7.04.2021, 16:59
Қараулар: 54
БАЙБАЛАМ САЛМАЙ ТЕККЕ, САЛДЫРҒАН ДҰРЫС ЕКПЕ!

БАЙБАЛАМ САЛМАЙ ТЕККЕ, САЛДЫРҒАН ДҰРЫС ЕКПЕ!

Вакцинация – коронавирустық инфекциядан қорғаудың ең тиімді әдісі. Жаппай вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыта отырып, біз қалыпты өмірге орала аламыз.
Сырым ауданында 150 адамға вакцинаның 1 компоненті  жасалды, оның ішінде 104 медицина қызметкерлері, 20 мұғалім, 16 тәртіп сақшылары болса, өзгелері тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, диспансерлік есепте тұратындар болатын.
Қазіргі таңда  40 адамға вакцинаның 2-ші  компоненті  жасалса, оның ішінде 40 медицина қызметкері бар. Екпе алған мамандардың жағдайы бір қалыпты. Екпе салынған азаматтардың барлығы 30минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін 3күн бойы тұрғылықты мекен жайы бойынша учаскелік дәрігер бақылайды.

— Өз-өзімізді қорғау өз қолымызда екенін түсінетін уақыт келді. Былтырдан бері жауырға батқан індет кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Қашанғы тек оқшаулану арқылы жүре береміз? Кезінде медицина тап осы дәрежеде болмағанда да оба, шешектен халықты жаппай қырылудан алып қалған осы екпе алу екенін қалай ұмытамыз.     Иә, басында өмірге құштарлық не істетпейді. Таң атысымен дене жаттығуы, жылы су ішу, оған қоса лимон, сарымсақ, імбір тамыры сияқты тағысын тағы заттарды пайдалануды жаппай қолға алғанымызды да жасыра алмаймын.
Енді, бүгінде, жаппай екпе алу хабарланып жатқанда ресейлік «Спутник V» атты адам ағзасына S-белок арқылы антиденелер қалыптастыратын векторлық вакцина алуға шешім қабылдап 5-сәуірде ұлым Азамат екеуміз де екпе салдырдық.
Көңіл-күйіміз жақсы, ешқандай ауытқулар байқалған жоқ. Аденовирус ағзаға зияны жоқ осы індетке қарсы антиденелер жинақтайтын екпе.
Осы екпені алу арқылы қоғамда індет жұғу кемиді, сондықтанда баршаңызды осы ұстанымды қолдауға шақырамын. Медициналық жетістіктерімізді өз игілігімізге, қоғам игілігіне жарататын кез келді,-дейді ардагер ұстаз, қоғамдық төралқа мүшесі Гүлбақша Ерғалиева.

Расымен де, осыдан бір жыл бұрын індет елді жайлаған кезде імбір тамыры мен лимон дертке шипа болады деген қауесетті естіген жұрт шарықтаған бағасына қарамастан алғаны есімізде. Ал, бүгінде тегін екпені алуға тартынудамыз.

Айжан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Сырым ауданы