Наурыз мерекесіне орай ауданда балалар мен жасөспірімдер арасында бата беру және «Тазша бала» байқауы өтті.
Халық ауыз әдебиетінің тамаша жанры – қырық өтірік айту. «Өтірікті шындай, шынды Құдай айырғандай» қиыннан қиыстырып айту үшін де балаға сөз шеберлігі, қиял кеңдігі керек. «Тазша бала» байқауын өткізудің негізгі себебі – сол. Бұл сайыста өлеңтілік С. Оразбек І орынды иеленді. Кейінгі жүлде алғабастық А. Жанболатұлы мен Жосалы ауылдық округі, Тамды ауылынан қатысқан Т. Мақсатқа бұйырды. 7 – 10 жас аралығындағы «өтірікшілердің» арасында жосалылық І. Нұртас жеңімпаз атанды.
- Баталар сайысына балалар ерекше дайындалыпты. Жасыратыны жоқ, қазір үлкендердің өздері бата бере алмай жатады. Сондықтан, біз ұлттық дәстүрді болашақ ұрпақтың бойына сіңіруге тиістіміз. – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, мәдениет үйінің қызметкері Ақкүміс Мұрадымова.
Бата беру байқауында талдыбұлақтық Н. Аманжолұлы І орынды, бұлдыртылық Ж. Мұратқызы мен қособалық Ж. Қасиет екінші орынды, ал тоғанастық Ә. Балтабай мен тамдылық Н. Тасболатов үшінші орынға ие болды.
Айжан АМАНГЕЛДИНА,
Сырым ауданы