15.03.2021, 16:32
Қараулар: 292
 » 
Байжан ІЗІМОВ: «СҮЮІҢ КЕРЕК, АУЫЛДЫ БАЛАМ, ШЫНАЙЫ…»

Байжан ІЗІМОВ: «СҮЮІҢ КЕРЕК, АУЫЛДЫ БАЛАМ, ШЫНАЙЫ…»

 

 

Байжан Ізімов – Көгеріс ауылының тумасы. Мұғалім емес, мәдениет саласында да қызмет жасамайды. Бірақ, оның сөз десе делебесі қозып, жыр десе жаны құмартып тұрады. Абай «өлеңге әркімнің – ақ бар таласы» деді ғой деп, баға бере салуға болар еді. Бірақ, Бәкеңнің өлеңге деген таласы «өзгеше» болып тұр.

Әлеуметтік желіден Байжанның өлеңдерін жиі оқимыз. Қай өлеңін алып қараңыз, бәрінен де ауылға деген махаббаттың иісі аңқиды.  Ол баласына «Сүюің керек ауылды балам шынайы!» — деп ақыл айтады. Сосын өзі оңаша отырып, «Мен сенің қадіріңе қалай жетем?» — деп ойға батады.  Байжанды туған жерге деген ғашықтық ақын қылған сияқты. Өлең жағынан қиын ғой, бірақ ол далаға деген махаббатымен Қадыр ақынмен де таласа алатындай. Қадекең: «Өзіңе деген ыстық махаббатты, Өлгенде көрге бірге ала кетем!» — десе, біздің Байжан «О дүниеге жалаңаш жіберсе де, Топырағыңды жамылып, ала кетем!» — деп жырлайды. Әдемі үндестік қой!

Байжан – сөзін, өлеңін ісімен дәлелдеген азамат. Ол қаладағы жайлы қонысын, жақсы жұмысын тастап, жанұясын алып, ауылы Көгеріске көшіп келді. Қазір туған мекенінің бір түтіні болып түтеп, шаруашылығын шыңдап отыр.

Оқырман назарына ауылға ғашық ақынның өлеңдерін ұсынамыз.

 

Редакция

 

Көгеріс

 

Мен өскен жер – Көгеріс, ауыл шағын,

Даласында жүретін ойнап сагым,

Бозторғайы көгіңді әнге болеп,

Ақ арайға бөленер атқан таңым.

 

Мен сенің топырағыңда аунап өстім,

Сенде алғаш қиялымның жібін естім,

Алтыапан мен Жеті ағаш жұмбактарын,

Көк шалғында отырып өзім шештім.

 

Сенде менің тегім де, туысым да,

Сағыныш бар кеудемнің қуысында,

Бойымда қаным қайнап, тасынардай,

Топырағыңды ұстасам уысымда.

 

***             ***             ***

Шүкір етіп ояндым ақ таңыма,

Туған жердің ерекше ғой батпағы да,

Жаратқанға мың алғыс ата — бабам,

Туған жерде оянып жатқаныма.

 

Көгерісім сенсің ғой жұмақ мекен,

Мен сенің қадіріңе қалай жетем?

О дүниеге жалаңаш жіберсе де,

Топырағыңды жамылып ала кетем.

 

***             ***             ***

«СҮЮІҢ КЕРЕК АУЫЛДЫ, БАЛАМ, ШЫНАЙЫ…»

 

Ұлым қаладағы бір бауырымен телефон арқылы сөйлесіп отыр.

  • Ауылда күнде дауыл! – деді ол қаладағы досына. Мен ойланып қалдым. Сосын, мына өлең дүниеге келді.

 

Дауылды мына қалайша жақсы көрмейсің?

Ауылдың шаңын жұтқаннан ұлым өлмейсің,

Шапқылап жүрген балаларды әне көрдің бе,

Боран соқса да солармен жаным бірдейсің.

 

Сүюің керек ауылды балам шынайы,

Ауылды сағын,жүрсең де шалғай ұдайы,

Туған жеріңе еңбегіңді қыл, тер сіңдір,

Келіссін десең ауылдың көрік — шырайы.

 

Осында жатыр балам Ізімдей бабаң да,

Осында жатыр Мәжиттей ата дараң да,

Туған жер деген тойған жер емес ұлым — ау,

Осы сөзімді сақташы мәңгі санаңда,

 

Осында өсті жан атаң.

Анау шеткі үйде,

Іздері жатыр анау бір жатқан беткейде,

Көкең де өскен шапқылап ауыл шаңында,

Дауылдан өлсе осылар өліп кетпей ме?

 

Дауыл деп балам ешкашан айтпа еліңді,

Осы топырақ қатайтар сенің беліңді,

Дауылды болса, ағаштар егіп қазірден,

Жұмақтай жайнат өзіңнің туған жеріңді.

 

 

Атам Амангелдіге

 

Ата деп енді мұң шағам айтшы кімге мен?

Адамға басқа мұң шағып әсте көрмеп ем,

Сусындай еді айтатын маған әңгімең,

Сәттерде сонау рухани жадым шөлдеген.

 

Әкетті сені Таубайдай мәңгі мекенге,

Ажал Алланың бұйрығын екі етер ме?

Жаратқан ием, еркелеп жүр ем талтүсте,

Түсім ауыпты,

Атамсыз кешке жетем бе?

 

Жадымда жатыр сонау күн айтқан сырыңыз,

Сол болғаны ма ақырғы айтқан шыныңыз,

«Кетемін бала жақында..» — деген сөзіңе,

«Олай демеші!» — деген ем, «Ұзақ жүріңіз!»

 

Есімде ата ит жуа тере барғанда,

Таубайға соқтық амандасам деп шалдарға,

Аманат қылдың,

«Өскесін балам, атақонысты ұмытпа,

Ерекше қара Жетіағаштағы талдарға!»

 

Атамекенің Көгеріс мынау ел дедің,

Балшық, лайын да жаныңа жақын көр дедің,

Тәніңе жылы болғаныменен шаһарың,

Туған жеріңнің суына дедің шөлдегін.

 

Келгенде елге қуанып едің балаша,

Жасадың дедің құлыным қадам тамаша,

Ізімдер жатқан, Мажитті туған топырақ,

Баурауға сені келеді деп ең шамасы.

 

Мекен ет ата Құранда айтқан жұмақты,

Дұға тілермін өзіңе дәйім тұрақты,

Ұрсатын едің миды ауыртасың сен осы,

Көп қоясың деп бабалар жайлы сұрақты.

 

Сен кеттің ата, өзіңсің басқа күн атқан.

Құтылдыңыз ғой мендегі сансыз сұрақтан,

Жаратқаным — ау бауырларым мен елімді,

Ендігі жерде қайғыға салып, жылатпан!

 

***             ***             ***

Пендеміз ғой, дүниеге беттедік пе,

Шүкір айтып бұл күнге жетпедік пе,

Кейде маған осындай ой келеді,

Бауырлар, біздер суып кетпедік пе?