15.03.2021, 10:23
Қараулар: 175
 » 
ЖЫЛ БАСЫ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!

ЖЫЛ БАСЫ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!

14 наурыз – барша мұсылман жұрты үшін көрісу күні.
Бұл күнді ағайындар жыл басы, айтулы мереке ретінде қадірлеп, жастар қауымы ақ жаулықты әжелерге, қарияларға, жалпы жасы үлкен ағайындарға арнайы сәлемдесуге барып, амандық сұрасып, баталарын алады.

 


Міне, осындай қазақи дәсүрдің салты Сырым ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мемлекеттік қызметтің ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жымпиты ауылының тұрғыны Әнуарбек Ғалымовтың шаңырағында әуелден-ақ берік қалыптасқан.
Әнуарбек аға зайыбы Рауиламен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немерелер, жиендер қызығына кенеліп отырған өнегелі шаңырақ.
—       Жалпы өзім ежелгі дәстүр көрісу күніне бес жасымнан бастап куәгер болып келемін. Ауылда тұрған сәтімізде 90 жасқа толып, марқұм болған әжеме, шаңырақтағы аға, апаларыма таңертеңгілік ертемен тұрып, қос қолымды ұсына жүгіре сәлемдесетін сәтім әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты.
Елімізде 14 наурыздан бастап он күн бойына Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтіліп, тойланбақшы. Өте дұрыс. Ең бастысы елімізде тыныштық, береке, бірлік болсын. Қазақы салт-дәстүріміз лайымда жалғасын таба берсін,-дейді Әнуарбек аға риза көңілде.
Иә, 14 наурыз күні таңертеңгілік ертемен Ә.Ғалымовтың шаңырағына көршілері мен ағайындары, құда-құдағайлары, әріптестері болып көрісуге арнайы барып, Рауила жеңгей әзірлеген кең дастархан басында бастарын қосады.
Қазақы салт-дәстүр, бірлік, татулық деген осы болса керек, шіркін!

 

Мүсірбек ӘЛІБЕКҰЛЫ,
Суретті түсірген: Айжан АМАНГЕЛДИНА