нәсіп етсін.

Иә, Оразаны әркім әрқалай өткізеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (салаллаһу алейһи уассалам) ескерткендей, Рамазан айы — Алла тағаладан шынайы үміт етіп Ораза ұстаушылардың күнәлары кешірілетін ай. Алланың ардақты елшісі бұл ай біреулер үшін тек ашығумен өтетінін және айтқан.

Бірде Мұхаммед (салааллаһу алейһи уассалам) өзінің сахабаларына:

  • Бүгін ауыз бекітіңдер. Менің рұқсатыммен ауыздарыңды ашыңдар! – дейді. Кешке бәрі пайғамбарға келіп, рұқсат алып, ауыз ашып жатады. Біреу келіп:
  • О, Алланың ардақшы елшісі! Менің екі қызым да Ораза ұстап еді. Сіздің алдыңызға келуге ұялып отыр. Соларға ауыз ашуға рұқсат берсеңіз. – дейді. Сол кезде Алланың расулы:
  • Олар Ораза ұстаған жоқ. Олар жай ашықты. – дейді.
  • Қалай Ораза ұстамады екен, уа Расулалла! Олар кешке дейін тамақ жеген жоқ қой.
  • Екі қыздың ауыздары тамақ ішпесе де, тілдері ораза ұстаған жоқ, құлақтары ораза ұстаған жоқ. Біреуі ғайбат айтса, екіншісі соны тыңдап отырды. Біреуі біреуді жамандаса, екіншісі соған қосылып, жамандасты. Бұл Ораза ұстағанға есептелмейді. – деген екен.

Бұл оқиғаның қандай хикметі бар? Адам баласы оразаны ашығу үшін ұстамайды. Адам қолымен, көзімен, құлағымен, барлық он екі мүшесімен ораза ұстаса, міне бұл – шынайы, Алланың тарапынан қабыл болатын амал.

Бұл айда «Менің ауызым бекітулі!» — деп жатып алуға әсте болмайды. Бізде осылайша өзінің ұстаған оразасын міндетсінушілер көп кездеседі. Бұл айда сауапты амалдарды еселеу керек. Пайғамбардың хадисінде: «Бұл айда сүннет амалдардың сауабы парызбен бірдей болады. Парыз амалдардың сауабы қырық есеге дейін еселенеді» — деген. Рамазан – қамсыз, құлықсыз қарап жататын емес, сауаптарға таласатын ай. Оразаны ұйқымен өткізу – ғапылдықпен өткізу. 30 күн зулап өте шығады. Бірақ, бір ай бойы ұйықтап, қонақтыққа барып немесе ұялы телефон шұқып «Шырылдауық шегіртке, Ыршып жүріп ән салған, Көгалды қуып гөлайттап, Қызықпен жүріп жазды алған.» — дегеннің керін жасап, Алланың марапатынан құр қалып қоймасақ екен.

Тағы да Алла елшісінің (салааллаһу алейһи уассалам) сөзіне жүгінеміз. «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар. Бірі – ауызын ашқан кезде. Екіншісі – Раббысымен қауышып, Ораза ұстағаны үшін алған дәрежесін көрген кезде» — дейді хадис. Әрине, ауызашар дастарханы – Оразаның сыйы. Бірақ, бес парыздың бірі болған құтты құлшылық Оразаны кеште жайылатын дәмді дастархан үшін орындамайық.

Миллиондаған адамның негізгі мәселесі – уақыт. Ислам діні уақыт деген құндылықты қалай бағалайды? Исламдағы тайм – менеджмент туралы не айтасыз?

 

Уақыт жайлы аят та, хадис те көп. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «заманға серт…», «сәске уақытына серт…», «таң уақытына серт..» — деп уақыттың әрбір сәтіне ант етеді. Осы арқылы бізге уақыттың қандай құнды екенін көрсетеді. Алланың елшісі (салаллаһу алейһи уассалам): — Адам баласы қадірін біле бермейтін екі нығмет бар. Оның бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт.» — десе,  тағы бір хадисінде: «- Бос уақыттың қадірін біліңдер, қолдарың байланып қалмай тұрғанда» — дейді. Яғни, жұмысқа, шаруаға кіріспес бұрынғы бос уақытты тиімді пайдалануға үндейді.

Тарихқа қарасақ, адамзат баласына уақыттың кестесін жасауды, күнді жоспарлауды Ислам діні үйретеді. Қалай? Намаздардың уақытының өзі – күннің берекелі кестесі. Мәселен, таңғы намазға оянып, құлшылық жасап, күн шыққанға дейін ұйықтамай, Құран оқып отыру. Күн шыққаннан бастап, бесінге дейін шаруамен айналысуға болады. Бітпеген істі бесін намазынан кейін екінді намазына дейін жасауға тағы мүмкіндігіміз бар. Екіндіден ақшам намазына дейін де екі сағаттай уақытымыз бар. Бұл – ісіңді бірыңғайлауға, тиянақтауға жеткілікті. Күндізгі уақыт кәсіппен айналысуға, жанұяға уақыт бөлуге жеткілікті. Міне, уақытты ұқыпты пайдаланудың қағидасын Ислам осылай ұсынады. Ислам діні – уақытты босқа өткізетін емес, керісінше уақыттың қадірін бағалайтын дін. Уақыттың әрбір сәтіне құрметпен, жауапкершілікпен қараған адам табысты болмай ма?

Өзіміздің өмірімізді үлкен сурет деп алсақ, өткен әр минут, әр сәтпен сол суреттің бөліктері жоғалып жатыр. Бөліктер пайдамызға жарай ма әлде босқа жоғала ма – ол біздің қолымызда. Әлемде миллиардтаған, трилиондаған адамдар өмірден өтті. Тарихта қалғандардың саны санаулы. Олар — уақыттың қадірін білгендер!

 

Әрине, ислам дінін ұстанамын деп, адамға барлық уақытын құлшылық, ғибадатқа сарп етуіне тағы болмайды. Өзіңіз айтқандай, ата – анаға, жанұя мен табыс табуға да уақыт бөлу керек. Осыларды қалай реттеген дұрыс?

 

Алла Тағала Құран Кәрімде: — Мен адамдар мен жындарды құлшылық ету үшін жараттым. – дейді. Бұл аятқа қарасақ, біздің тұтас күніміз, күніміз тұрмақ өміріміз құлшылыққа жұмсалуы тиіс. Намаз оқуға, оған дайындалып дәрет алуымызды қоса санағанда, бір жарым сағатымыз ғана кетеді. Қалған 22 жарым сағатымыз бос. Оларды қандай құлшылықпен өткізуіміз керек?

Ата – анаға қызмет жасау да – құлшылық. Ағайын, туыспен қарым – қатынас орнату әрі оны сақтау да, отбасыға көңіл бөлу де, бала – шағаның нәпақасын табу үшін қызмет жасау да – құлшылық. Адамға, қоғамға пайдасы тиетін амалдарды жасау, ісіңе адал болу – ол да ғибадатпен тең.

Бір күні біреулер пайғамбарымыз Мұхаммедтің (салааллаһу алейһи уассалам) алдына екі әйелді алып келеді. Әйелдердің бірі – қолы қалт етсе намаз оқыған, жыл он екі ай ораза ұстаған, бірақ бүкіл ағайынымен араздасып болған әйел екен. Алланың елшісі (салааллаһу алейһи уассалам):

  • Мұның барар жері – тозақ! – дейді. Екінші әйелдің парыз амалдарын орындайтыны болмаса, асып бара жатқан құлшылығы жоқ екен. Бірақ, туыс – ағайынымен жақсы қарым – қатынаста екен.

Оны көрген Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

— Міне, бұл жұмаққа лайық адам! – деген.

Біздің күндіз – түні «Мен дін ұстанатын адаммын. Мен намаз оқитын адаммын!» — деп дабыра қылып, айналамызға жеккөрінішті болуымыз дұрыс емес. Бұл қоғамға кері әсер береді. Егер біреу біздің «асырасілтеуімізден» не орынсыз амалымыздан дінге деген махаббатын жоғалтып алса, бұл – үлкен күнә. Өзінің тақуалығын сырт көзге жария етпей, жарнама жасамай, елдің ішінде жақсы мәміледе, ағайын – туыспен жақсы қатынаста жүрсе, ата – анасына шама – шарқы келгенше жақсылық жасаса, бауырларымен араласып, мұқтаждарға көмектесіп, көршінің халін біліп тұрса,  ол адам – шынайы мұсылманның бейнесі. Оның өмірі шынында да құлшылықпен өткен болып саналады. 1 жарым сағатты намазға, қалған 22 жарым сағатты өсекке, бос сөзге, ұйқы мен дау қуу, адамдардың арасына от салу, келеңсіз істерді тарату сияқты өнбейтін іске арнаған адам білсін, оның уақыты, уақыты ғана емес, өмірі босқа кетіп жатыр. Бұл уақытта береке жоқ. Бұл нығметтің қияметтегі жауабы да қиын. Шынайы мұсылман құлшылыққа да, тіршілікке де үлгереді.

 

Оқушылармен кездесуде: — «Қиындық – дер кезінде жасалмаған жұмыстардың жиынтығы» — деген едіңіз. Сонда қиындық та уақытты, мүмкіндікті пайдаланбаудан бола ма?

  • Бұл сөз негізінен Шығыс ғалымдарынан қалған. Олар: «Ауыр жұмыс – уақытында жасалмаған жеңіл жұмыстардың жиынтығы» — дейді. Яғни, адам күнделікті шаруасын күн сайын шаруалап тұрса, ол үшін ауыр жұмыс деген болмайды. Ал, «Ертең!» — деген адам кесірге жолығады. Күнде жасаған ісі қиын шаруаға айналады. Уақыттың ең бір тиімділігі, құпиясы, сыры осы сөзде де жатуы мүмкін. Бүгінгі бітетін істі ертеңге қалдырмау, өз міндетіңді уақтылы атқару – уақыттың жүйеге, ізге қойылғандығының көрінісі.

Оқушылардың өмірінде де мысал бар. Оқушылар бірінші сыныптан бастап, күн сайын, сабақ сайын жаңа нәрсе игереді. Бір жылда олар бір сыныптың оқу бағдарламасын жаттап емес, меңгеріп, түсініп шығады. Мектеп бітіргенше осылай саналық өсу деңгейінде болады. Ал, 11 жылдық мектеп бағдарламасын, бар білімді тесттің не сынақтың алдында жаттап, ұғынып алу өте қиын. Яғни – ауыр жұмыс! Уақытты жүйеге қою бізді жеңіске жетелейді.

Дін қызметкерісіз. Марафонға жүгірумен де тұрақты айналысасыз. Меніңше, күн сайын жүгіруге шығу үшін – өзіңді күн сайын жеңу керек секілді. Сіз өзіңізді қалай жеңдіңіз?

  • Өзімді өзім жеңдім деп айта алмаймын. Кемшілігіміз жетеді. Құран Кәрімде Алла Тағала: — Қандай да бір қауым өзін – өзі өзгертпейінше, мен оларды өзгертпеймін!» — дейді. Ханафи мәзхабының негізін салушы, сол мектептің ұстазы Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит (Алла ол кісіден разы болсын) мына нәрсені бізге мысал етіп көрсетеді:

Бір құл келіп:

  • Ұстаз! Сіздің сөзіңіз әсерлі, уағыз – насихатыңыз өтімді. Бәлкім, сіз құл азат ету туралы уағыз айтарсыз. Менің қожайыным да оны естісе, басыма азаттық берер ме еді? – дейді. Әбу Ханифа келісімін береді. Алайда, құлды азат ету туралы уағызын үш аптадан кейін ғана айта бастайды. Құлдың қожайыны оны естіп.
  • Насихатыңыз өте керемет болды. Әсері бойымнан кетпей тұр. Міне, көзіңізше бір құлды азат етемін. Бостандық бергеніме қоса, оны бір күңіме қосып, алдына мал салып беремін. – дейді. Басы босаған құл Әбу Ханифаға келіп:
  • Осы уағызды үш апта бұрын айтқанда, үш апта бұрын босайтын едім.
  • Ол кезде менің қолымда қаражат болмады. Екі – үш апта жұмыс жасап, құл сатып алдым. Сосын оны азат еттім. Оның қуанышын сезіндім. Өзімнің жүрегімді тыңдадым. Мен уағызымда сол сезіммен бөлістім. – дей Ханафи мектебінің ұстазы. Бұдан не қорытынды шығады? Адамның сөзі мен ісі сәйкеспесе, оның сөзінің тыңдаушыға әсері болмайды. Алла Тағала Құранда «Әй, иман келтіргендер! Неге өздерің істемеген нәрсені айтасыңдар?» Сондықтан, біреуге уақыттың пайдасы, нәпсіге қарсы күрес туралы айту үшін де өзіміз уақытты қадірлеп, нәпсіні әуелі өзіміз жеңуге тиістіміз. Менің жүгіруім де – соның амалы. Күніне 10 шақты шақырым жүгіремін.

Оразада елге не тілек айтасыз?

Қасиетті Рамазан айында Алла ұстаған оразамызды, дұға тілегімізді қабыл етсін. Қабыл болған оразаның себебінен күнәларымызды кешірсін. Раббымызбен қауышар сәтте күнәлары кешірілген құлдардан болуды нәсіп етсін! Әлемді дүрліктірген індеттен еліміз аман шықсын! Алла ел мен жерді ішкі, сыртқы жаудан сақтасын! Басшыларға тура жол – хидаят берсін, қазаққа қызмет қылған азаматтарға күш – қуат, береке берсін! Алла қазақтың ырыздығын мол қылсын! Алланың нұрлы бейнесіне адалдықпен, адал аспен жақындайық!

 

Сұхбаттасқан: Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ