26.03.2021, 18:03
Қараулар: 200
 » 
ШАПАН КИІП РУХТАНҒАН

ШАПАН КИІП РУХТАНҒАН

Қазақтың ұлттық киімдері – бай, тарихи мұра. Қазақтың әр киімінде салт-дәстүр, әсемдік талғамы жатыр. Соның ішінде шапанның қазақ халқы үшін орны орасан. Өкінішке орай, шапан бүгінде Ұлыстың ұлы күнінде той-томалақта киілетін, мерейлі жасқа толған адамға жабылатын киім деген түсінік қалыптасып қалғаны жасырын емес. Жымпитылық Азамат Құдияров – шапанды бір ай ғана емес, жыл он екі ай тастамайтын жан. Бір көрген адам оны таңсық көруі мүмкін. Алайда, Азаматтың жанына үңілсек, оның ұлттық рухы мықты жан екенін аңғарамыз.
Ол 1997 жылы Ақтөбе қаласына аттанып, Ақтөбе политехникалық колледжін техник-механик мамандығы бойынша тәмамдады. 2003 жылы сол жердің қызы, қазақылықты бойына мықтап сіңірген Лизамен шаңырақ көтерді. Ашық, әңгімешіл кейіпкеріміз жарымен қалай танысқаны туралы да айтып қалды. Бірде дүңгіршекке нан алуға келеді. Нан 20 теңге тұрады. Ал, Азаматтың қолында 15 теңге. «Бес теңгесін ертең әкеп берем» деп, 15 теңгеге нан алып кетеді Лизадан. Ертесіне сөзінде тұрып, 5 теңгені әкеп беріп, болашақ жарымен сөзі жарасып жүре береді. Диана, Айжан, Дәулет есімді үш перзенті Ақтөбеде дүниеге келді. 2012 жылы елге оралды. Кенжесі Нұржанат Жымпитыда көрінді. Жары Лиза ері жайында: «Біз, әйелдер, көйлекке қызықсақ, ол шапанға қызығады» дейді.
Азамат Мұратбекұлының шапанға «махаббаты» бес жыл бұрын басталыпты. Балдызының тойында киітке келген жағалы шапанға қатты қызығады. Сол шапанды қалап, үйіне алып келеді. Бір-екі киіп, салып қояды. Бойында бір тылсым күш «шапанды ки» деп тұрады. Содан қайтадан киіп алады. Денсаулығы сыр беріп, ауырғанда да, шапаны өзіне үлкен дем бергенін айтады.
Алғаш рет шапан киіп жүрген кезінде қарсы болғандар бар екен. Жұмысқа да ұлттық киіммен баратын Азаматқа басшылық шапан киюге тыйым салыпты. Кейін бәрінің де көзі үйренді. Азаматты жымпитылықтар шапанынан таниды. Онысын кимеген күні тіпті, зайыбы Лиза да танымай қалған кезі болыпты. «Шапаныңды шеш, ұят қой» дейтіндерге Азамат: «Ұят болатындай, іш киіммен жүрген жоқпын», — деп кейиді.
Шапанмен жүргенде, ауданға келген танымал тұлғалар онымен суретке түсуден бас тартпайды екен. Жансая Мусина, Бекарыс Шойбеков, Мұхамеджан Тазабеков, Асанәлі Әшімов, Алтынбек Қоразбаев, Жүрсін Ерман, Шалқарбай Ізбасаров, Досымбек Қонысбекұлы, Кемелбек Ойшыбаев, Мұхтар Ниязовтарға ою-өрнекті киімді жігіт суретке түсуге ұсыныс жасағанда, бірден келіседі.
Азаматтың бір қасиеті – есте сақтау қабілеті өте мықты. Ол қанша адамның аты мен жүзін білсе, соның бәрінің руын біледі. Бір рет ру сұрасқан жанның руын ұмытпайды. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Азаматтың бойында өлең шығару, атқа міну, асау үйрету, түйе үйрету, домбыра тарту, дос-жарандардың арасында асабалық, жиһаз құрастыру, қой сою, қой бағу сынды көпшілік біле бермейтін бірнеше өнері бар. Әжесінің тәрбиесін көрген оның тағы бір атап өтерлік ерекше қасиеті – өте қонақжай. Өзінің айтуынша, Жымпиты халқының елу пайыздан астамын қонақ етіп, дастарқанынан дәм таттырыпты.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мекеме қызметкерлерінің ұлттық киім кигенін көріп Азамат Құдияров қуанады.
– Бойында ұлттық рухы бар адамдар қуантады. Халқымыз шапанды той-томалағында да, күнделікті тұрмыста да киді. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» тәртіп бұзған адамға ат немесе шапан беріп, айып тарттырады. Шапандар үш жүзде үш түрлі тігіліп, зерленген. Шапанның қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан деген түрлері бар. Шыны керек, бүгінде ұлттық киімнің қай-қайсысы да тек наурыз айында ғана киіліп, одан кейін бір жылға дейін ұмыт болатыны өкінішті. Қариялардың өзі шапанды бір-ақ күн киіп, шешіп тастай салады. Елбасының мақаласында айтылған рухани жаңғыру менің санама жатталып қалған. Шапанмен жүруім – рухани жаңғырудың бір көрінісі. Шапаным маған күш-қуат береді. Енді осы ұлттық киімнің заманауи түрлерін алғым келеді,- дейді Азамат Мұратбекұлы.
Тек киімімен ғана емес, жан-дүниесімен қазақ Азамат ұлттық киімге отбасын да үйретті. Жаңадан салған үйі де ұлттық нақышқа толы.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА