9.04.2021, 11:10
Қараулар: 239
 » 
«АЛТЫН ҚОЛДЫ» ШЕБЕР ЖЫМПИТЫДА ТҰРАДЫ

«АЛТЫН ҚОЛДЫ» ШЕБЕР ЖЫМПИТЫДА ТҰРАДЫ

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша жұмыссыз жүргендерге, әлеуметтік-тұрмысы төмендерге, немесе көп балалы отбасыларға кәсібін бастауы үшін қайтарымсыз қаражат беріледі.

Осындай мемлекет қамқорлығына ие болғандардың қатарында жымпитылық Руслан Рахметқалиев бар.
Руслан өте ақжарқын, әңгімешіл жігіт екен. Алғашқы аман-саулықтан соң Руслан өзінің отбасылық жағдайы, алғы жұмыс жоспарлары жөнінде әңгіменің тиегін ағытты.
Әке-шешесі Тынымғали мен Марфуға негізінен жосалылық болса да Орал қаласына жалындаған жастық шақтарында қоныс аударып, қалада тұрақтап қалды. Бүгінде екеуі де зейнеткерлік демалыста, бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы.
Иә,Тынымғали мен Марфуғаның тұңғыштары Руслан Орал қаласында дүниеге келді, қалада мектепте оқыды, арнайы мамандықты да қаладағы №1 училищеден алды. Оралдағы №1-ші училищеден «Электр-дәнекерлеуші» және «Слесарь-сантехник» мамандығын меңгеріп шыққан Руслан қаладағы зауытта бес жылдай еңбек етті.


2011 жылы тасқалалық, жоғары білімді Гүлфиямен шаңырақ құрған Руслан одан әрменгі еңбек жолын Атырау, Ақтау қаласындағы вахталық әдіске алмастырды.
Жас шаңырақтың отағасы Руслан қаржы табу мақсатында вахталық жұмыста болса, зайыбы Гүлфия қаладағы мектепте ұстаздық қызмет атқарды, әрі отбасындағы бүлдіршіндер тәрбиесі, күтімдері және бар.


2016 жылы Гүлфияға Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жолдама беріліп, жас отбасы баспаналы болды.
Отбасының ақылшылары Тынымғали мен Марфуға да балаларының ауылдық жерде қызмет еткендерін жандары қалап, бұл бастаманы құптайтындықтарын айтты.

Сондай-ақ Русланды анасының:
— Балам, сенің алыста жүргенің жараспас, ауылға, Жымпитыға барғаның жөн болар, бала кезіңнен қолыңның икемі бар еді, кәсіппен айналысқаның дұрыс болар,-деген ақылы ойландырып тастағандығы рас.
—       Мен шынында анам айтқандай сонау бала кезімнен қолымның икемі ерекше, радио, теледидарды жөндеу, ағаштан отырғыш жасау сияқты кәсіптерге тым үйірсектеу болдым.
Осы балаң кездегі кәсібім ержете келе мені қолөнерлікке, темірден, ағаштан құрал-жабдықтарды жасауға деген қызығушылығымды оятты,-деп Руслан Тынымғалиұлы ағынан жарыла біздермен ойын бөлісті.
—       Бірде қызымның шілдеханасын жасауды ұйғардық. Әрине, шілдеханаға қонақтар, достар шақырылды.
Сол кезде өзіме тың жобалар туындап, қонақтардың жайлы отырып, демалулары үшін өз қолыммен су жаңа отырғыштарды тез арада жасағандығым бар,-деп әңгіме арасында Русланның сәл жымия қарап қойғаны.
Иә, Русланның осы кәсіпке дендеп көңілін бөлгендігіне де жылға жуықтапты. Осы жыл ішінде өзінің қажетті материалын табуы, немесе тапсырыс беруші тарапынан материалдың кәдеге асуы бар жекелей тоқтала кетер болсақ тұрғын үйдің жылу қазандығы мен жүйелерін ауыстыру, аулаға темір қақпа жасап орнату, көлік тұратын тұрақ, үйге қажетті жиһаздар жасауды әр тапсырыс берушінің талғамына сәйкесті келісімді бағамен жасап үлгеріпті.
Бүгінде қолы епті, шебер Русланның өзінің түйсігі, қиялы арқылы жасалған отырғыш, стол, киім ілгіш, кереует, қыз жасауына арналған бұйым әшекейлі сандық көзді қызықтырады.


— Әрине, қазір ауа-райы салқын, қолайсыз болғандықтан жасалынар бұйымдардың жабдықтарын сыртта тазалап, сосын үйдің ішінде құрастыруды қолға аламын.
Ал, күн жылынысымен аула ішіндегі сарай өзімнің жұмыс орныма айналмақ.
Енді күнделікті жасалынып жатырған үй жабдықтары, жиһаздар бағасы жөнінде тоқталсам, бәрі де тапсырыс берушімен келісімді бағада жүзеге асырылады.
Жасыратындығы жоқ қазір қажетті бөлшектер, тіпті ұсақ шегенің өзі қымбат. Ал, ең қажетті деген тері, ағаш өнімі, темір-терсектің бағасы шарықтап кеткен.
«Маңдайы терлемеген адам еңбектің рақатын көрмейді», -дегендей жұмысым тоқтамауы үшін қажетті жабдықтарды іздеп Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларын шарлап кететіндігім рас,-дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.
Айтқандайын жақында Русланның қолынан жасалып шыққан су жаңа екі столды жымпитылық ағайын әрқайсысын 35 мың теңгеден бағалап, 70 мың теңгесін санап беріп алып кетіпті.
Сөйтіп, Русланның қолынан жасалған жабдықтарға да «құда түсіп» алушылар қатары баршылық екендігін айтпақпыз.
Р.Рахметқалиев «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқып, 583 мың теңге қайтарымсыз грант қаржысына ие болды.
Ол бұл қаражатқа дәнекерлеуші аппарат, темір, ағаш кесетін құрал, сырлау жабдығын сатып алып, қолға алған ісін жандандыра түсуді басты мақсат етуде.
Айтқандайын Русланның жұбайы Гүлфия бүгінде бала күтіміндегі демалыста болса да «Алма піс, аузыма түс» деп ерінің тапқан-таянғанына қарап отырмай, қыз жасауына деп көрпе, жастық тігіп, жасауды бастапты.
Жуырда заманауи үлгідегі тігін машинасын сатып алуды ойластырып отырған Гүлфия қонақ көрпе жасап, оның сыртқы қабын тігуді қолға алмақшы «Тырмысып тірлік еткенге, Тәңірде болысады» деген осы болса керек.
Ісің өрлей берсін, Руслан!

 

Мүсірбек АЙТАШЕВ,
Суреттерді түсірген: Айжан АМАНГЕЛДИНА