27.04.2021, 12:31
Қараулар: 230
ТАРИХТЫ ТҮГЕНДЕГЕН БІЛІМПАЗ

ТАРИХТЫ ТҮГЕНДЕГЕН БІЛІМПАЗ

Жалпы білім беретін Бұлдырты орта мектебінің 8-сынып оқушысы Гүлсезім Ерғожиева тарих пәніне әуелден қызыға қарайтын. Ол болашақта заңгер болғысы келеді.
Гүлсезім Ерғожиева өзі секілді тарихқа қызыға қарайтын бір топ оқушылармен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай топ жетекшісі Жасқанат Несіпқалиевпен үлкен ізденіс жұмысын жасаған болатын. Ауылдан майданға аттанған ардагерлер туралы тың мәлімет жиналды. «Жеңісті жақындатқандар» атты тарихи танымдық дүниелер жазылды. — Qaztest.kz білім сайтын бұрыннан бақылап қарайтынмын. Қазіргі кезде онлайн байқаулар өте көп. І орын алу үшін бар білімімді сынадым десем артық айтпас едім. Бұл байқау 25 сұрақтан тұрады. 1 сағат уақыт беріледі. Сол уақыттың арасында берілген тест сұрақтарына жауап беру керек. Тақырыптар әр түрлі болды. «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасымыздың мақаласы бойынша, кино әлемі, көне тарихымыз туралы көптеген сұрақтар болды,-деп өз ойын бөлісті кейіпкеріміз Гүлсезім Нұрымқызы.
Дарынды шәкірттің жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Жасқанат Мұратұлының айтуынша, ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері Qaztest.kz олимпиада сайты тарихи және мәдени құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырған ІІ Республикалық «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ елінің тарихы» қашықтық олимпиадасында жеңіске жету үшін Гүлсезім бар білімін салып дайындалып, өзгелерден оқ бойы озық шықты дейді.
Айжан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Сырым ауданы