18.03.2021, 19:33
Қараулар: 121
 » 
ЖЫЛ БАСЫ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!

ЖЫЛ БАСЫ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!

14 наурыз – барша мұсылман жұрты үшін Көрісу күні. Бұл күнді халқымыз жыл басы, айтулы мереке ретінде қадірлеп, жастар қауымы ақ жаулықты әжелерге, қарияларға, жалпы жасы үлкен жандарға арнайы сәлемдесуге барып, амандық сұрасып, батасын алады. Міне, осындай игі салт Сырым ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мемлекеттік қызмет ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жымпиты ауылының тұрғыны Әнуарбек Ғалымовтың шаңырағында әуелден берік қалыптасқан. Әнуарбек аға зайыбы Рауиламен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан көрген немере-жиен қызығына кенеліп отырған өнегелі шаңырақ.
– Жалпы өзім ежелгі дәстүр – Көрісу күніне бес жасымнан бастап куәгер болып келемін. Ауылда тұрған кезде 90-ға толып
марқұм болған әжеме, шаңырақтағы аға-апаларыма ертемен тұрып, қос қолымды ұсына жүгіре сәлемдесетін сәтім әлі күнге жадымда сақталып қалыпты. Елімізде 14 наурыздан бастап он күн бойына Наурыз мерекесі кеңінен атап өтіліп, тойланбақшы. Өте дұрыс. Ең бастысы, елімізде тыныштық, береке, бірлік болсын. Қазақы салт-дәстүріміз лайымда жалғасын таба берсін, – дейді Әнуарбек аға риза көңілде. Иә, 14 наурыз күні таңертеңмен Әнуарбек ағаның шаңырағына көршілері мен ағайындары, құда-құдағайлары, әріптестері көрісуге арнайы барып, Рауила жеңгей әзірлеген кең дастархан басында бас қосады. Қазақы салт-дәстүр, бірлік, татулық деген осы болса керек, шіркін!
Мүсірбек ӘЛІБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген
Айжан АМАНГЕЛДИНА