12.04.2021, 13:29
Қараулар: 140
 » 
ҚУАНАЙ ХАЗІРЕТТІҢ АСАСЫ ТАБЫЛДЫ!

ҚУАНАЙ ХАЗІРЕТТІҢ АСАСЫ ТАБЫЛДЫ!

Қуанай хазірет – ауқымды тұлға. Егер оны тек діндар десек, қайраткерлігіне обал жасаған болар едік. Ал, Алаш үшін атылған боздақтың бірі десек, шариғаттың шамындай лаулаған ілімін, дінге діңгек болған қызметін қайда қоямыз хазіреттің?

 

ҚУАНАЙ ХАЗІРЕТ ДЕГЕН КІМ?

Қуанай хазірет жайлы жазған тарихшылардың бірі –жазушы, өлкетанушы, Қаратөбенің «Геродоты» Қайыржан Хасанов. Өңірімізде шығатын Dana.kaz журналының 2020 жылдың 21 желтоқсанында жарық көрген №50 санында Қайыржан Хасановтың «Қаратөбе – өнерлі өлке», «Қаратөбе. Алашорда сиезі», «Хазірет Құрбанғали», «Төлеген Иманғазиев» атты еңбектерінің  негізінде дайындалған «Қуанай хазірет» атты мақала жарияланды. Қуанай хазірет кім деген сауалға осы мақалада толық жауап бар.

  • Жымпитыдағы Батыс Алашорданың діни басшысы Қуанай Қосдәулетов кім? Қуанай Қосдәулетов – 1859 жылы Орал округі, Жымпиты уезі №8 ауылда (Қособа) орта шаруасы бар отбасында дүниеге келген. Руы – Байбақты, Түкіш. Әкесі Қосдәулет бай болды дегеннің өзінде жеке малын 20 бас ірі қарадан артық ұстамапты. 1929 жылы 29 қаңтарда тергеушіге берген жауабында айтылғандай, Қуанайда 1917 жылы 40 – 50 шамалы ірі қара болған. 1928 жылы 28 тамыздағы ҚазЦИК – тің декреті алдында жеке меншігінде 93 қойы, 11 жылқысы, 16 ірі қарасы, 2 түйесі болғандықтан, мал – мүлкі тәркіленген. Осы кезде оның екі қыстауы, екі қатыны болған. Екі киіз үйін бәйбішесі мен тоқалы пайдаланған. Бай ретінде, Қуанай Жетісу жаққа жер аударылған.

Қуанайдың білімі қандай десек, бала кезінде әкесі Қосдәулеттен сабақ алған. Діни кітаптар мен Құран оқитын дәрежеге жеткенде, ауыл молдасынан білімін жүйелі түрде жалғастырып отырған. Одан соң Орал қаласындағы Ғабрафақов деген халфеден оқуын жетілдіргеннен кейін, әрі қарай Әлі халфенің курсында болады. Кейін Бұқарада медреседе оқиды. 10 жылдай өмірін діни оқуға арнайды. 25 жасқа толған соң, молдалық жолға түседі. 20 – 25  жас аралығында қазақ балаларын ақы алып оқытады. Кейін оны өзінің кіндік қаны тамған №8 ауыл Қособадағы мешітке имам етіп сайлайды.

1914 жылдан бастап 3 жыл қатарынан Мәдина мен Меккеге қажылыққа барады. Стамбулдағы «Ая – София» мешітінде имам халфе болады. 1928 жылы Уфадағы ЦДУМ – ның ұйғарымы бойынша, оның Жымпитыдағы өкілі болып сайланады.» — деп жазады Қайыржан Хасанов.

Қуанайдың есімін Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романынан да кездестіреміз:

  • Күнбатыс Алашорданың төрағасы Жанша Досмұқамбетұлы болды. Одан кейінгілер Қалал Досмұқамбетұлы мен әлгі белгілі Салық болыс болды. Әкімшілік осы үшеуінің қолында болды. Бұлардың үстінен бақылаушысы және дұғагөйі Қуанай хазірет болды. Қуанай хазірет айтқанын қылдырып отырды. – делінген. Романда Қуанайдың Қаратөбе сиезінде сөз сөйлегенін, Жымпитыдағы мешітте Жаһанша мен Халелдің тақуалықтарын сынға алып, намазға селқос қарамауға үндегені айтылады.

Алласына құлшылық, Алашына қызмет қылған Қуанай 1937 жылы ұлымен бірге атылды.

 

АСАТАЯҚ ҚАЛАЙ ТАБЫЛДЫ?

Туған жері болғандықтан әрі саналы ғұмыры өткендіктен Жымпитыда Қуанайдың ізі қалмауы мүмкін емес. Ол – аңыздағы кейіпкер емес, күні кеше өмір сүрген тұлға. Сондықтан, ізі түгілі, көзі де қалуы ықтимал.

Осындай үмітпен жүргенде «Қуанай хазіреттің асасы сақталыпты. Жәдігер Жымпитыда С. Сейфуллин көшесінде тұратын Мәдина Хасанова апамыздың қолында көрінеді» — дегенді естіп, алып – ұштық.

Мәдина апамыздың анасы Айман Көбенғалиқызы Даттың Адамбайынан тараған екен. Өзі сөз ұстаған, шежіре кісі болыпты. Айман шешейдің әкесі Көбенғалидың Кенжеғали деген інісі болған екен. Сол Кенжеғалидан туған Ғабделқұдес бес парызын түгендеп, Құран ашып, шариғат жолымен жүріпті. Ол кейін Жымпитыға Құдыс молда ретінде белгілі болған. Құдыс молда өмірінде Қуанаймен бірнеше рет кездескен. Онымен жүздесу үшін түрмеге де кірген. Қуанай да оны шәкірт деп жақын тартқанға ұқсайды. Тоқ етері,  сондай кездесулердің бірінде Қуанай хазірет Құдыс молдаға асатаяғын аманаттаған:

  • Аса туралы бала күнімде естідім. Майсара Хабиболлақызының сабағы басталайын деп жатқан. Медбике келіп, екпе салады деген әңгіме келіп жетті кабинетімізге. Баламыз ғой, инеден қорқамыз. Сабақтан қашып, Құдыс атаның үйіне келдім. Кереуеттің үстіне шығып ойнап жүргенімде қатты нәрсеге аяғым тиді. Ұстап қарадым, көрпенің астарына ұзын бірдеңе тігіліп, жасырылыпты.
  • Мынау не ата? – деп сұрадым.
  • Ойбай, бұл таяқ. Тиме, былай түс! – деп қарт мені кереуеттің үстінен түсіріп жіберді.

Арада уақыттар өтті. Құпия таяқ ойдан кетпеді. Бір күні барып, Құдыс атадан оны неге жасырып жүргенін сұрадым:

  • Бұл – Қуанай хазіреттің асасы. Хазіретпен араласқан, тіпті амандасқан адамдар қудаланды, атылды. Ал маған оның таяғын сақтау бұйырды. Әр күнім терезеге қарап, «НКВД мені қаша алып кетеді екен?!» — деген алаңмен өтті.
  • Хазіретті қашан көрдің? – деген сұрақ қойдым бір күні.
  • Қуанай тұтқындалыпты. Жымпитыға алып келеді деген хабар тарады. Ел ішіндегі білімді, оқыған азаматының қолына кісен салған қанды жүйенің кесапатына қарсы халықтың жасайтын амалы болмады. Дегенмен, ел қолдан келер құрметіміз деп, хазіреттің жолын тоспақ болды.

Алыстан қара көрінді. Жақындаған сайын сұлбалары анығырақ бола бастады. Ортада ірі, ұзын адам келе жатыр. Жан – жағынан винтовка асынған әскер қоршаған. Ортадағысы — жарықтық Қуанай хазірет екен. Алып тұлғалы. Әскерилердің өзі иығынан келеді – ау, әйтеуір жанында шұбырған балапандай көрінеді.

Жендеттер жетектеген хазірет жанымызға таяды. Екі қолын артына қайырып, кісен салған.  Үстіндегі жейдесінің жағасы ғана қалыпты. Қос өңірі өрім – өрім. Арқасының көретін жері жоқ. Дүре тіліп тастаған. Қаны шығып тұр. Соған қарамастан, еңсесі тік, маңғаз басып келеді. Қуанайын көзімен көрген халық қаумалай жөнелді. Бірі сөзімен күш беріп, бірі Әл бірі нанын, бірі суын ұсынып әлек.

Осы қауымның арасында мен де болдым. – деп айтыпты Құдыс молда.

 

dav

ТҮРМЕДЕГІ ЖҮЗДЕСУ

Қуанай – Аллаға тағат қылған, құлшылығына құшықты адам болған. Ұрып – соғып, түрменің түбіне тыққанда да ол Аллаға деген махаббатынан айнымаған. Намаз уақыты болғанда абақтыдан еркін шығып, мешітке кетіп қала береді екен. Намазын оқып болғаннан кейін түрмеге қайта оралатын көрінеді. Күзетшілер оның құлыптаулы темір есіктерді қалай ашқанын, қалай шығып кеткенін білмей дал болады. Оқиға қайтала бергесін, күзетшілер хазіретке қол да көтерген. Амалы құрыған біреу:

  • Шыққан екенсіз. Мазақ қылғандай қайта келгеніңіз не? Неге қашып кетпейсіз? – деп сұрайды.

Хазірет:

  • Менің қылмысым жоқ, кінәм жоқ. Неге қашамын? Түбі әділет жеңеді. – деген көрінеді.

Құдес молда ас – ауқатын алып, Қуанайға жолықпақ ниетпен түрмеге бірнеше рет барады. Бірақ, бетпе – бет жолыға алмайды. Түрме қабырғасында олар тек бір рет жүздесіп, тілдеседі.

  • Сен маған алаңдама. Заманның жайы қиындады. Бізге де ақырғы сәт таяп келеді. Мені танитын, кездескен, амандасқан адамның бәрі назарға алынып жатыр. Тізімге сен де ілігіпсің. Ауылдан 30 үй іш жаққа жүрейін деп отыр. Сен сол көшке ілесіп, бірге кет! Барғаннан кейін де, ажырамай, елдің қазақтарының қасында бол! Аманат! – депті. Бұл хазірет пен Құдыстың соңғы кездесуі еді.

УӘДЕ

Іш жақ деп отырғаны – Орынбор жағы ғой. Құдес көшпен бірге елден кетеді. Кіші жүздің даласынан қозғалған 30 үй азып – тозып, Орынбордың даласына да жетеді. Орыстың саясатының кесірінен атамекенінен жырақтаған қазақтарға іш жақта тұратын орыс халқы іш тартыпты. Олар қазақтардың көші өтетін көшелерге піскен картобын, нанын шығарып қоятын көрінеді. Тікелей алып шығуға биліктен сескенеді. Бірақ, кеудедегі адамның жүрегі шыдай ма? Осындайда «Жаман ұлт болмайды, жаман адамдар болады» — деген сөзге еріксіз тоқтайсың!

Құдестің туған апасы сол жақта тұрады екен. Көшкен елге пана табу, орнығу оңай ма? Халықпен бірге біресе ағаштың түбінде, біресе ат арбаның астында түнеп, арып – ашып жүрген інісін көргенде:

  • Жалғызымсың! Далада, желдің өтінде, су мен қардың астында не істеп жүрсің? Біздің үйге жүр! — жыларман болады. Бірақ, Құдыс :«Мен хазіретке уәде бердім. Елмен бірге боламын!» — деп туған бауырының үйіне бармапты.

 

КӨЗІЛДІРІК КІМДІКІ ЕКЕН?

Амал мейрамы күні ауылдың ақсақалы, ақын Есен Баймұхамбетовке сәлем беруге барған Мәдина Хасанова апамызға Есен қарт:

  • Қуанай Хазіреттің аты атала бастады. Оны жоқтаушылар да көбейді. Өзі айтқан әділдіктің таңы туды. Құдыс молданың үйінде хазіреттен ештеңе қалған жоқ па екен? Болса, жарыққа шығаратын уақыт келді. – деген ақыл айтады. Сол кезде апамыздың есіне құпия таяқ түседі.

Қуанай хазіреттің асасы осы күнге дейін Құдыс молданың ұлы Ораз ағамыздың үйінде сақталып келген. Молданың ұлы Ораз ағамыздың әкенің аманатына берік болғаны соншалық, үйінде бағалы тарихи жәдігердің бар екені жайлы жан баласына тіс жармаған. Ұрпақтарының қолында Құдыс молданың неке туралы куәлігі бар екен. Ол жерде «Кенжегалиев Кудустың» 1898 жылы туғаны жазылған. Қарт 1990 жылы дүние салыпты.

Асатаяқты қолымызға алып, ұстап көрдік. Хазіреттің ұзын кісі болғаны рас екен. Таяқтың ұзындығы —  140 см. Біздің бойымыз – 184 см. Өзімізді бойы ұзын адамдардың қатарына қосып жүрміз. Ал, таяқтың тұтқасының өзі кеудемізден келеді. 140 см асаны тұтқасынан, емін – еркін, қолды 90 градусқа жазған күйде ұстау үшін адамның бойы кем дегенде 2 метр болуы керек.

Асаның қандай ағаштан жасалғанын біле алмадық. Әйтеуір, бұтағы жоқ қызыл ағаш. Ортасынан темір шыбық өткізіпті. Тұтқа жағын ұстауға ыңғайлы болуы үшін ақ матамен байлаған. Ұшын жезбен қаптапты. Аса ұстаған сайын серпіліп, солқылдап тұр.

Ораз ағамыздың үйінде Құдыс молданың бірқатар қолжазбасы, өзі өмірлік серік еткен Құран кітабы бар.  Құран мен қағаздар оралған мата да көненің көзіне ұқсайды. Ал, солармен бірге жатқан ескі көзілдірік бізді тағы да сан ойға батырды. Біз мұндай көзілдірікті алаш қайраткерлері Халел Досмұхамедұлы мен Дәулетшаһ Күсепқалиевтің суретінен көргенбіз. Бір қызығы, Құдыс молданың жанар оты жақсы болған, көпке дейін көзілдірік кимеген. Сонда, бұл көзәйнек кімдікі болды екен? Қуанай хазіреттікі емес пе екен?

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы