15.03.2021, 13:07
Қараулар: 175
 » 
«20 ҮЙІ БАР АУЫЛДЫҢ АТЫН ШЫҒАРҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ» НЕМЕСЕ СЫРЫМДА СЕРИАЛ ШЫҒАРУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

«20 ҮЙІ БАР АУЫЛДЫҢ АТЫН ШЫҒАРҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ» НЕМЕСЕ СЫРЫМДА СЕРИАЛ ШЫҒАРУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

ВАЙННЫҢ ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР…

«Күле білу – өмір, күлкі болу- өлім» деген аталы сөз бар. Осы сөздің бір көрінісі ретінде бүгінгі таңда сан түрлі Tiktok, Instagram  әлеуметтік желілерінде, Youtube беттерінде бірнеше секундтық жеңіл-желпі вайндар қаптап кетті. Жалпы «вайн» дегеніміз – түрлі тақырыптардағы әзілдерді көрсететін қысқа бейнероликтер. Әйтсе де «жеңіл-желпі дүние» дегенде көпке топырақ шашуға да болмас. Вайнның да естісі бар, есері бар. Содан әлеуметтік желілерден жылт еткен қысқа бейнеролик түсіріп жүрген «жерлестеріміз бар ма екен?» деген сауалға жауап таптық. Бар екен. Олар — өзіміздің Ақыраптың жастары. Иә, иә, Алғабастың қасындағы аядай Ақырап. Ақыраптық жастар жайында олардың Көгерістегі замандасы, жергілікті мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Мерей Меңжанов құлақдар етті.

Ең алғаш рет мектеп қабырғасында жүріп 2014 жылғы «Жайдарман» ойындарына қадам басып, кейіннен 2016 жылы аудандағы лигада ойнап жүрген «Ақырап 25» командасы жомарт жандардың бірі Әліби Қаршығаның демеушілігімен облыстың басындағы «Ақжайық Жайдарман» лигасынан бір шықты.  Сол жылы қолдаудың нәтижесінде премьер лигада жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылып, ал команда мүшесі Серік Абылай «Үздік ойыншы» аталымына ие болды.
Үздік өнер көрсетіп, алғашқы үштіктен көрінген жігіттер 2017 жылы жоғарғы лигада ойнап жартылай финалға дейін жетті. Мұнымен тоқталып қалмаған олар араға жыл салып Орал қаласында өткен  «Ақжайық Жайдарман» лигасында тағы бір мәрте бақ сынап көрмекке тәуекел етті. Бұл тәуекел табысқа жеткізді. Олар бас жүлдені қанжығалады.
«+ 1 Otbasy» —  ЖАС ЖАНҰЯНЫҢ ӨМІРІ ТУРАЛЫ СЕРИАЛ

Команда дегеннен гөрі «Ақырап 25 — ті» шығармашылық ұжым десек болғандай. Ұжымның кешегісі мен бүгіні жайында «Ақырап 25» тобының капитаны Ерлан Мнапимен тілдестік:
— Алғашқы қадамдарымыз есімізде. Мектеп қабырғасында жүріп, үлкен сахнаға тәй-тәй  басқанымыз күні кеше сияқты еді. Жеңіске де табандылығымыздың арқасында біртіндеп жеткеніміз біз үшін үлкен жетістік. Әрине, мұнымен тоқталып қалмаймыз. 2019 жылдан бастап құрамдағы жігіттердің толық болмады. Бірі әскерге кетті, енді бірінде өзге де себептер болды. Жаңа 2021 жылда жоспар көп, жаңалық та. Оның бірі Жайдарманның биылғы маусымына қарқынды дайындығымыз болса, екінші жаңалығымыз — кішігірім жобаны қолға алуымыз. Жобамыздың атауы — «+1 Otbasy».
Атауы айтып тұрғандай, күнделікті отбасылық өмірдің қызығы мен қиыншығы астарлы әзілмен әдемі көрініс табады.
Қазіргі таңда түсірілім жұмыстары мен монтажды өзіміздің Ақыраптың Алпамыс Қадырхан есімді досымыз жасап жүр. Видео Алпамыстың жеке камерасына түсіріліп, Youtube арнаға жариялап жүрміз. Әзірге небәрі 2 сериалын ғана түсіріп үлгердік. Түсірілім жұмыстары Орал қаласында өтуде. Құбылмалы күн райында Ақыраптан қалаға қатынау да оңайға соқпайды. Қаражаттың тапшылығынан кей кездері сценарийді өзгертіп, реквизит жағынан да біраз қиналғанымызды айтпай кетпеуге болмас. Актерлық құрамда жалғыз нәзік жанды Самал Серікқызы және Абылай Серік, Алпамыс Қадырхан, Ермұхан Айхын сияқты жігіттер бармыз. Әрқайсымыз әр саланың адамдарымыз. Бірақ, мақсат біреу- өзіміз туып-өскен ауылымызды, 20 үйі бар ауылдың атын шығарғымыз келеді. Бұл мақсатқа тек ақыраптық емес, Көгеріс жастарымен де бас қосып, тағы бір жаға жоба, ортақ жоба бастау да жоспарда тұр. Ол уақыт пен қолдаудың еншісінде, -дейді Ерлан замандасымыз.
Байқап қарасақ, Ерланның сөзінің жаны бар. Мұндай сценарий жазып, сериал түсіруді қолға алуымыз аудан үшін үлкен абырой емес пе?

Қасқырдың жесін – жемесін, қойды түгелдей тамақтайтын әдеті бар.

  • Қасеке! Бәрін жемейсіз. Жейтін бір – екі қойды ғана тамақтасаңыз болмай ма? Ысырап етіп, бәрін неге жарып кетіп жүрсіз? – дейді ғой біреу.

Қасқыр болса:

  • Пәлен қойды жарып кетті деген атақтың өзі қандай!? – деп мақтаныпты. Сол секілді, ұзын – сонар болмаса да, кәсіби болмаса да, сырымдық жастардың сериал түсіріп жатқанының өзі қандай?

Жайдарман болсын, басқа да байқауларда ауданымыздың жастары жүлделі орындардан көрініп, аудан атағын шығарса бәріміз «біздің ауданның жастары», «біздің жастар мықты» деп құр шөппен ауыз сүртіп қоямыз. Бірақ, көзге жылтыраған ол жеңістің, атақ –абыройдың артында қаншама үлкен еңбек жатырғанын елемейтініміз жасырын емес. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, өзіміздің ауданда қабілетті, туған жерге еңбек сіңіруге құлшынып тұрған жастарды неге қолдамасқа?!
«Патриоттық» ту мен найза көтеріп шабу емес, меніңше. Еліңді, ауылыңды сүю, оның атын танытуға ұмтылу да – патриоттық. Заманауи үрдіске ілесіп, оны өлкесін танытуға пайдаланған ақыраптықтар патриоттар емес пе?

Небәрі 12 млн-дай бюджет шығынмен кассалық түсімі шамамен 147 миллионды құраған «Жаужүрек мың баланы» түсірген Ақан Сатаевтардың ізін жалғаушылар осындай бастамашыл жастардан шығуы әбден мүмкін.
Олай нық сөйлеуімізге себеп, алғашқы жетістікке жетер жолын «КВН» ойындарынан бастаған, instagram парақшасында 1,5 млн оқырманы бар Нұрлан Қоянбаевтың өзі тірі мысал.
Қорыта келе айтарымыз, өзге облыстардың кішкене ғана ауылдарынан шыққан таланттар бізде де бар. «Өздеріне хайп керек болған шығар» деп айып таға салмай, «болам деген баланың белін» бекем буу керек.
Тым құрығанда бастан-аяқ қастарында жүрмеген мен техникаларын, камераларын алып беріп, реквизиттарға қаржылай көмек жасасақ жөн болмай ма?
Айтқандай, газетіміздің оқырмандарына ғана кішігірім сырмен бөлісіп қояйық. Жоғарыда Ерлан Мнапи алдағы уақытқа жоспарлары мен бөліскенде тағы бір жоба туралы тілге тиек еткен болатын. Ол жоба Орал қаласында емес, өзіміздің аудан орталығында түсіріледі деп күтілуде.
Жігіттерге жігер, тың серпін тілейміз! Жақсылықтан үміттеріңіз үзілмесін!

Айжан АМАНГЕЛДИНА