15.03.2021, 16:12
Қараулар: 351
 » 
БАҒЫМСЫЗ МАЛ: БІРЕУГЕ – ТАУАР, БІРЕУГЕ – АЖАЛ!

БАҒЫМСЫЗ МАЛ: БІРЕУГЕ – ТАУАР, БІРЕУГЕ – АЖАЛ!

28 ақпан күні Алғабас ауылының тұсында Қаратөбе ауданынан келе жатқан жеңіл Volksvagen Passat автокөлігі жылқыға түйісті. Бір жолаушы қаза болды. Бұл көлік пен малдың бірінші рет соқтығысуы емес және шаруалар малын қадағалап, бағым ұйымдастырмаса соңғысы да болмайтын сияқты.

Кешегі аптада Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаев, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев және аудандық ветеринарлық станцияның маманы Әділхан Әлмурзиннен құралған топ Самара – Шымкент тас жолының Бұлдырты бағытына рейдтік тексеру жүргізді. Мақсат – жол бойында жүрген малдардың иелерін анықтап, ескерту беру, ескертуге құлақ аспаса, айыппұл салу.

Рейд барысында Жымпиты мен Бұлдырты бағытындағы жолдың бойынан еркін жайылыста жүрген 6 үйір анықталды. Жылқылар тоғай ішінде тұтасып тұр. Көлік ағылған трассаның үстіне атып шыға келсе, не болатынын елестету қиын.

ҚАРАУСЫЗ МАЛ – ҚАРАҚШЫНЫҢ ОЛЖАСЫ ӘРІ ЖОЛ – КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ СЕБЕПКЕРІ.

Рейдтік шаралар нені көрсетті? Нәтиже қандай болмақ? Осы сұрақтарды Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаев (суретте) мырзаға қойдық.

  • Мал бағымы – қай ауыл үшін де өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, жеке тұрғындардың малы бағымсыз, еркін жайылыста, ең қиыны – қараусыз жүр.

Қараусыз мал – қарақшының олжасы әрі жол – көлік оқиғаларының себепкері. Көліктердің малға соғылу оқиғалары көбіне Самара – Шымкент тас жолының бойында болады. Сырым ауданының үстінен осы халықаралық жолдың 190 шақырым бөлігі өтіп жатыр.

Мен сізге мына деректерді айтайын. Былтырғы жылы жануарларға көліктердің соқтығысуының 18 оқиғасы тіркелді. Әрине, көліктерге зақым келді, адамдар әртүрлі дене жарақаттарын алды. Бір жақсысы, адам шығыны болмады. Биыл ақпан айында таңғы сағат 7 – нің шамасында Алғабас ауылының тұсындағы қиылыста көлік жылқыға түйісіп, адам өлімі орын алды. Өкінішті жағдай.

2020 жылы 1 қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының №37 – 3 қаулысымен ауылшаруашылық жануарларын бағу туралы ереже бекітілді. Осы ережеде мал иесі түлігін бағуға міндеттелген. Бірақ, заң, ережесіз – ақ та адам иелігінде мал – дүниесін қоруға, қарауға, қорғауға міндетті емес пе?

Халық түрлі себеп айтады. Бақташы жоқ дейді. Қамап ұстайтын қора, аула жоқ деп қиғылық салады. Бұлар – ақтайтын себеп емес. Шаруалар бірінші малдың жағдайын жасау керек, сосын барып көбейту керек.

Осы оқиғалардың алдын – алу мақсатында Сырым аудандық полиция бөлімінің ұсынысымен 4 – 6  наурыз күндері Самара – Шымкент тас жолының бойындағы қараусыз малдар мен олардың иелерін анықтау мақсатында рейдтік комиссия жұмыс істеді. 3 күннің ішінде қадағалаусыз жүрген 9 үйір жылқы анықталды. 9 – ы да жолдың жиегінде жүр. Сол жерде 5 үйірдің иесін анықтадық, оларға малын бақпағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Айыппұл салумен іс бітпейді. Жылқыларды трассадан алыс аймаққа айдаттық. Қалған жылқылардың иелері қазір анықталу үстінде. Оларға да осы шара қолданылады.

Бұл жұмыстар рейд кезінде ғана емес, үнемі жүргізілуі керек. Комиссия тек анықтайды, фототүсірілім жасайды, округ әкімдігіне ұсыныс береді. Мал иелерімен негізгі жұмысты жергілікті учаскелік полиция инспекторлары мен округ әкімдері тұрақты жүргізсе дейміз. Тұрақты шара нәтижесін міндетті түрде береді. – дейді Кенжебек Қоспаев.

 

МАЛ «ҚАМАУҒА» АЛЫНАДЫ

 

Шынында да, «Тыныш жатқан жер жау шақырады» дегендей, қараусыз жүрген мал ұрының да көз құртына айналады. Жолға шықса, біреудің обалына қалады. Бағымсыз мал – біреуге тауар, біреуге ажал.

Аудандық полиция бөлімінің орынбасарының әкімдерге де айтары бар:

  • Әкімдердің қолынан көп нәрсе келеді. Біріншіден, бақташы тауып, ауылындағы малдың бағымын ұйымдастыруы тиіс. Екіншіден, иесіз жүрген малды қамайтын, яғни жануарлардың қозғалысын уақытша шектейтін орын даярлауы керек. Былай айтқанда, айып тұрағы. Оған әкімдердің толық құзіреті бар. Егер үй жануарлары бағымсыз, қараусыз жүрсе, округ әкімдері ҚР Азаматтық кодексінің 246 бабына сәйкес, малдарды қамап ұстайтын арнайы орындарға айдатып апарып, қамауға құқылы. Кейін мал иесі табылса, түліктерін «қамаудан» босата алады. Ол үшін қамау орынында малды бағылғаны үшін құн төлеп, әрі оған кеткен жем – судың шығынын өтеуі керек. Егер 6 айдың ішінде иесі табылмаса, мал мемлекеттің меншігіне өтеді. Шаруашылық иелері де егістігіне, шабындығына, жайылымына түсіп, шаруасына кедергі жасаған малды қамап қоя алады. Тек кейін аудандық полиция бөліміне хабар беруі тиіс.

Полиция бөлімінің басты мақсаты – заң ұсынған осы механизмді іске қосу.

 

АЙЫППҰЛ КӨЛЕМІ АРТПАЙ, ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНБЕЙДІ.

 

Халық малын бақпайды екен. Сол үшін айыппұл салынды делік. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408 бабы, 1 бөліміне сәйкес, малына ие болмаған адамға небәрі 4375  теңге айыппұл салынады екен. Ал енді ойлап қараңыз. Дардай қожалықтың иелері 4375 теңге тәубеге келтіреді ме? Жоқ. Олар мұндай айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмейді. Жауапкершілік сондықтан болмайды, заңсыздық сосын жалғасады.

Айыппұл көлемін арттыру керек. Бірақ, талап бәріне ортақ болмаған жөн секілді. Себебі, бір – екі сиырын баққан ауылдас үшін бұл қаражаттың өзі қалтасына кәдімгідей салмақ болуы мүмкін.

Сондықтан, «байдан – байша, кедейден – кедейше» дегендей, 408 баптың айыппұл мөлшері жеке тұрғындарға бөлек, шаруа қожалықтарына бөлек белгіленуі тиіс.

 

ЭЛЕКТРОНДЫ БАҚТАШЫ,

МАЛДЫ БАҒЫП, САҚТАШЫ!

 

Пайда көреміз деген малдан зиян көрудеміз. Бұл жайында Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Усағалиевпен (суретте) кездесіп, пікірін тыңдадық:

  • Полиция да, ауылшаруашылық мамандары да, әкімдер де біреудің малын бағып, қарап жүруге құлықты емес. Бұл мәселе мал иесін ойландыру керек. Округ әкімдері рейдтік шараларды ауылдық деңгейде қайталап, тәртіпке салу бойынша жұмыс жоспарын жүзеге асырса, артық етпейді әрине.

Бақташы табу қиын. Жылқыны бағу, оны иіріп, ұстау өте қиын. Қазір адам еңбегін ақылды технологиялар алмастырып жатыр. Соның бірі – электронды бақташы. Осы технологияны шаруалар арасында кең қолданысқа жіберу мақсатында, агроөнеркәсіп кешенінің шеккен шығыстарының бір бөлігін өтеу туралы қолданыстағы ережеге сай мемлекет электронды бақташы жабдығына демеуқаржы бермек ниетте. Малды бөгеуге арналған бойында электр тогы бар желінің 1 метрі 400 теңгеден белгіленген. Мемлекет, соның 25 пайызын субсидияламақ.

Электронды бақташы үш мәселені шешеді. Біріншіден – мал бағылады, екіншіден – мал ұрлығының алды алынады. Түпкілікті тосқауыл болады деп айта алмаймын, дегенмен себебі болады. Үшіншіден – жол қауіпсіздігінің сақталуына үлкен септігін тигізеді, ауылшаруашылық жануарларының жол – көлік оқиғаларына қатысуын азайтады деген үміт бар.

Сырым ауданында 28 шаруашылықтың жайылымы жолдың бойында орналасқан. Олардың иелігінде 3000 жылқы, 4000 сиыр бар. Есептеуімізше, Самара – Шымкент және Сырым – Қаратөбе жолдарының жиегіне осы малдардың 50% — ы шығады. Түсінік жұмыстарын жүргізуден кенде емеспіз. Біздер 28 қожалықтың әрқайсысының иесімен кездестік, жол қауіпсіздігі туралы ескерттік, жылқыларды түнде қамап, жарық уақытта жайылымға шығару, мүмкін болса электронды бақташыны қолдану жайында ұсыныс айттық.

Байқауымызша, сырымдықтар емес, малға ауданның үстімен өтіп бара жатқан жолаушылар көп түйіседі. Бұл жерде тиісті жерлерге ескерту белгілерін орнатпаған бізден де кінә бар шығар. Биыл халықаралық, ауданаралық жолдардың бойына 7 жылқының және 7 сиырдың макетін қойғымыз келеді. Дегенмен, макеттің аты – макет, малдың аты – мал. Ал, адамның аты – адам. Сақтықты адам ойлауы керек. – дейді бөлім басшысы.

АЙТАРЫМЫЗ ӘЛІ БАР

Тағы бір мәселенің беті ашылды. Алғабас ауылында көлікке түйіскен жылқының сырғасы жоқ болып шықты. Бұл – аудандағы бірдейлендіру жұмысының кемшілігі.

  • Жылқының сырғасы да, терісінің астында заманауи чип те болмады. Бұл мал иесін анықтау жұмысын 1 тәулікке созып жіберді. Бірдейлендіру ісінің салғырт жүруі – біздің қызметімізге айтарлықтай кедергі болуда. Мысалы, былтырғы жылы мал мен көліктің соқтығысуының 18 фактісінің 7 – еуінде мал иесі анықталмады. Себебі, мал сырғаланбаған. Бірдейлендіру жұмысы қатысты сынға аудандық ветеринарлық станция не айтады? Малды бірдейлендірмей, ауылдағы ветдәрігерлер немен айналысып отыр? Жоғарыда айтылған жағдайларға қатысты аудандық ветеринарлық инспекция шара қолданды ма? Ол мәселелерді келесі санға қалдырдық.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы