2.04.2021, 19:39
Қараулар: 82
 » 
КӨШЕКОВ КӨШЕДЕН БАСҚА ДА ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ!

КӨШЕКОВ КӨШЕДЕН БАСҚА ДА ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ!

Абдолла Жұмағалиев соғыста ерлікпен қаза таппаған күннің өзінде, өлеңімен – ақ елінің есінде қалушы еді. Бірақ, Құдай оған ақын болып ғұмыр кешіп, батыр болып өлуді бұйырды. Оқырман қауым біздің Жосалыдан ат – атағы, ерлік — ерендігі Абдолладан бір мысқал кем түспейтін тағы бір тұлғаның шыққанын біле ме екен? Ол – Қажым Көшеков.

2015 жылы жарық көрген сырымдық майдангерлердің деректерін жинақтаған «От ортасынан оралмағандар» атты анықтамалықтың ішінде жинақтың шығармашылық тобының мүшесі, тарихшы Серік Зиятовтың «Жайықтың қайсар бір ұлы» деген мақаласы бар. Қажымның өмірбаянын сол мақаладан алайық:

  • Ұлы Отан соғысы кезінде қаламын қаруға айырбастап, алғы шептен табылған азаматтар аз емес. Солардың арасында алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ұлтымыздың ержүрек ұлы Қажым Көшеков те бар еді.

Қажым Көшеков 1912 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жосалы ауылында дүниеге келген. Ел ішінде сақталған деректерге қарағанда, әкесі лезде суырып салып, өлең шығаратын өнерлі жан болған. Өнегелі ортаның әсері шығар, Қажым атамыздың өзі де бала кезінен жаны жырға жақын болып өскен.

Қажымның балалық шағы туған жерінде өткен. Өз ауылында бастауыш білім алып, қоғамдық жұмысқа араласқан. Ауылдық кеңестің төрағасының хатшысы болып жасаған. Сол кездері ұжымдастыру барысындағы асыра сілтеуді айыптап өлең жазыпты. Кейін сол мінезінен қағажу көріп, елден кетеді. Бірақ, сол шешімнің өзі дұрыс болады. Өйткені, Орынборға келіп, жұмысшы факультетінде оқиды. Бұдан кейін Алматы қаласындағы коммунистік журналистика институтын бітіреді.

Қажымның журналистік жолы жастар басылымында басталған. «Лениншіл жас» газетінде алғашқы кезде редактордың орынбасары болса, артынан сол басылымның редакторы болады. Ел басына күн туғанда Алматыда жасақталған 100 – ші қазақұлттық дербес атқыштар бригадасы сапында майданға аттанған ол от ортасынан оралмады. Өзінің қарулас жолдастарымен бірге ерлікпен қаза тапты. – деп жазады Серік Зиятов.

Абдолла мен Қажымның өмірі қатты ұқсайды. Бір ауылда туған. Замандас, аралары – үш – ақ жас. Екеуі де қаламгер. Екеуі де майдангер. Екеуі ерлікпен қаза тапқан. Абдолла – Отан үшін өртеніп өлсе, Қажым жарылып кетті.

Қажым Көшековтің елдің бас басылымының бірі «Лениншіл жас» газетінде редактор орынбасары болуы, кейін ол газетті басқаруы – оның журналистика саласында қандай биікке көтерілгенін көрсетеді. Ал, Қажымның соғыстағы ерлігін қайталауды кез – келген батыр аңсайтын шығар. Лейтенант Көшековтың соңғы сәті, ерлік өлімі туралы белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов естелік жазған. Оны кейін ұсына жатармыз. 2015 жылы Алматы қаласына барғанымда бір – екі сағат уақыт бөліп, Ұлттық кітап палатасына кіріп шыққанбыз. Сол бір – екі сағат уақыт өзін ақтады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Жымпиты жайлы бірен – саран деректен бөлек, қолымызға екі көлемді мақала түсті. Таң қалатын шығарсыз. Абдолла мен Қажым жайлы. Жосалының екі құлыны архив сөресінде де бірге жүр екен. Абдолла Жұмағалиев жайлы командирі В. Григорьевтің «Батыр ақын!» мақаласын былтыр газетке жарияладық. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 20 қаңтар, сәрсенбіде шыққан №16 (6246) санында «Қажым Көшеков» деген мақала бар. Оны белгілі жазушы, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Жорықтар жолы» повесінің, «Әлия», «Солдат жолы» сияқты романдардың авторы Жекен Жұмақанов жазыпты. Қажым Көшеков ажалды қасқайып қарсы алған екен:

 

« Ноябрьдің жиырма бесі. Түнімен соққан боран таңға жақын толастаса да, зеңбірек оғы толастаған жоқ. Н. құрамасының капитан Әубәкіров Жұмаділ бастаған бір бөлімі сол күні таң сәріде жауға қарсы шабуыл бастады. Дұшпанның пулемет ұяларынан атылған оқтар жаңбырша себелеп, біздің әскерлердің жолын бөгеді. Мұны көрген кіші лейтенант Қажым Көшеков өзінің артилерия батареясына: «Жаудың атыс бекіністерін атыңдар!» — деп команда берді. Командир Көшековтың нысананы дәл алғаны соншалық, іркес тіркес ұшқан 5 снарядтың төртеуі барып, жаудың атыс бекінісіне түсті. Немістің станокты пулеметі күл болып аспанға ұшты. Онымен бірге бір офицер, он үш фриц жер жастанды.

Қажым Көшековтың батареясы немістерге жансауға бермеді.Немістер ұрысқа алты танк шығарды Қажым бір зеңбіректі ашық позицияға шығара қойып, танктерді көздей бастады. Алдыңғы танкке үш снаряд қабат тиіп, жалыны аспанға шықты, өзгелері жалт беріп, кейін шегінді. Қажымның командасы бойынша зеңбірек тағы атылды. Қашып бара жатып, тағы бір танк шойрылып қалды. Төрт неміс өліп, екеуі тірідей қолға түсті.

Осындай қызу атыстың кезінде зеңбірегінің жанында команда беріп тұрған Қажымның алдына келіп жау минасы жарылды. Есіл ер қапылыста қаза тапты. Өздерінің батыр командирінің қазасына жауынгерлер қатты қайғырды. Бірақ, сүйікті командирдің кегін алуға ант етісті олар.

…Қажым Көшеков өлшеусіз батыр, табанды жігіт еді. Ол бұрын Алматыдағы журналистер институтын бітірген, «Лениншіл жас» газетінің редакторы болып істеген қалам қайраткері еді. Қажымның өлімі – ерлік өлім. Ол жастығын ала өлді. Бірақ, оның кегі өз өлтірген 20 шақты неміспен қайтпайды. Оның кегін еселеп аламыз. Осы сертті орындаймыз деп, оның үй ішіне, жолдастарына ант береміз.

Лейтенант Ж. Жұмақанов,

Майдандағы армия»

 

Ж. Жұмақановтың қаруласының өліміне сүйінуінің де, күйінуінің де жөні бар екен. Жекен Жұмақанов соғысқа дейін 1938 – 1941 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс жасаған. Ал, Қажым Көшековті жоқтаушылардың бірі, тарихшы Жанболат Ақшолақов өзінің Қажым жайлы мақаласында «Студент кезінен – ақ өзінің зор қабілетінің арқасында газетке мақалалары жиі жарияланып, көріне бастаған Қажым еңбек жолын республикадағы негізгі басылым «Социалистік Қазақстан», кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қызмет етеді» — деп жазады. Қажым «Лениншіл жас» газетіне 1940 жылдары келеді. Демек, Жекен мен Қажым бірін – бірі соғысқа дейін таныған, тіпті «Социалистік Қазақстан» газетінде әріптес болған болып тұр.

Міне, тарихтың қойнауында жатқан ескі газет бізге Қажымның ерлігін айтып толғанады.

Жүйрік журналист, қарымды қаламгер, даңқты батыр Қажымның Сырым елінде ізі бар ма? Біз білсек, Жосалы ауылдық округі, Қоңыр ауылында жалғыз көше ғана бар. Көшеков көшеден басқа құрметке де лайық қой.

Қажымды ардақтау ісінің үзілген үзігін жалғау ниетімен осы мақаланы жаздық. Жазарымыз әлі бар.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы