18.03.2021, 19:42
Қараулар: 252
 » 
ЖҮЛДЕ ҚАРАТӨБЕ МЕН ШЫҢҒЫРЛАУҒА КЕТТІ!

ЖҮЛДЕ ҚАРАТӨБЕ МЕН ШЫҢҒЫРЛАУҒА КЕТТІ!

«Қайсар» спорт клубының директоры Ерболат Мұқановтың айтуынша, қыс бойы Сырым ауданында барлығы 15 тай жарысы өтіпті. Бүгін Жымпиты ауылының маңындағы атшабарда 2020 – 2021 жылғы тай жарыстарының қорытындысы аламаны өтті. Аудандық ашық біріншілікке Сырым ауданының ауылдарынан бөлек, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарынан жүйріктер келді.
Тай жарысына 20 тай қатысты. Белгілі атбегі Мүтәлі Төреғалиевтің айтуынша, облыстың басындағы бәйгелерде де тайдың саны мұндай көп болмайды. 3 шақырымға созылған сында Қаратөбе ауданының Үшағашынан келген Алтын қазықтың бағы жанды. Ол жиырма жүйріктің ішінен мәре сызығын бірінші болып кесті. Шабандозы — Ерғазы Валериев.
Аттар мен құнандар бөлек шапты. Олар жарыс жолағын 6 айналды. Әп – дегеннен алдына қара түсірмеген Шыңғырлаудың Сегізсайынан келген Бақторы алты айналым бойы сол басымдығын сақтады. Бәйгеден дара келді.
Жарыстың салтанатты рәсімдеріне Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев қатысты.
Сырымдықтар амал мерекесін осылай ат шаптырып, асыр – салып тойлады. Бәйгелерінің Қаратөбе мен Шыңғырлауға кеткеніне де ешкім өкпелей қоймады. «Жүлденің алысқа кеткені – той даңқының алысқа жеткені!» — дегендей, Жымпитыдағы жылқы дүбірі көрші аудандарға да жететін болды. Жүлдегердің ішінде біздің тұлпарлар да бар. Бәйгеден кімдердің аты келді. Біріншіліктің жүлдесіне қанша тігілді? Ол туралы толығырақ «Сырым елі» газетінен оқыңыздар.
Бәйгенің қызығын қазаққа сөзбен жеткізу оңай ма? Ендеше суреттер сөйлесін.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
Суретті түсірген автор