12.04.2021, 13:03
Қараулар: 239
«КӨШЕКОВ ОҚҚА ҰШТЫ» — деген хабар мені қатты күйзелтті.

«КӨШЕКОВ ОҚҚА ҰШТЫ» — деген хабар мені қатты күйзелтті.

РЕДАКЦИЯДАН:

Газеттің өткен санында майданда шаһид болған қаламгер Қажым Көшеков туралы жаздық. Батырдың өлімі туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған қаруласы Ж. Жұмақановтың мақаласын жаңғырттық. Сөз арасында сырымдық тарихшы Серік Зиятовтың «Жайықтың қайсар бір ұлы» атты мақаласын пайдаландық. Қазақ «Жақсылық жасасаң бүтін жаса!» — дейді. Осы жолы Зиятов мырзаның жазғанын толық ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Бізге ескерілмеген есім, байқалмаған батыр – Қажым жайлы әр дерек, әр сөз қымбат.

Серік Зиятов майдангер жазушы, «Ақиқат пен аңыздың» куәгері Әзілхан Нұршайықовтың Қажым туралы толғанысына ерекше тоқталады. Мақала сонысымен құнды болып тұр. Айтпақшы, үшбу мақаланың тақырыбын өзгерттік. Осылай жарасатын секілді.

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ:

«КӨШЕКОВ ОҚҚА ҰШТЫ» — деген хабар мені қатты күйзелтті.

Ұлы Отан соғысы кезінде қаламын қаруға айырбастап, алғы шептен табылған азаматтар аз емес. Солардың арасында алғашқы қазақ журналистерінің бірі,  ұлтымыздың  ержүрек ұлы Қажым Көшеков те бар еді.

Қажым Көшеков 1912 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жосалы ауылында дүниеге келген. Ел ішіндегі сақталған деректерге қарағанда, әкесі лезде суырып салып, өлең шығаратын өнерлі жан болған. Өнегелі ортаның әсері  шығар, Қажым атамыздың өзі де бала кезінен жаны жырға жақын болып   өскен.

Қажымның балалық шағы туған жерінде өткен. Өз ауылында бастауыш білім алып, қоғамдық жұмысқа араласқан. Ауылдық кеңестің төрағасының хатшысы болып жасаған. Сол кездері ұжымдастыру барысындағы асыра сілтеуді айыптап өлең  жазыпты. Кейін сол  тура мінезінен қағажу көріп, елден кетеді. Бірақ, сол шешімінің өзі дұрыс болады. Өйткені, Орынборға келіп, жұмысшы факультетінде оқиды. Бұдан кейін Алматы қаласындағы Коммунистік журналистика институтын бітіреді.

Қажымның журналистік жолы  жастар басылымынан басталған.  «Лениншіл жас» газетінде   алғашқы кезде редактордың орынбасары болса, артынан сол басылымның редакторы болады.

Ел басына күн туғанда  Алматыда жасақталған 100-ші қазақ ұлттық дербес атқыштар бригадасы сапында майданға аттанған ол от ортасынан оралмады.  Өзінің қарулас жолдастарымен бірге ерлікпен қаза тапты.

Қажым Көшековтің ер өлімі туралы  белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтің «Халық кеңесі» газетінде 1995 жылдың 30-ші сәуірі күні  жарық көрген естелігінде былай деп жазылған:

«2572 адам! Соншама орта, кіші командирлер және жауынгерлер опат болды. Бұл бригада құрамының жартысынан астамы қаза тапты деген сөз.

Менің бұдан 53 жыл бұрын қара қарындашпен латын әріптерімен жазылған күнделік дәптеріме мынадай сөздер түсіпті: «25.11.42 жыл. Таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін жабық позициядан фашистердің алдағы деревниядағы бекінісіне үздіксіз оқ аттық. Бір сағат тыным тапқанымыз жоқ.

Менің бірінші зеңбірегімнің өзі 203 снаряд шығарды. Сонда біз фашистерге ыстық снарядпен 1624 килограмм сәлемдеме жіберіппіз. Бұл 1,5 тоннадан асады. Ал, батареяның қалған үш зеңбірегі аз дегенде үш тонна снаряд атты. Сонда біздің 2-батарея фашистермен шайқастың алғашқы күні жау төбесіне 4,5-5 тонна снаряд төкті.

Кей кездері зеңбірек стволы қып-қызыл болып, отқа салған темірдей қызарып кетеді. Қол тигізуге болмайды. Әзірше бізден шығын жоқ. Кешке қарай 3 – інші батареяның взвод командирі Көшеков өлгенін, бір зеңбірек көздеуші мен затвор ашушының жаралы болғанын естідік.

Алғы шептен келген «Хажым Көшеков оққа ұшты» деген хабар мені қатты күйзелтті. Өйткені, артдивизион жігіттерінің бәрі оны ерекше жақсы көруші еді. Төртбақ денелі, түрі сәл сұстылау келген, қараторы жігіт болатын. Бірақ, жаны жылы еді. Өзі бізден он шақты жас үлкен болатын. Кездесе кеткенде хал-жай сұрап, ақылын айтып жүретін. Өзі Алматы журналистика институтын бітіріпті. Содан кейін республикалық «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары, артынан редактор болыпты. Бәлкім, өзім өлең жазып, әскери газетке мақалаларым шығып жүргендіктен де ол кісіні ерекше жақсы көрген болармын. Бір жағынан, артдивизионда бір оқиғаға арналған митингтер бола қалса, алдымен үш кіші лейтенантқа: Хажым Көшековке, Жамалхан Жамалбековке, Мәті Құсайыновқа сөз берілетін. Кіші командирлер атынан мен сөйлейтінмін. Сонда Хажым «Сен жақсы сөйлейсің» немесе «Оқыған өлеңің жақсы болды!» деп қолымды алатын. Атақты журналист ағаның сол құттықтауы менің көңілімді көтеріп тастайтын.

Енді сол асыл аға, тамаша командир жаумен алғашқы шайқаста жан тапсырыпты. Бірақ, жастығын ала жатыпты. Зеңбірегімен тура көздеп атып, фашистердің пулемет орнатқан бір ДЗОТ пен бір ДОТ-ының күлін көкке ұшырыпты. Қарсы шабуылға шыққан жау взводының төбесіне шрапнельден «шашу» шашып, солардың бірсыпырасын және жер жастандырыпты.

Жаудың станокты пулеметінің үнін өшіріп, атакаға шыққандарды тойтарып, тозғындатып тастағаннан кейін Көшеков қатты қуанып, «Рахмет, бауырларым!» деп зеңбірекшілердің қолын кезек қысады. Сөйтіп, окоп шетіне келіп, дүрбісін қолына алып, алғы шепке қайтадан қарай берген кезде, қақ қасына жау минасы келіп жарылып, Хажым ағамыз сәл теңселіп, құлап түсіпті. Екі аяғын бірдей мина қырқып кетсе де, батыр ағамыз қолын алға қарай сермеп:  «Ілгері басыңдар, шегінбеңдер!» деп күбірлеп жатып, жан тапсырады. Жігіттер оның денесін зеңбірек окобына  жайғастырып, бетін жабады. Хажым ағаның қазасына мен қатты қайғырып, «Өсиет» атты өлең жазып, ертеңіне штабқа баратын пошташыдан бригада газетінің редакциясына беріп жібердім. Бұл өлең бригада газетінің 1942 жылғы 1 желтоқсанындағы нөмірінде басылып шықты. Кейін сол өлеңнің: «Алға қарыс бассаң бас, сүйем кейін шегінбе – әдет жоқ ондай тегінде!» деген жолдары газеттің шпигелінен түспейтін болды. Хажым ағаның бұл сөздері 100- ші атқыштар бригадасының жауынгерлік ұранына айналды.

Менің бұл өлеңім артынан тұтасымен республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде басылды. 1943 жылы 6 ақпанда «Правда» газетінде «Қазақ халқының майдангерлерге хаты» жарияланды. Сол хатқа барлық майдандағы қазақ жауынгерлері жауап жазды. Біздің 100-ші атқыштар бригадасы жауынгерлері мен командирлерінің атынан да Қазақстанға жауап кетті. Ол хатымыз «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1943 жылғы 8 наурыздағы нөмірінің екінші бетінің дәл жартысына жарияланды. Сол жауапта лейтенант Хажым Көшековтың өлер алдында айтқан: «Алға қарыс бассаң бас, сүйем кейін шегінбе – әдет жоқ ондай тегінде!» деген сөздері бригада жауынгерлерінің ұранына айналғаны айтылды».

Бұл естелікті мен қысқартпай, толық келтіріп отырмын. Өйткені, мұнда Қажым Көшековтің өмірден өткен күні, қалай қаза тапқаны, адамгершілігі, азаматтық келбеті жайлы жақсы жазылған.

Бүгінгі күні Жосалы ауылында Қажым Көшековтің атында көше бар.  Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында тарихшы Жанболат Ақшолақов ағамыз  аудандық басылымда «Ескерусіз қалған бір ұлың» деген мақала жазып, ер есімінің ұмытылып бара жатқанын қынжыла жазған еді. Алайда, содан бері біраз жыл өтсе де біздің тарпымыздан қозғалыс болған жоқ.

Р.S.  Қажым Көшековтің мақалалары өзі басқарған басылымның бетінде жиі жарық көргені сөзсіз. «Лениншіл жас» газетінің өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңында жарық көрген сандары табылар күн болса, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанар еді, артында қалған мұрасы арқылы батыр ұлымыз бүгінгі ұрпақпен табысар еді деп ойлаймын.

Серік ЗИЯТОВ,

тарихшы