2.04.2021, 19:23
Қараулар: 271
ҚЫС КЕТЕДІ, АЗАМАТТЫҚ ҚАЛАДЫ

ҚЫС КЕТЕДІ, АЗАМАТТЫҚ ҚАЛАДЫ

Сырым ауданында барлығы 133 қыстақта 47545 ірі қара малы, 81996 қой мен ешкі, 21708 жылқы және 97 түйе қыстатылуда. Осы мал басына 153320 тонна шөп пен егін сабағы және 2660 тонна жем дайындалды. 6000 тоннадай шөп басқа аудандарға сатылды.
Биыл қыс ұзап кетті. Әдетте наурыз бітпей – ақ жайылымға жамырап шығатын малдың бәрі қазір қыстақтарда тұр. Бұл әрине мал азығына салмақ салуда.
Сырымдық шаруалардың жайы қалай екен? Жем – шөптен тарығып жатқан жоқ па? Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінен осы бағытта ақпарат сұратқан едік. Бөлімнің берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта дайындалған мал азығынан 35270 тонна шөп пен 265 тонна жем қалыпты. Ауылдық округтерде мал азығы біткен шаруашылықтар мен жеке тұрғындар мал азығын мол дайындаған шаруашылықтардан 1 бума (рулон) шөпті 6000-7000 тенгеден сатып алуда. Біздіңше, бұл қымбат баға. Орайы келіп тұр екен деп, онсыз да қыстан қысылып шыққан ағайынға мал азығын қымбатқа сату – жарамайтын іс. Тегін бер деп жатқан ешкім жоқ, ауыл халқы мал азығын өз қақына сатып алғанды да олжаға балап отыр.
Бірақ, осындай қыс ұзаған қауырт кезеңде қолында барын тегін үлестіріп, жомарттық жасап жатқандар да бар екен. Мәселен, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты «Жамелетдин» шаруа қожалығы малының азығы таусылған ауыл тұрғындарына 80 бума шөпті тегін беріпті. Ал, Қособа ауылдық округіне қарасты «Досымхан» шаруашылығы ауылдастарына 20 бума шөппен көмектескен.
Бұлан ауылдық округіне қарасты «Бұлан» қожалығы ауыл тұрғындарына 100 бума шөпті 4000 тенгеден сатты. Саройдағы шаруалардың бірі М. Базарбаев та осы қақпен 60 бума шөп сатқан. Қысылтаяң уақытта мұның өзі – көмек.
Жұртқа жәрдемдесуге келгенде Көздіғарадағы Серік Мүтиев те тартынбайтын еді ғой деп ойлап отыр едік. Сәкең де қолынан келген көмегін жасап жатыр екен. Ол жетекшілік ететін Сарой ауылдық округіне қарасты «Серік» шаруа қожалығы шөбі таусылған ауыл тұрғындарына 100 бума шөпті тегін таратыпты және 300 –дей бума шөпті 4000 тенгеден қарызға беріпті.
Қыс кетеді, қиындық бітеді, ал азаматтық елдің ішінде қалады. Сондықтан, аудандағы қоры бар, әлеуеті жоғары шаруашылықтар азаматтық танытып, тарыққан әріптестері мен халыққа жәрдемдессе дейміз.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы